Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Мұғалім күніне орай, Көкшетауда өткен салтанатты жиынға қатысып, білім беру ісінде өнегелі еңбегімен ерекшеленген бірқатар таңдаулы ұстаздарға марапаттар мен сый-сияпаттар табыс етті.
Салтанатты шараға дейін облыс әкімі облыс орталығында биылғы жаңа оқу жылында өз жұмысын бастаған «Mega Intellectual» жекеменшік мектебінде болып, білім ошағының материалдық-техникалық базасына, оқыту үрдісіне оң баға берді. Мектеп директоры Динара Жанәділованың айтуынша, мұнда тек бірінші сынып оқушылары ғана оқытылады. Сонымен қатар, даярлық сыныптары да бар. 50 орынға лайықталған мектепте қазіргі таңда 30 оқушы екі сыныпқа бөлініп, орыс тілінде білім алуда. Оқушылар сағат 8.30-дан 17.00-ге дейін оқиды. Мұнда факультативті сабақтар жүргізіліп, робототехника, жылдамдатып оқу, тіл дамыту, ментальды арифметика үйірмелері жұмыс істейді. Облыс әкімі бүлдіршіндерге оқуда табыс тілеп, мектепке ноутбуктерді сыйға тартты.
Ал, Мұғалім күніне арналған салтанатты жиында әкім барша ұстаздар қауымын төл мерекелерімен құттықтай келе, қашықтықтан оқыту жағдайында білім қызметкерлері жедел әрекет етіп, өз сабақтарын ойдағыдай ұйымдастыра білгенін ерекше атап өтті.
–Соңғы үш жылда білім саласына жұмсалатын қаржы 50 миллиард теңгеге өсті. Үстіміздегі жылы облыстың білім жүйесін дамытуға 127 миллиард теңге қаражат бөлінді. Үш ауысыммен оқытатын және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Осы жылдың соңына дейін Целиноград ауданында барлығы 1920 орындық 4 мектеп, Көкшетау қаласында 1320 орындық 3 қосымша оқу корпусы пайдалануға берілуі тиіс, – дей келе, Ермек Маржықпаев «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында облыста 114 мектеп ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізілгенін атап өтті.
Өз сөзінде Ермек Маржықпаев білім саласында қажырлы еңбек еткен ардагерлердің, «Үздік педагог-2020» республикалық байқауы жеңімпаздарының есімдерін мақтанышпен атай келе, бірқатар ақмолалық педагогтарға, білім саласы қызметкерлеріне «Халық алғысы» медалін, «Ыбырай Алтынсарин» және «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерін, сондай-ақ, облыс әкімінің Алғыс хаттары мен сый-сияпаттар тапсырды. Одан кейін педагогикалық еңбек ардагері Майра Қадырқызы мен Сандықтау ауданы Новоникольск орта мектебінің биология мұғалімі Рустем Василевич құттықтау сөз алды. Салтанатты шара «Ұстазым» әнімен өз мәресіне жетті.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың құттықтауы
Құрметті ұстаздар, білім саласының ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалім күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мұғалім күні – әрқайсымызға жақын, жарқын мереке. Өйткені, мұғалім болу – жай мамандық емес, қажырлы еңбекті талап ететін ауыр да жауапты міндет. Осы тұрғыда, біз өзіміздің ұстаздарымызды әрқашан ыстық ықыласпен еске аламыз.
Нағыз ұстаз өз шәкірттерін мектеп бағдарламасында қарастырылғаннан басқа, қосымша білім нәрімен де сусындатады. Сіздер оқушылардың бойына мейірімділік пен парасаттылықты, туған елге деген сүйіспеншілік сезімін сіңіресіздер.
Қазіргі заманғы әлем педагогтардан өмірдің жаңа ақиқатына тез бейімделуді талап етеді. Қоғамымызда үрдіс алған қашықтықтан оқыту форматы – уақыт талабы. Бүгінгі таңда онлайн оқытуды өмірдің бір қажеттілігі деп түсінуіміз керек. Осының бәрін өздеріңіз де барынша сезініп келесіздер. Қысқа мерзім ішінде біздің ұстаздарымыз үйреншікті емес жұмыс тәртібіне тез бейімделді.
Құрметті педагогтар!
Осы бір тамаша, атаулы күні ерен еңбектеріңізге зор алғысымды білдіремін. Әсіресе, бар саналы өмірлерін шәкірт тәрбиелеумен өткізген ардагер ұстаздарға ризашылығымыз шексіз. Әрқашан денсаулықтарыңыз мықты, өмір жастарыңыз ұзақ болып, отбастарыңыз береке-бірлікпен көркейсін. Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатуда жаңа биіктерден көріне беріңіздер!
Құрметті ұстаздар, қадірменді педагогика саласының ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мереке – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл баршамыз үшін аса қадірлі және жанымызға жақын мереке. Өйткені, бәріміз де ұстаздан тәлім-тәрбие алдық. Мұғалім болу оңай емес және өте жауапты міндет. Бізге еңбек, күш пен жан жылуын сіңірген барлық тәлімгерлерімізді өмір бойы ерекше ризашылықпен еске аламыз.
Мұғалім балаға өзін түсінуге, қабілетін ашуға, өмірде өз жолын адаспай табуға көмектеседі. Мектептің табалдырығын алғаш аттаған бірінші сынып оқушысы он жылдан кейін толыққанды және көп қырлы, өзіндік дүниетанымы бар тұлға болып өсіп шығады. Бұның бәрі мұғалімнің еңбегінің нәтижесі.
Қазіргі қиындықтарға қарамастан, ұстаздар білім сапасының жоғары деңгейін сақтауға, заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып, балалардың белгіленген оқу бағдарламасын толыққанды игеріп шығуына барыншы күш салуда.
Жас мұғалімдерге өзінің білімімен, біліктілігімен үлгі-өнеге болатын ардагер-ұстаздарымыздың орны ерекше. Бар өмірін бала тәрбиесіне арнаған олар әлі де қоғамдық жұмыстардан сырт қалмай, бай тәжірибелерін жастарға үйретіп келеді.
Құрметті ұстаздар, педагогика саласының ардагерлері. Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке-бірлік, еңбектеріңізге жеміс тілеймін!
Әсен Жақсылықов,
Ақмола облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы.
«Ұстаз – ұлағатты есім, қастерлі ұғым, киелі тұлға. Адамзат тарихында білімнің, өркениеттің мүддесі үшін қызмет етер ұстаздың еңбегі ерен. Сол үшін де қай қоғамда болмасын ұстазға көрсетілер құрмет ерекше.
«Алты алаштың басы қосылғанда ең мәртебелі орын ұстаздарға тиесілі» деп ұлт зиялысы Мағжан Жұмабаев атап өткендей, ұстаздың қадірін, мұғалім мәртебесін көтеру мәселесі қоғамда күн тәртібінен түскен емес. Осының арқасында елімізде соңғы жылдары сала қызметкерлерінің игілігіне бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Соның бірі – мұғалімнің мерейін өсіріп, абыройын арттыруға бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы. Қолданылғанына аз уақыт болса да заң қордаланған мәселелердің түйінін шешті, тиімді тұстарын көрсетті. Алдағы уақытта да маңызды құжат педагогтар мүддесін танытып, мәртебесін асқақтатуға қызмет етеді деп сенеміз.
Ұстаздай қадірлі мамандыққа мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, жан-жақты қолдау көрсетілуі құптарлық іс. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұғалімдердің әл-ауқатын көтеріп, жалақысын екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасы осының айғағындай. Ұлт болашағын тәрбиелеуші ұлағатты мамандық иелеріне қамқорлық көрсету қашанда өзекті. Бұл тұрғыда, педагогтардың кәсіби мүддесі мен еңбек құқықтарын қорғау салалық кәсіподақ жұмысының басты бағыты болып қала бермек.
Қадірлі әріптестер! Сіздердің әрқайсыларыңызға жарқын жетістіктер, ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ерен еңбектеріңізге толайым табыстар тілеймін. Отбасыларыңызға бақ-береке, шаңырақтарыңызға шаттық орнасын. Мейрам құтты болсын.
Айгүл Мұқашева,
Ақмола облыстық білім саласы қызметкерлері кәсіподағының төрайымы.