Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс бабымен Көкшетау қаласының іргесінде жаңадан салынып жатқан облыстық жұқпалы аурулар орталығының құрылысымен танысты. Сондай-ақ, коронавирус індетін болдырмау және оның алдын алу жұмыстарының барысын нақтылап, осы орайда, алда тұрған міндеттерді ойдағыдай шешу үшін қосымша тапсырмалар берді.
Елімізде коронавирус індетінің екінші толқынына жаппай дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқандығы белгілі. Бұл дайындық індетпен күресуде біраз мәселені шешуі тиіс. Осы ауқымды шара шеңберінде біздің облысымызда да медициналық мекемелердің құрылысы қарқын алып, ауруханалар мен емханалар қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. Соның бірі – Көкшетаудың іргесінде жаңадан салынып жатқан облыстық жұқпалы аурулар орталығы дер едік. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан кейін Көкшетауда қолға алынған нысанның құрылысы қазан айының соңына дейін аяқталуы тиіс.
Облыс басшысы алдымен, осы нысанда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасы мен қарқынына назар аударды. Мердігер «Bi Group» компаниясының «облыстық жұқпалы аурулар орталығының құрылысы» жобасының жетекшісі Расул Сембаевтың айтуынша, жобаның құны 7 миллиард 185 миллион теңгеден асады. Жалпы аумағы 4,4 гектарды құрайтын 200 керуеттік нысан құрылысының 80 пайызға жуығы орындалған. Германия және Ресейден жеткізілген қазіргі замаңғы жабдықтар орнатылуда. 20 орындық жансақтау бөлімшесі және әр палатада бір орталықтандырылған оттегі стансасы қарастырылған.
– Құрылыс жұмыстарына 620 адам тартылып, үш ауысыммен жұмыс істеуде. Негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Енді ішкі әрілеу, жарық, су және жылу жүйелерін тарту жұмыстары жүргізілуде, – деп атап өтті Расул Сембаев.
Облыс әкімі нысанның ішін аралап көріп, облыстық тауарлар мен көрсетілегін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшыларынан нысанды алдағы уақытта тиімді де тұрақты пайдалану мәселесі, сондай-ақ, коронавирус індетін болдырмау және алдына алу жұмыстарының барысы туралы сұрап білді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 200 кереуеттік жұқпалы аурулар орталығының құрылысын бастап, аяқтауға жақынбыз. Бұл қазіргі заманға сай жабдықталатын медициналық мекеме. Нысан пандемия кезінде ғана емес, одан басқа уақытта да халықтың денсаулығы үшін барынша жұмыс істеуі тиіс, – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Сонымен бірге, облыс басшысы нысанда науқастардың емделуі үшін қолайлы жағдай жасалуын, дәрігерлер мен науқастардың туыстарының қатынауы үшін автобус бағытын ашу мәселесін де тапсырды. Облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина атап өткеніндей, қазіргі кезде өңірдегі медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектер мен препараттардың бес айға жеткілікті қоры жасалған. Жұмыс істеп тұрған станционарлардағы орындардың тек 15 пайызында ғана науқастар емделуде.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.