Қазақстан Республикасының қолданыстағы «Білім беру» туралы заңында ұлттық және жалпы адамзаттық қазыналар, қазіргі жаһандану кезеңіндегі жеке тұлғаны қалыптастыру мен дамыту үшін жағдайлар жасау білім беру жүйесінің басты міндеті деп айқындалған.
Бүгінгі таңда жас ұрпақтың санасында ұлттық салт-дәстүрдің құндылын жоғалтпау қажет. Ол үшін ұлттық ойындарымыздың тәрбиелік мәнін одан әрі дамытудың маңызы зор. Өз басым бар саналы ғұмырымды білім саласына арнадым.
Дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жүріп, асық ойындарын дамытуға атсалыстым. Асықты қазақ халқы мал мен аңның сүйегі деп санамаған. Өйткені, асық жөнінде ежелден айтылып келе жатқан ырым-тыйымдар көп. Оны үлкендерден жиі еститінібіз. Тіпті, олар «Алты жыл аш болсаң да, асық мүжіме» деп кішкентай балаларға асық етін жегізбеген. «Қасқырдың асығын өзіңмен бірге алып жүрсең тіл-көз тимейді» дейтін. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрдің көбі төрт түлік малға қатысты.
Халқымыз асықтың қалай түсуін де сол төрт түлік малмен байланыстырған. Мәселен, шік – қой мен ешкінің, бүк –
ірі қараның, тәйкі – жылқының, алшы – түйенің баламасы ретінде қарастырған. Үйірілген асықтың түсуіне қарай, келешекте маусымның мал үшін қаншалықты тиімді болатынын болжаған. Асық алшысынан жатса, жоспарлаған ісің оңға басады деп ырымдаған. Асыққа байланысты ұлтымыздың наным-сенімі, ырымдары да көп. Қазір өскелең ұрпаққа асық ойындарын үйрету жақсы жолға қойылған. Ежелден келе жатқан бұл ұлттық ойын үлкен шығынды қажет етпейді, адамды ептілікке баулиды. Назарбаев Зияткерлік мектебі асық ойынын дамытуға барлық жағдай жасауда. Білім ордасында қосымша асық үйірмелері ұйымдастырылды. Ата-аналар комитетімен бірлесіп жарыстар өткізіледі. Өткен жылғы оқу жылынан бастап, ұлттық ойын мектеп бағдарламасына енгізілді. Асық ойыны жастарды спортқа баулиды, сондай-ақ, ұмытылып бара жатқан ұлттық ойынды қайта жандандыру мақсатын көздейді.
Оқушыларға бес асық, үш табан, хан талапай ойындарын үйретеміз. Кейін олар асық ату түрлерін жете меңгеріп өз шеберліктерін жарыстарда көрсетеді. Қорыта айтқанда, қазіргі асық ойынының кез келген түрі оқушыларды шеберлікке, шыдамдылыққа, сергектікке баулитын тамаша спорт екеніне қоғамның көзі жетті.
Тоқат ТІЛЕУБЕРДИН,
Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі.