немесе өнер киесі
Сол күні үзіліп түскен моншақтай Жөкей көлі мөлдіреп тұнып жатты. Сайын сахараның төсіндегі бір шөкім жауһар тәрізді ме қалай? Майда толқындар бірін-бірі қуып, бірін-бірі аймалап мөп-мөлдір тамшылары күн сәулесімен шағылысып, көлдің бетіне уыстап шашып жіберген маржандай сәуле ойнайды. Үш жүзді әнімен қырған Біржан сал бабасының кір жуып кіндік кескен қасиетті топырағы ғой бұл. Кәдімгі тарғыл тасты қақ жарып өскен қайсар қарағай көкпен таласады. Ұйыса біткен бір түп бұтаның дәл ортасында құрқылтайдың ұясы. Ілкіден келе жатқан көне ұғымда құрқылтайдың ұясы қасиетті саналады. Ғайыптан тайып тауып алған адам тіршілігінде кенеусіз бақытқа тап болмақ, жолы оңғарылмақ, ойлағаны жүзеге аспақ. Жібек құрқылтайдың ұясын көріп кәдімгі қолға киетін жүн қолғап тәрізді өрнектелген жып-жылы ұяшық жасаған құстың шеберлігіне таң қалғаны бартын. Бәлкім содан ба?..
1940 жылдың қазан айында Еңбекшілдер ауданының Степняк қаласында дүниеге келген Жібек Бағысованың балауса көкірегінде жаңа ғана бүр жарған асыл арман биікке бастаған. Көпшілік қошеметіне бөленген, алқалаған өнердегі өрісті жол әуелі «Ботагөз» фильмінен басталады. Ол кезде өнер тылсымы тұңғиыққа толы беймәлім еді, тек ұлы өнерге деген құштарлық қана бар тұғын.
Әуел баста кино өнерінен басталған шығармашылық өмір 1959 жылы Талдықорған қаласындағы қазақ театр сахнасында жалғасты. 1960 жылы Қызылорда қаласына көшірілген театрдың құрамында нық орнығып, 40 жыл бойы өз көрерменіне қалтқысыз қызмет етті. 40 жыл. Айтуға ғана оңай, әйтпесе оның әр күні, әр түні шығармашылыққа толы болды.
Тынымсыз еңбек пен ізденімпаздықтың нәтижесі жиырма жетіге енді ғана жеткен талантты актрисаны Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атандырды емес пе?!
Жүректе өшпестей жатталған рөлдердің бірі ұлы жазушы М.Әуезовтың «Қарагөзі». Қарагөз әженің тәрбиесін көрген қыз. Әже тәрбиесі тұнып тұрған халықтық педагогика. Әрі сұлу, әрі ақылды, әрі мейірімді Қарагөзге ғашық болмаған жан жоқ. Әйтсе де оның жүрек қалауы Сырым. Сырым да өзгеден өнері асқан, ақылына парасаты сай ұлының бірі. Қос ғашықтың таңғы шықтай мөлдіреген пәк махаббатының жолына сан алуан кедергілер түседі. Өйткені, қазақтың көне дәстүрі бойынша бесік құда болып, сөз байласып қойған. Осы рөлді сомдау үшін Жібек қаншама толғанды. Ару бейнесі. Жай ғана ару емес, әр сөзі төңірегіне сәуле шашқан, ғажайып сұлулығы көрген жанның көзін арбаған, он бесінде туған айдай толықсыған мінсіз бейне. Ақыл қандай, кіршіксіз ары қандай. Жүздеген көрермен жүзін аудармай, ықылас қойып көретін қойылымның барысында ажарынан ай ыққан Қарагөздің мөлдіреген жанарын жасқа толтырар бойындағы буырқанған бұла сезімдерді жеткізе алар ма? Ұйқысыз өткізген түндер мен шығармашылыққа толы күндер өз жемісін берді. Қарагөз бейнесі толыққанды шықты. Көрген көрермен тәнті болды. Сахнадағы Жібектің шеберлігіне, актерлік асқақ бейнесіне.
Бүгінде қарап отырсақ Жібек сомдаған кейіпкерлерде әсірелеп айтсақ сан жоқ. Қазақ өнерінде кез-келген сахна – аруларына арман болған кейіпкердің бәрін сомдады. Соның ішінде тағы бір айшықты бейне Ш.Айтматовтың «Ана-Жер анасындағы» Әлиман бейнесі. Кәдімгі Толғанайдың келіні Әлиман.
–Бұл кісінің бейнесі, тағдыры өз анамнан аумайтын. Менің әкем де небары сегіз айлығымда соғысқа аттанған. Кейін асқар тау әкемнің орнына бір жапырақ қара қағаз келді. Біздің шаңырақтың басына түскен зілмауыр қайғы-қасірет солай жеткен. Мен әкемді көре алмадым. Әкем мені көрді. Өзі болмаса да аруағы санамдағы сарғайған сары тап сағынышқа оранды. Сахнаға әр шыққан сайын аруағына табынатын едім. Қорғауын, қолдауын сұрайтынмын. Өмірдегі бір өзегімді өртейтін өкініш болса, сол әкемді көре алмауым. Бірақ, ол менімен қатар жүрген сияқты.
Ел құсап басына құран оқитын зираты да жоқ. Артында қалған белгі де жоқ. Жоқ, бар екен ғой белгі. Ол белгі бізбіз. Менмін. Өмір бойы әкемнің атын арқалап, атағын шығарып келемін,–дейді Жібек, –міне, соғыстың оты шарпыған қызғалдақ гүлдердің қиын тағдыры менің жаныма жақын болатындығы сондықтан.
Жібек Бағысованың ел есінде қалған кескін-келбеті аз емес-ті. Дулат Исабековтың «Мұрагерлеріндегі» Салиқа, Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күндегі» Найман ана, Сайд Ахмадтың «Келіндер көтерілісіндегі» Фармон бибі, Шариф Хусаиновтың «Анамның ақ көйлегіндегі» Ана, Мар Байжиевтің «Тіл табысқандарындағы» Болдуқан, Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түніндегі» Таңқабике, Түнжер Жүженоглудың «Қар көшкініндегі» Бәйбішенің бедерлі бейнелері, орнықты образдары.
Дегенмен жоқ іздеген жолаушыдай өмір бойы елеңдеумен, алаңдаумен өтетін пенде-ғұмырдың арманы таусылған ба? Бір арманы Ұлпан еді. Ғабең жазған сұлу сөздің зергері кәдімгі Ғабит Мүсірепов замананың шаң-тозаңынан аршып алған Ұлпанның ұлық бейнесі. Ел мүддесін өз мүддесінен биік қойған, сол үшін де қыршын жастың енді қайтып оралмайтын алаулы-жалаулы кезеңін тәрк еткен, сол үшін Есенейдің егделілігіне де, тіпті бетінің шұбарлығына да қарамаған, өзін осы бір бетін шешек дағы ойрандап кеткен сұрықсыз, көріксіз кісі аймалап жатса да, сол түнін қараңғылық тұмшалаған тұңғиыққа баласа да, ағайыны ажарлы болса екен деп тіледі. Солардың таңын атыру үшін өзінің күнін батыруға дайын болды. Ел деген еменнің жапырағы бүр жару үшін өзінің балауса тамырын солдыруға бекінді. Мұндай қадам тек елдің Ұлпан сияқты ұлысының қолынан келетін еді. Міне, Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова осы рөлді сахнаға шығара алмағанына өкінеді.
Бүгінде екі дүркін Елбасының Алғыс хатын алған, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Жібек Бағысова Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының ақылшы әжесі. Ол баяғы өнер жолының алғашқы бастауында Жөкей көлдің жағасынан тауып алған құрқылтайдың ұясы тәрізді жып-жылы ұжым. Әр талшығы бір-бір адам. Өнер адамы Жібек апай болса елу жыл отасқан жан жолдасы Бұрхан ағаймен қол ұстасып перзенттерін тәрбиелеп, аялы алақанынан төрт келін түсіріп, немере сүйген, ел анасы Ұлпандай ақыл-кеңесін ақтарудан бір талмайтын абзал жан ол.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
ҚР мәдениет саласының үздігі.
Көрнекті театр сыншысы Бағыбек Құндақбайұлы:
– Облыс сахналарында қойылған спектакльдердің ішінде көркемдік тұтастық тауып, табысты болғаны – Қызылорда театрында ойнаған «Қарагөзі». Режиссер Мен Дон Ук трагедия сырын ұғып, шын мағынасында шығармашылық тапқырлық, ізденімпаздық көрсетті. Актриса Жібек Қарагөз бейнесін лирикалық жинақтылыққа көтерді. Ол ойнаған жас ару рөлінде ізеттілік, инабаттылық, нәзіктік басым. Ол дүниенің бәріне таңырқай қарады, оған бәрі де қызық. Жібек Қарагөзді сомдау арқылы өмірге, болашағына қызыға, кейде үрейлене қарайтын жанның нанымды сахналық бейнесі болып шықты, деп ой түйген.
***
Қазақстанның халық әртісі, Лермонтов атындағы орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Рубен Андриасян:
– Мен Жібекті Қарагөзді ойнаған кезінен білемін. «Қонақүйдің қожасындағы» Мирандалина тіпті ғажап. Ойнақы, жігерлі, сүйкімді, оның үстіне Жібектің пластикасы қандай. Жібек драманы да, трагедияны да, комедияны да ойнай алатын өресі биік актриса! Оның бойында табиғи сезімталдық, табиғи дарыны мол сирек кездесетін өнерпаз.
***
Қазақстанның халық әртісі, Өнер академиясының кафедра меңгерушісі, профессор Маман Байсеркенов:
– Жібек Бағысовамен Қызылорда театрында бес жылдай қызметтес болдық. Өте талантты актриса. Актерлердің көбі рөл шығаруда не комедия, не трагедияның бір қырынан аса алмайды. Ал, Жібек комедия болсын, трагедия болсын, лирика болсын бәрінен де жоғары өнер көрсеткен актриса.
***
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиева:
– Мен 60-шы жылдары мектепте оқып жүріп, Жібек апайдың өнерін таңырқай, тамсана тамашалап жүрдім. Алатын әсерім айтып жеткізгісіз ерекше болатын. Оңашада апай сияқты рөлдерді ойнап, түнде ұйқымнан оянатынмын. Жібек апайдың керемет ойнауының әсерінен мен де актриса болып кеттім.
***
Қазақстанның халық әртісі, Серік Шотықов:
– Жібек екеуміз екіжүз алпысқа тарта рөлдерде қатар ойнап, 40-қа жуық режиссермен жұмыс жасадық. Біз сондай үлкен мектептен өттік. Менің өз жиған тәжірибем өз алдына. Ал, Жібектің өнерінде үйренер тұстар өте көп.