Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сыланған сырлы Сандықтау - АРҚА АЖАРЫ

Сыланған сырлы Сандықтау

Биыл «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламаларының шарапатымен өңірлердің өңі кіріп қалды. Әсіресе, білім ошақтары, мектепке дейінгі мекемелер күрделі жөндеуден өткізіліп, тозығы жеткен жол жаңғыртылды.

Осындай адам жанын гүлдендіретін, сәтті істер кезек-кезегімен сабақталған оңды шаруалар табиғаты тамылжыған Сандықтау өңірінде де жүйелі жүзеге асырылуда. Ауыл ажары сыртқы әсемдіктің келбетіне өзгеше өңді салтанат үстеп, шырайы келген өңірдің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ынтымақпен ұйысып, ауыз бірлігін арттырып, ырысты еңбек етіп жатқан көпұлтты тұрғындарына тың серпін беруде.
–Биыл ауыз толтырып айтатын көптеген іс-шара жүзеге асырылуда,–дейді аудан әкімі Асқарбек Үйсімбаев,–аудан орталығындағы аурухана, мектептер жөнделіп, балалардың ойын алаңдары салынды. Әсіресе, көптен бері көңіл аударылмай келген ауылдағы мәдениет ошақтары қамқорлыққа алынып отыр. Ендігі бір мәселе аудан ішіндегі жолдарды жөндеу. Әншейінде Бурабай мен Зерендінің табиғи сұлулығы талайды таң қалдырады деп жатамыз. Ол рас. Бірақ, адам аяғы сирек тиетін Сандықтаудың тұмса табиғаты еш жерден кем емес. Ну орман да, суы таза, мөлдір көл де бар. Жетпей тұрғаны жол ғана. Егер жол салынбаса, қанша ажарлы, сұлу болса да жетуі қиын жердегі табиғат аясына ешкім туристерге лайықтап орын салмайды ғой. Жол салып берсек, туризмді дамытуға ат салыспақ болып білегін сыбанып отырған кәсіпкерлер жеткілікті.
Аудан әкімі айтса айтқандай, мәдениет саласында мәнді іс атқарылыпты. Соның бірі Мәдениет ауылындағы мәдениет үйі. Күрделі жөндеу жұмысына «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен 43008,0 теңге қаражат бөлінген. Конкурсты «KazDamuLeaders» серіктестігі ұтып алып, күні бұрын межеленген жоспарға сәйкес мәдениет үйінің ескі шатыры жаңасымен алмастырылып, қабырғасы қайта сыланған. Төбені де жаңа заман талабына сай әдемілеп қайта жауыпты. Тозығы жеткен электр желісі ауыстырылған, жарық беретін құрылғылар жаңасымен алмастырылған. Жұмыстың біршама сапалы атқарылғандығы көзге көрініп тұр. Көптен күрделі жөндеу көрмей, биылғы қамқорлықтың арқасында көп-көрім көрік беріліп, жұтынып тұрған мәдениет үйінің іші кірсе шыққысыз. Бұрынғы ескі еден енді керамогранитпен жабылған. Жаңа қазандықпен қоса, жылу жүйесі де жаңартылған. Мәдениет үйінің кіре берісі ауыл адамдарын өзінің тартымдылығымен шақырып тұрғандай. Осындай жұмыс Веселое селолық мәдениет үйінде де жүргізілген. Республикалық бюджеттен жоғарыда аталған бағдарлама бойынша 88744,5 мың теңге қаражат бөлініп, жұмысты «Даяна-сервис» серіктестігі атқарған. Бұл жерде де тозығы жеткен шатыр алынып, жаңа металл шатырмен көмкерілген. Мәдениет үйінің төбесі жылу шығармайтын жаңа материалдармен қапталып, қымталып, ішкі қабырғалар қайтадан сыланған. Төбе де жаңартылып, жарық беретін электр құрылғылары алмастырылған. Бұрынғы ескірген есік-терезе алынып тасталып, орнына суыққа шыдамды, ашылып-жабылуы оңай пластикалық терезелер орнатылыпты. Бұрынғы сықырлауық еден жаңартылған. Екі бірдей қазандық орнатылып, жаңа жылу жүйесі тартылған. Өртке қарсы сигнализация орнатылған. Мәдениет үйінің төңірегі тап-тұйнақтай етіліп жиналып, көзтартарлықтай абаттандырылыпты.
Балкашино селосындағы «Сарыарқа» мәдениет үйі де көркі көз тартарлықтай болып жаңғырып қалды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 14763,7 мың теңгеге бұрынғы ондулинмен қапталған шатыр жаңасымен жаңартылды. Мамандардың айтуына қарағанда, төбесі сапалы, жылы материалдармен мұқият қымталған. 8064,0 мың теңгеге мәдениет үйінің ішкі жылу жүйесі жаңғыртылды. Тозығы жеткен жылу батареялары жаңасымен алмастырылды.
–Ауыл тұрғындары мәдениет үйінің жөнделгеніне аса ризашылығын білдіріп жатыр, – дейді мәдениет үйінің экономисі Владимир Кнак, – біздегі барлық мәдени шаралар осы жерде өткізіледі ғой. Бұл жер ел ішіндегі сан шаруаға ұйытқы болатын, мемлекетіміздің ішкі саясатын бұқара халыққа жеткізетін орын. Сондықтан, жайлы болғаны жақсы. Жөндеу жұмыстары кезінде жергілікті алты адам жұмысқа тартылып, жалақы алып қуанып қалды. Ол да болса сеп.
Бұрын село тұрғындары тарапынан мәдениет үйінің суықтығы туралы шағым жиі айтылса, күрделі жөндеуден кейін мұндай кемістіктерге жол берілмейді. Ішкі әрлендіру жұмыстары да талапқа сай. Сахна да көз тартарлық етіп жаңартылған. Кіреберіс дәлізбен қосалқы бөлмелер де жөндеуден өткізілген. Мәдениет үйінің алдына шақпа тастар төселген. Қазір селодағы мәдениет пен өнердің алтын ұясы ұқыпты құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай ат шаптырым жерден көз тартып, менмұндалап тұр.
Аудан тұрғындары үшін аудандық орталық аурухананың күрделі жөндеуден өткізілуі айта қаларлықтай қуаныш болды. Бас ауырып, балтыры сыздағандар енді заман талабына толық жауап беретін кең де жарық ауруханада ем-дом алады. Аудандағы денсаулық сақтау саласында 37 дәрігер мен 173 кіші медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Аудан халқы жаман тұмау бас көтеріп, дүмеп тұрған кезде жан аямай жұмыс істеген ақ халатты абзал жандардың ақ адал еңбегіне дән разы. Дәрігерлерге де тәп-тәуір көмек көрсетіліп жатыр екен. Тұрғын үй алуларына 11 929 500 теңге көлеміндегі қаржы өсімсіз несие ретінде қарастырылған. Үш маманға 820,700 мың теңге көтермеақы төленіпті. Енді міне, сол дәрігерлердің адам жанының арашашысы болуына қолайлы жағдай туғызылып отыр. Қазір аудандық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарының соңғы түйіні жүзеге асырылуда. Аурухана ғимаратымен қоса көліктері тұратын орын да жөндеуден өткізілуде. Бұл мақсатқа «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша «Қазбайлық Астана» серіктестігімен арнайы келісім-шарт жасалып, 480 837,5 мың теңге қаражат жұмсалған. Аурухана ауласы көгалдандырылып, жаңадан асфальт жамылғы төселген. Ғимараттың шатыры жаңадан жабылған. Есік-терезе де жаңартылған. Балалар, терапия бөлімшелері күрделі жөндеуден өткізілді. Қазір бар жұмыс тыңғылықты атқарылып, аяқталып келеді.
Мемлекеттік бағдарламалардың жақсылық шарапаты мектепке дейінгі мекемелерді де қамтыған. Мәселен, аудан орталығындағы «Мирас» балалар бақшасына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 43 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Ауқымы мол жұмысты «ЕвростройсервисКөкше» серіктестігі тап-тұйнақтай етіп атқарып отыр. Олар алдын ала межеленген жоспар бойынша балалар бақшасының төбесін алмастырды, терезелер жаңартылды. Мекеме маңайындағы балалардың ойын алаңдары мен жолдар жөнделді. Барлық есіктер жаңартылды. Сонымен қатар, жылу беру жүйесі де жаңадан салынды. Екі қабатты ғимараттың қабырғалары қайтадан сыланып, оқтай түзу кейіпке енді. Электр қуатын тарататын жүйе де жаңасымен алмастырылды.
Жалпы, балаларға деген қамқорлық жалғыз бұл ғана емес, Балкашин селолық округі бұл бағытта айта қаларлықтай бірқатар шаруаны жүзеге асырып отыр. Селодағы футбол алаңын жөндеуге 12817777,28 теңге қаражат бөлініп, толық игерілді. Қазір аумағы ат шаптырым футбол алаңы село балаларының көз қуанышына айналған. Тағы бір балалар ойын кешені жаңғыртылғаны бұл орайдағы игілікті істің аумағын кеңейтіп отыр. Оған да 6 968 888,64 теңге қаражат жаратылған. Осы бағыттағы сөзімізді тағы да нақты дерекпен тірілте түсетін болсақ, бір ғана осы селода балалар алаңдарына әрқайсысының құны 471110,24 теңгені құрайтын төрт кешен орнатылғанын айта кеткен ләзім.
Аудандық кітапхана да мемлекет қамқорлығының арқасында сәулелі кейіпке енген. 1932 жылы салынған көне ғимаратты күрделі жөндеу үшін 19 миллион 680 мың теңге қаражат бөлініп, ішкі қабырғасы жаңадан сыланып, сырланып, әктелген. Терезелері жел өтпестей етіп бекітілген. Есік пен төбе жаңғыртылған.
–Отыз мың кітап қоры бар, – дейді кітапханашы Ханазия Қоянбайқызы, – жыл сайын газет-журналдарға жазыламыз. 400-ге жуық оқырманымыз бар, олар әсіресе балалар әдебиетін, тарихи-танымдық шығармаларды сұрайды. Жергілікті бюджеттен жаңа әдебиеттерді алуға қаражат бөлініп тұрады.
Аудан орталығындағы ахуал осылайша көз-көрім жақсарып қалса, шалғайдағы шағын ауылдардың өңі кіріп қалғандығын екпін түсіріп айта кеткен жөн. Мәселен, өткен жылы Бірлік селолық округіне қарасты Арбузинка селосында «Балапан» балалар бақшасы ашылған болатын. Сөз арасында бұл ауылдағы тұңғыш мектепке дейінгі мекеме екендігін еске салған ләзім. Ауыл тұрғындарына осындай қуанышты «1 май» серіктестігінің басшысы, белгілі меценат Магомед Абуевтың жасап отырғандығын ескерсек, мемлекеттік бағдарламалардың арқасында сәні кіріп, сәулеті арта түскен өңірдің өңінің жақсаруына жергілікті қалталы азаматтардың да үлес қосып отырғандығы белгілі болар еді. Қазір бұл елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде спорт алаңы салынған.
Міне осылайша туған елдің төсі мемлекет қамқорлығының арқасында қайта түлеп, айрықша әдемі кейіпке ие болып, гүлдене түсуде. Осындай қамқорлықтың арқасында табиғаты көрген жанның көзін сүйсіндіріп, көңілін тоғайтатын сырлы да нулы, сырбаз да салтанатты Сандықтаудың сайын даласы сәулеленіп, ажарланып келеді.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар