Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Президент Жолдауында алға қойылған міндеттердің жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндап берді.
Ауыл шаруашылығы министрі өз сөзінде азық-түлік тауарларының 6 түріне өндірісті ұлғайту міндеті қойылғанын, келесі бесжылдыққа арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеу керектігін айтты.«Оның негізгі міндеті – ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамту. Бұл мәселе бойынша 2023 жылдың соңына қарай ішкі нарықты негізгі тамақ өнімдерімен толықтыруға мүмкіндік беретін негізгі тәсілдемелер айқындалғанын атап өткім келеді. Бұл шаралар бүгін Үкімет отырысында таныстырылды. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша ішкі нарықты азық-түлік өнімдерімен толықтыру жөніндегі кешенді жоспардың жобасы бір ай мерзімде мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, Үкіметке бекітуге жіберіледі»,– деді Сапархан Омаров баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, кешенді жоспардың көмегімен ауылдардағы 1 миллион тұрғынның табысын, сондай-ақ, еңбек өнімділігін 2,5 есе арттырып, өңделген агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын 2 есеге ұлғайту көзделген. «Бұл міндеттерді іске асыру үшін қолжетімді қаржыландыру, жер қатынастары, аграрлық ғылымды дамыту, саланы цифрландыру, ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ шикізаттың ғана емес, оның өңделген өнімдерінің де экспорттық әлеуетін дамыту мәселелері пысықталады. Осы бағдарламалық құжатты әзірлеуге беделді Халықаралық азық-түлік ұйымы (ФАО) тартылды. Ол БҰҰ Орнықты даму мақсаттарында көзделген азық-түлікті тұрақты өндіру және ауыл шаруашылығын жүргізу қағидаттары мен тәсілдемелеріне сүйенуді ұсынады»,– деді ол. Қазіргі уақытта жұмыс тобы құрылып, оның құрамы бекітілген екен.Негізгі құжат – Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасы әзірленгеннен кейін жұмыс тобының құрамы кеңейтіліп, кеңінен талқылау жүргізіледі. Министр өз сөзінде ауылдағы кооперацияны ынталандыру шараларын әзірлеу керектігін айтты. Қазір тек интеграцияланған зәкірлік кооперацияға баса назар аударылуда. Бұл дұрыс. Ірі өңдеуші кәсіпорындармен өзара іс-қимыл жасамай, ұсақ шаруашылықтың дамуы қиынға соғады.
Сондықтан, зәкірлік кооперациямен қатар, ұсақ фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтар бір-бірімен өзара кооперацияланатын көлденең кооперацияны да дамыту қажет. Кооперацияның дамуын ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялауда басымдық және жоғары нормативтер түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қолданылады. Мал шаруашылығын субсидиялау қағидалары аясында дайындалған ауыл шаруашылығы шикізатының құнын арзандату көзделген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін барлық салықтар бойынша 70 пайыз жеңілдікті көздейтін арнайы салық режимі жұмыс істейді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы кооперативтерге 6 пайыз мөлшерлемесі бойынша 7 жылға дейін жеңілдетілген несие беріледі.
Ауыл шаруашылығы министрі өз сөзінде аграрлық ғылымды дамыту және мамандар даярлау жөнінде айтты. «Бүгінгі таңда әлемдегі фермерлердің едәуір бөлігі білімнің жетіспеушілігінен күйреп барады. Бұл оқып, біліктілігін арттыру мүмкіндігінің жоқтығына да, жалпы аграрлық ғылымның дамуына да қатысты орын алуда. Осы түйткілді мәселелерді шешу үшін республикамызда агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін білім тарату бойынша қызмет көрсету тәсілдемелері қайта қаралды. Осы мақсатта Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы еншілес ұйымдарының құрылымы өзгерді. Қазір орталықты халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келтіру, бизнестің қажеттілігіне бағдарлау жұмыстары жүргізілуде. Ғылыми-зерттеу институттарының, тәжірибелік станциялардың, тәжірибелік-өндірістік шаруашылықтардың базасында 22 білім тарату орталығы құрылды.
Сондай-ақ тұрақты жұмыс істейтін консультациялық орталықтар ұйымдастырылады», – деді Сапархан Омаров баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемінің жеткілікті болуы қамтамасыз етіледі. Мәселен, биыл Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша алдағы 3 жылға 50,4 миллиард теңге сомасындағы жалпы қаржыландыру көлемін мақұлдаған. Бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен (21,7 миллиард теңге) салыстырғанда 2,3 есе көп. Бұл қаражатқа зерттеудің 10 басым бағыты (өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, ветеринария, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу және басқалары) бойынша 36 ғылыми-техникалық бағдарлама әзірлеу жоспарланған. Бизнестің отандық ғылыми зерттеулерге деген сұранысын қамтамасыз ету, кәсіби кадр тапшылығы проблемасын шешу үшін барлық қажетті нормативтік-құқықтық негіз жасалды.
Мысалы, екі ірі аграрлық жоғарғы оқу орны – Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті зерттеу университеттері мәртебесіне ие болды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады»,– деген министр ауыл шаруашылығында қазіргі заманғы технологиялар мен инновацияларды енгізу үшін экономикалық ынталандыруды әзірлеу жөнінде айтты. Бұл бағыт Ұлттық бағдарламаға енгізіліп, мемлекет тарапынан қаржылай қолдауға ие болады. Одан әрі ол ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға тартудың өзге де нысандарын әзірлеу жөнінде айтып, журналистер сауалдарына тұшымды жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.