Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Желаяқ - АРҚА АЖАРЫ

Желаяқ

Бұл күндері 78 жаста болса да, әр күнін таңертең он үш шақырымға жүгіруден бастайтын Қайырбай Сәлімов ағамыздың 1997-2000 жылдар аралығында қатарынан төрт жыл Италия, Швейцария, Америка және Швецияда шаңғыдан ардагерлер арасында өткен әлем чемпионаттарына қатысып, отыз, қырық бес, елу шақырым қашықтықтарда небір майталман шаңғышылармен бақ сынап, сол жарыс жолдарында 80-100 қаралы адамның ішінен 23-25-інші болып келуі шаңғы спортынан да мықтылығын аңғартса керек.

Аға туралы бұл дүниемді неден бастасам деп толғандым. Бастайтын жайлар аз емес, дерек-дәйек те жетерлік. Ауылдағы тірлік әркімнің алақанында. Бәрін байқайсың, білесің. Біздің Ортақта бір-бірімізбен аттас үшеу едік. Қайырбай Ерғалиев ағамыз өмір бойы үкіметтің, елдің малын емдеді. Өзім де техникумда оқып жүріп, сол кісінің қол астында өндірістік тәжірибеден өттім. Артық сөзі жоқ, атымды да атамай, «адас» деуден танбайтын. Екінші аттас ағам – Қайырбай Сәлімов. Есейе келе білгеніміз, өзіміздің елден шыққан белгілі азамат. Аралары бірер жас сол толқынды Жаратқан ием өзі зерек етіп берді. Тельман Елубаев ағамыз Ташкентте, Бикеш аға Мәскеуде оқып, білім қуды, үлкен қызметтер атқарды. Ал, Қарағанды политехникалық институтының үздік түлегі Қайырбай аға Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатына жолдама алып, сонда өмір бойы инженер-металлург мамандығы бойынша еңбек етті. Алайда, оқуының арасында 60-сыншы жылдардың шақыруымен Теміртауда прокат құю цехында жұмысшы болған кезі де бар. Елбасын онда біле қоймаған. Бірақ, тағдыр тұңғыш Президентпен кейін институттың 3-інші курсында оқып жүргенінде жолықтырды. Нұрсұлтан Әбішұлы Теміртаудағы институттың кешкі бөлімінің 1-інші курсын бітіріп, Қарағандыға екінші курсқа оқуын жалғастыруға келген екен. Политехтағы арман-мақсаттары араларын кәдімгідей жақындастырып, таныс-біліс те болысты. Алайда, кейін Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен өзі тұратын Рудный қаласына, нақтырақ айтсақ, ондағы Соколов-Сарыбай комбинатына екі рет келгенінде, мүмкіндік болса да, сөйлесіп, тіл қатысудың сәті түспеді. Тіпті, комбинаттың 60 жылдығында, алдыңғы қатарда тұрған он ардагердің бірі – өзінің де қолын алғанында, әдеп сақтап, бата алмады. Солай бола тұра, көңілінің төрінде болашақ Елбасымен институт қабырғасындағы сол таныстығы өшпестей қалып қойғаны қалып қойған.
Кейде жазмыш қатарымызды беймезгіл селдіретіп жібереді. Осындайда оны да ойлауға мәжбүрсің. Осы Сәлім әулетінің қара шаңырағын ұстаған Әлімжан аға қандай ақжарқын жан еді. Інісі Сабыржан еңбек озаты атанып, тегін жолдамамен туристік сапарға шығып жүрді. Сол бауырлары мен кейінгі інілері Қайыржан, Нұржан да қатарынан суырылып шығып, шетте елдің бір бас көтерер азаматына айналған Қайырбай ағаны арқа тұтты, мақтан етті. Туған ауылы да күні бүгінге дейін шын тілектес. Жақсы аты ауызға алына қалса, үлкен-кішісіне дейін елең етіп, арқалана түседі.
Бертін әсіресе, жаңа ғасыр бедерінде ағамыздың осынау өркенді өмір өрнектеріне тағы не қосыла бастады деп ойлайсыз?! Адамның ерік-жігерін шыңдайтын, жаңа мүмкіндіктеріне жол ашып, денсаулығын нығайтатын спорттағы жетістіктері. Осы орайда да аттас ағаның жеңісі көбейіп, жақсы хабарларды құлағымыз шалған сайын әрі сүйсініп әрі бойымызды бір мақтаныш сезімі билеп, көңіліміз көркейіп қалатын. Оның үстіне сол Рудныйдың қызы Динаға үйленген Серік Өмірзақов сыныптасымыз да қайын жұртына барған сайын «о, менің Қайырбай ағам ана жарыста анадай орын алыпты, мына жарыста мынадай орын алыпты, шет елге барғанда алған медалін көрдім» деп төбесі көкке екі елі жетпей оралатын.
Мақтан тұтатын ағаның өзін біз де көрмейді емес, көріп тұратынбыз. Көкшетауда, ауылда көпшілік жиындарда. Әсіресе, осы күні жиілеп кеткен өлім-жітімде. Ниет болса, Қостанаймен екі араның алыстығы жоқ. Күлшікен тәтеміз, балалармен елдің, ағайын-туыстың қайғысына ортақтасып келіп қалады. Бірақ, ондайда амандық-саулықтан әрі аса алмайсың. Жайланып отырып әңгімелессе ғой деген тілек кейін сырғи береді. Сосын да кейінгі кезде бір ой пайда болған. Егер жұмыстан бірер күнге мұрсат алып, өзіміз барып, ауылдан шыққан металлург, спортшы ағамыз туралы бір мақала алып келсек ше?! Сол ойға бара-бара бекініп те жүргенбіз. Түбі солай болар ма еді, кім білсін. Бірақ, мына дегеніміздің беруін қараңыз. Осы жуырда ғана «Қайырбай аға Көкшетауға қоныс аударыпты, Жайлау жақтан үй алыпты» деген хабар қуантып тастасын. Дүйім ауылдастарын, соның ішінде аға туралы бір жазсақ қой деп жүрген бізді де, әрине.
Ағамыз осылай шетте жүріп, жасы келгенде еліне оралды. Туған жер топырағы тартып, өзінің Ортағына жақындап. Қарындасын да ағасы қиған ба?! Зейни, Ғайни, Роза бауырларына бас болайын деп. Содан көшіп келген күннің ертеңінде-ақ шыдай алмай, күн шықпай тұрып, қаланы айналып өтетін асфальт жолға түсіп, Бұқпа тауына қарай жүгіре тартып кеткен. Тосырқайтын бөтен жер емес, Рудныйда жүргенінде де көз алдынан кетпейтін таныс сурет, таныс табиғат аясы. Талай қашықтыққа сыр бермес тынысы да ашыла түскендей, талу білмес аяқ-қолына да күш біткендей. Туған жерге табан тіреген көңілі орнында. Жанары Көкшетауының әсем келбетімен түйіскен сайын Аллаға шүкірлігі шексіз.
Екінші өміріңе айналған, бір күн де есіңнен шығара алмайтын сүйікті ісің үшін не істемейсің? Мұндағы тұратын пәтерін де әдейі қазір осы жүгірген бетімен бір-ақ барып тоқтайтын, жоқ, тоқтамай әрі жүгіретін шаңғы базасына жақын жерден, қаланың шет жағындағы Жайлау шағын ауданынан таңдаған. Өйткені, бұл жақ тыныш, далаңқай, шаңғы базасымен екі ара таспа жол, қысы-жазы нағыз жүгірудің қолы. Үйінен осы араға дейін 2,5 шақырым жүгіріп келеді де, қарағай мен тал-терек көмкерген қалың бақ ішіндегі арнайы төселген жолмен тағы үш айналымды, яғни, 7,5 шақырымды артқа тастап, сол бір деммен шаршап-шалдығудан ада қалпы құлдилап кері тартады. Біздің өзіміз де аяулы желаяқ ағамызбен осы шаңғы базасында, «таңертеңгі жұмысының» үстінде кездестік. Кездескенде де, облыс спортшыларының жарыстарға дайындалатын орны болған соң, солармен көз үйретіп, қатар кетіп бара жатқан адасымызды бірден тоқтатып алып, қол алысар дәт жоқ. Тек айналым сайын бір-бірімізге елең ете түсіп, жылы ұшырай, амандасқан болып, қолымызды көтереміз. Бұл – тілектестігіміз бен сүйіспеншілігіміз, «жүгіре беріңіз, күтеміз» дегеніміз. Әне, осының астарында деннің саулығы мен дененің сымбаты жатқанын шағын бойында бір қырым артық еті жоқ қағылез, тарамыс денесі де білгізудей білгізіп барады. Теледидардан қара, жай көр, желаяқ спортшы дегендеріңіз осы ғой.
Ағаның осы қасиетін Көкшетауда алдымен Олжас деген жас жігітіміз аңғарып, ұялы телефонына түсіріп алып, инстаграмға салып жіберіпті. «Осы жуырда біз келетін шаңғы базасында керемет бір ата пайда болды. Беліне дейін жалаңаш қалпы күнде ертемен жүгіреді де жүреді. Бүгін жақын танысып, жасын сұрап едім, 78-де екен. Соған қарамастан, бұл кісіге күн сайын өзі айтқан 13 шақырымды жүгіріп өту түк емес сияқты. Сіздер де осы күнге дейін көптеген марафонға қатысқан ардагер спортшы Қайырбай Сәлімовты біле жүрсін деп әлеуметтік желіге осы видеоны жүктеп отырмын» дейді ол. Осылай ағамызды көкшелік жерлестеріне бірінші болып таныстырған Олжас та азамат-ақ екен.
–Атамыз мықты,–деп қояды бізге де күтпеген жерден осы арада кездесіп қалып. Сұрастыра келе білгеніміз, өзі де спортпен шұғылданып, күнде жүгіріп тұратын көрінеді. Осыны естігенде біздің ағамыз жүгіруді қалай бастаған екен дейсің. Әрине, өзіміз де ә дегенде әңгімені содан өрбіткеніміз, аға туралы бәрін бүге-шігесіне дейін біле түссек деген құштарлығымыздан еді.
–Біздің кезімізде ауылда мектеп шағын болды да, оқуымызды аудан орталығы Чкаловтағы интернатта жалғастырдық қой. Мен сол мектеп қабырғасында жүгіретінмін. Шаңғыны да жақсы көріп, жарыстардан қалмай жүрдім. Кейін комбинаттағы жұмысым да жүгірумен айналысуға ыңғайлы болды. Күнде төртке дейін істейміз де, үйге келген соң, 1-1,5 сағат уақытымды жүгіруге бөлемін. Сол кезде марафонға қатыссам, соны қалай бастасам деген бір ой пайда болды. Өзім жаздырып алатын «Советский спорт» газетінде осы спорт түрін жиі жазатын. Жеңіл атлетика жайында да арнайы кітаптар бар. Үзбей соларды оқимын. Не керек, екеуінің де бара-бара 20-25 шақырымға жүгіре бастауыма көмегі көп тиді. Содан 1988 жылы ақыры арман болған марафонды да бастадым-ау. Ленинградтың түбінде Александр Сергеевич Пушкин, яғни, орыстың ұлы ақыны туған Царское селосы бар. Сол селодан бастау алған 30 шақырымдық марафон қазіргі Санкт-Петербургтағы Қысқы сарайдың алдында бір-ақ мәреге жетеді. Алғаш марафоншы ретінде тұсауым сол жарыста кесілді. Қобалжуын қобалжығанмен, қатысушылардың орта тұсында сыр бермей, аяғына дейін жүгіріп өттім. Содан бері осы аталған марафонға барлығы үш рет қатыстым. Өз жасымдағылар арасында көрсеткішім әр жолы жақсармаса, төмендеп көрген емес. Мүмкіндік болып жатса, бұл жарысқа әлі де қатысудан бас тартпас едім. Жалпы, марафонның не екенін білу, оның қызығын бастан кешу үшін қалың ортасында жүруің не оны тікелей көзбе-көз көруің керек. Міне, сонда айтасың, марафон керемет деп.
Мына сөзі ағамыздың спорт падишасы – жеңіл атлетикаға, оның ең ауыр түрі – алыс қашықтықтарға жүгіруге шын берілгендігі, яғни, әбден оның фанаты болып алғандығы емес пе? Әңгімесін бір шетінен шерте отырып, енді 1990 жылы өзі қатысқан Мәскеу халықаралық марафонына (МММ) ойысты. Сол жылы бұл марафон 42 шақырым 195 метр қашықтыққа оныншы рет өткізіліп жатыр екен. Неге сондай қашықтыққа? Оны да ағаның өзі айтқан соң, бұрын бір жерден оқығанымыз еміс-еміс есімізге түскендей болды. Баяғыда гректер парсылармен соғысады. Әскерлерінің саны он есе кем болғанына қарамай, жеңеді. Сол жеңісті хабарлауға Марафон деген жерден грек жауынгері Афиныға жүгіріп жаяу аттанады. Сол сөзбен ақыры жетеді де, зорыққаннан құлап, жан тапсырады. Сөйтсе, екі ара өлшей келгенде тура жоғарыдағыдай, 42 шақырым 195 метр екен. Осы оқиға кейін 1896 жылы грек елінің астанасы Афиныда өткен тұңғыш жазғы Олимпиаданың бағдарламасына тап сол қашықтыққа марафонның да енуіне түрткі болады. Онда алаң иелерінің атлеті Спиридион Луис жеңіске жетіп, грек патшасының әмірімен ең жоғары атаққа қол жеткізсе керек. Өкінішке орай, марафон сол жолы Олимпиада бағдарламасына бірінші әрі соңғы рет енеді де, одан былай төрт жылда бір болатын бұл дүбірлі жарыстардан мүлдем сырт қалады. Яғни, бұл күнде ол Олимпиадалық спорт түріне жатпайды.
Бірақ, соның өзінде солай екен деп марафонның беделі онымен айналысушылар, ішер асын жерге қойып, құмарта тамашалаушылар арасында, титтей түсіп көрген емес. Маңызы, танымалдылығы мен тартымдылығы сол қалпында. Тәуекелді, шыдамдылықты серік етіп, алыс қашықтыққа аттанушыларды жанкүйерлер де неге болсын төзімді, жаны сірі жандар ретінде қатты бағалайды, нағыз ерлердей көреді. Түбі жан берісіп, жан алысатын осы бір спорт түрі де Олимпиада бағдарламасына қайта енеріне әлі үміттерін үзбейді.
Айтуына қарағанда, бүкіл ерік-жігеріңді шыңдайтын марафон менің Қайырбай адасымның да нағыз қолы болып алғалы, ақиқатында өмірінің бір мәніне айналғалы қашан. Бұған күні бүгінге дейін 60 бірдей марафонға қатысқаны дәлел. Соңғысы былтыр қыркүйекте өткен Астана марафоны. Әйтеуір, бәрін басынан бастаған екенбіз, енді әңгімені Мәскеуден бері өрбітелік. Әр жылдары жолы түскен Челябі, Свердловск (Екатеринбург), Қорған, Омбы, Миасс, Алматы, Ыстықкөл марафондары…
– Осы марафонның қызығымен бір Омбының өзінде 6-7 рет болдым,–деген сөзі де көп жайды аңғартпай ма? Ал, енді соларда көрсеткен нәтижелеріне келсек, тағы сүйсінесіз. Өзімен шамалас жастағылар арасында 35 рет бірінші орыннан, жиырманың әр жақ, бер жағында екінші орыннан көрінгені ол да өзінше бір мықтылық. Мақсатыңа жетіп, әрі асуың.
– Осының бәріне бабыңның қалай екені күнделікті жаттығулардан-ақ белгілі. Жеңіл жүгіруің – жеңісің. Жастау кезімде 42 шақырым 195 метрді 2 сағат 58 минутта еңсеретінмін. Қазір 4 сағат керек. Сонда сағатына 10 шақырым 700 метрді артқа қалдырып отырады екем. Әлі де тұғырымнан тайып тұрған жоқпын. Өзіме салса әлемдегі ең ірі Лондон, Токио, Берлин марафондарына да қатысар едім. Бірақ, ол мүмкін емес. Менсіз де оған дүниежүзінің түкпір-түкпірінен 55 мыңға дейін адам ағылады.
–Ал, сонда осынау нөпірден жеңімпаздарды қалай анықтап, қалай біледі? – дейміз барған сайын бізді де марафон додасы баурай түсіп.
–Чип іліп, электронды түрде анықтайды. Соңғы кездері біздің елде де 4-5 мың адам қатысатын ірі марафондарды көруге болады. Оған бір шеті ТМД елдерінен келеді.
Ағамен марафон, сосын шаңғы туралы әңгіме-дүкен құру бір ғанибет. Шаңғы деп отырғанымыз, қыста онымен де белсене айналысады. Бел ортасында жүрген соң екеуінен де көп біледі, көп айта алады. Әбден дерегіне де, тереңіне де бойлаған. Шаңғы жөнінде сәл кейінірек, ал, марафон дегеніңіз осы қамтығанмен бітпейін деп тұр.
Айталық, бірінші не екінші, үшінші жүлделі орындардың өз иесін күткен азды-көпті жүлде қоры бар. Қайырбай аға да кейде рубль, кейде теңгемен соған талай қол жеткізген. Қарап тұрсаңыз, Ақмола мен Қостанай облыстары бір-бірімен шекаралас, өзара тиіп тұр. Алайда, ол жақта марафоншылар көп те, біздің Көкшетауда жоқтың қасы. Қазір көршілерімізде 61 жастағы Сергей Поликарповқа ешкім тең келер емес. Ресейге барса болды, тек жеңіспен оралатын көрінеді.
–Сіздер білесіздер ме, бұл марафон дегеннің түр-түрі көп. Алты сағаттық, тәуліктік, үш тәуліктік марафон деген болады. Жартылай марафон тағы бар. Мен соның алты сағатына тәуекел етіп, осы уақыт аралығында 55 шақырым қашықтықты бағындырдым. Онда жасым 74-те еді.
Осылай деп бір тоқтаған Қайырбай аға енді әйгілі экстрим марафоншы, отандасымыз Марат Жыланбаевтың да Гиннестер кітабына енген бар жетістігін жіпке тізгендей жайып салсын. Оның Қарақұм мен Қызылқұм, Сахара, Австралиядағы Виктория шөлімен 60-70 шақырым жүгіріп барып жасаған рекордтарын айта келіп, түйген түйіні осының бәріне орасан дайындық, еңбек керек. Адам баласы алдына нақты мақсат қойып, сол жолда ерінбей тынымсыз тер төгетін болса, алмайтын қамалы жоқ. Сол Жыланбаев та көп жылдар Екібастұзда тұрды, марафонмен сонда айналысты. Қазір Елордамыздың тұрғыны.
Ал, енді аға туралы сөз төркінін бірден-бірге бұра түсіп, нағыз досы, атақты шаңғышымыз Иван Гаранинге де таядық. Ол шаңғыдан қазақ спортының біздің Владимир Смирнов, Владимир Сахновтан да бұрын топ жарған керемет дүлдүлі. Рудныйдың өзінде туып-өскен. Әуелде велосипед спортымен шұғылданады. Бірақ, кейін шаңғыға ауысады да 1976 жылы Австрияның Инсбург қаласында өткен ХІІ қысқы Олимпиада ойындарында Кеңес Одағы құрамасының сапында 4х10 шақырым қашықтықтағы эстафеталық жарыста күміс медальді жеңіп алады. Қайырбай ағаның айтуынша, бұл бір драматизмге толы эстафета болған. Бар мәселе өзінің кезегінде әріптесінен эстафета таяқшасын алтыншы болып алып, келесі біздің шаңғышыға үшінші болып берген Иван Гараниннің ерлігінде еді. Сол күннің кешінде жерлесімізге әдетте Олимпиада, әлем чемпиондары ғана алатын «КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері» атағының берілгендігі туралы хабар да келіп жетеді. Бұл әңгімесіне «Гараниндер аңыз ғой» дегенді де қосып қояды ағамыз. Осынау атақты спортшымен Рудныйда ұзақ жылдар бойы бірге жүгіріп, шаңғыны да қатар тепкен. Ақыры не керек, солай дос болып кетіпті.
–Ана бір жылы Швецияның Моро қаласынан ел астанасы Стокгольмге дейін корольдің өзі қатысатын 85 шақырымдық марафонда 4 сағат 33 минут уақытпен кім бірінші келді дейсіздер ғой. Осы біздің Гаранин! Бұл ардагер спортшыға жүгіру не, шаңғы не, екеуі де бірдей. Рудныйда күнде кездесетінбіз. Өйткені ол да, мен де жазда жүгіреміз, роликті конькиде жаттығамыз, ал, қыста тағы да шаңғы мен сол жүгіру. Кейде сатып алатын өз шаңғыма дейін осы Гаранинге таңдататынмын. Өйткені, бұл жағынан да одан асқан білгір жоқ.
Осындайда кенеттен сұрақ та туып кетеді. Содан шығар:
–Аға, шаңғыңыз нешеу? – деп қалдық.
– Үш пар роликті конькиім, бес пар шаңғым бар. Оның екеуі жарысқа, үшеуі жаттығуға пайдаланатын шаңғылар.
Бес пар шаңғы! Салауатты өмір салтына, спортқа мықтап ден қоюды осыдан-ақ аңғара беріңіз. Қайырбай аға осы жасында жүгіру, шаңғы тебу болсын, екеуімен де жөн аянбай айналысатын нағыз әмбебап спортшы. Манадан бері марафоншылық қырын айтып жатқанымызбен, шаңғыдан қол жеткізген жетістіктері тіпті зор. 1997-2000 жылдар аралығында қатарынан төрт жыл Италия, Швейцария, Америка және Швецияда ардагерлер арасындағы әлем чемпионаттарына қатысып, отыз, қырық бес, елу шақырымнан тұратын ұзын қашықтықтарда небір майталман шаңғышылармен бақ сынаған. Әрі сол жарыс жолдарында сыр бермей, 80-100 қаралы адамның ішінен 23-25-інші болып келуі осы спорт түрінен де мықтылығын аңғартса керек.
Иә, біз, жерлестері ағамыздың 80-ге таяған жасында осылай бәрімізге үлгі болып, жүгіру мен шаңғы тебудің небір сәнін келтіріп жүргенін мақтан тұтамыз.
–Осы күнделікті дағдыма биыл 35 жыл толды. Сонау 1985 жылы 43 жасымда бастағаннан бір қол үзіп көрген жоқпын. Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар да болады. Кейде бір екі-үш күн жүгірмей қалсам, сол күндерім босқа өткендей, әрең шыдаймын. Қазір осы шаңғы базасында 2,5 шақырымнан тұратын бір айналымды 16-17 минутта жүгіріп өтемін. Демек, күш-қуатымның барында әлі талай марафонға, шаңғы жарысына қатысамын деп ойлаймын. Айтпақшы, қазір осы марафон Қостанайда да қолға алына бастады. Кейінгі кезде мені не қуантады? Қарапайым халықтың, үлкен-кішінің салауатты өмір салтына, яғни, жүгіру мен жаяу жүруге көбірек мән бере бастағаны. Мұның бәрі біздің денсаулығымыз. Ал, ұлт саулығы – мемлекеттің саулығы. Осы тұрғыдан алғанда, түбі бір сондай марафон Көкшетауға да артық болмас еді,–деген ақжарма аға сөзімен де толықтай келісесің.
Жүрегі Көкшем деп елжіреп, туған жеріне көшіп келерде Қостанайдағы жұмыс орны, өзі білетін бүкіл спорт жұртшылығы қимай қоштасыпты. Енді ше?! Ұлы Сәкен елордамызда аудитор. Ал, белгілі инженер-металлург ретінде бар саналы өмірі сол Соколов-Сарыбайда өткен өзі, тіпті, зайыбы Күлшікен тәтеміз, осы күні ақарлы-шақарлы бір үй болып отырған қызы Гүлнәр, бәрі осы комбинатпен біте қайнасқан. Бір әулеттен үш бірдей адам еңбек еткен іргелі кәсіпорында жүрегінің бір бөлігі қалып бара жатқандай көрінгені анық. Бірақ, алда – осы үлкен өмірге қанат қақтырып, демеп жіберген туған жері! Ендігі ғұмырында оған да өтейтін парызы бар. Бұйырса, өзі талай додалардан жақсы білетін зеренділік Валерий Шаровтың жетекшілігіндегі ардагер шаңғышылар клубы мүшелерінің қатарында Қостанайы сияқты, Көкшетауының да намысын барын салып, талай қорғар.
Ортақтан шыққан менің желаяқ ағам сол үшін де ертемен туған жердің саф ауасын құмарта жұтып, өзінің бірқалыпты, үйреншікті мәнерімен сонау Бұқпа тауына қарай жеңіл жүгіріп бара жатады. Өйткені, бұл кісі үшін тынымсыз қимыл-қозғалыс күнделікті қажеттілігі, жан рахаты, өмірі! Осы бір жаңа жаттығулары мен марафондарына асық асыл адасымды алда да әлі өзі жүгіретін қисапсыз көп шақырымдар қол бұлғап, күтіп тұра берсе екен деймін!..
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.
Суреттерді түсірген Советбек Мағзұмов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар