Осы бір халық даналығы ылғи да көкейімде жүреді. «Мен неліктен «Үздік ауыл әкімі» атағына лайықпын» деген сұраққа жауап беру үшін өзімнің әкім ретінде халқыма жасаған істерімді саралауым қажет. Яғни, өз-өзіме есеп беруім керек секілді. Негізі, мұндай бағаны бізге халық береді.
Мен әкім болып қызметімді атқарып жатқан Мәншүк ауылы шағын, халқы айрандай ұйып отырған, әркімнің өзі айналысатын шаруасы бар ауыл. Алайда, Кеңес Одағының соңғы және тәуелсіздіктің бастапқы жылдарындағы экономикалық тоқырау бұл ауылды да айналып өтпеді. Тозығы жеткен жолдар, қираған үйлер, өшіп қалған көше шамдары, үзіліспен берілетін су, үйсіз жүрген мамандар, балалар мен жеткіншектерге демалыс орнының жоқтығы сияқты ірілі-ұсақты проблемалар бар болатын.
Психологияда А.Маслоудың «Қажеттілік пирамидасы» деген ұғым бар. Адам жоғары деңгейде ойлап, рухани қызмет атқару үшін алдымен өзінің қарапайым табиғи қажеттіліктерін қанағаттандыруы тиіс, яғни, адамға жағдай керек. Осыны ескере келе, әкім болып тағайындалғаннан кейін бастапқы қолға алған шаруам – су мәселесін шешу болды. Таза су – тіршілік көзі. Алғашқы жылы-ақ ауылдың су құбырлары толық ауыстырылып, пластикалық құбырлар жүргізіліп, күні-түні өшпейтін, ағыны күшті сумен ауыл халқы толық қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда біз тұтынып отырған судың сапасы жоғары.
Халықтың жағдайын жақсартуды ойлағанда, әрі қарай «қажеттіліктер сатысы» өзінен-өзі шыға берді. Кеш түсті ме, бірден тас қараңғы болып, ауыл тегіс ұйқыға кеткендей болатын. Әсіресе, қыста оқушыларға үйге қайтуға қиын еді. Қолға алған келесі шаруа – осы көшелерді жарықтандыру болды. 2018-2019 жылдары ауылдың көшелеріне мемлекеттен аймақтарды дамыту бағдарламасы бо-йынша бөлінген қаражатқа шамдар ілініп, толық жарықтандырылды. Енді күн демей, түн демей халық барар жеріне қиналмай, қорықпай баратын болды.
Ауыл мектептеріне де, ауылдың өзіне де мамандар жетіспейтіні айдан анық. Сырттан шақырайын десең, бастапқы қажеттілік – баспана керек. Пәтерден пәтерге көшіп, әркімнің қас-қабағына қараған маман толыққанды кәсіби маман бола алмасы анық. Сол себепті, «BI Group» құрылыс холдингінің жеке инвестициясы тартылып, 2018 жылы мамандарға арналған бес пәтерлі тұрғын кешені салынды. Айта кететін жайт, жатақхана үлгісіндегі бұл жоба облысымыздағы, тіпті республикамыздағы бұрын-соңды болмаған тырнақалды жоба. «Ел болашағы білімді жастардың қолында» және «ауыл мектептерінің білім беру жағдайы қала мектептерінің білімімен тең болуы тиіс» деген еді Елбасы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында. Мектебімізге бәсекеге қабілетті педагогтар келе бастады. Жоғарыдағы қамқорлықтың нәтижесінде, білім беру сапасы артып келеді.
Келесі қолға алынған іс – ауыл жастарына арнап заманауи спорт алаңын салғызу болды. Ауылға тартылған инвестицияның арқасында ауданның үлкен ауылдарының көбінде кездесе бермейтін спорт алаңы салынды. Төсемі бар, сым темірмен қоршалған алаң балалардың кешкі спорт мекеніне айналды. Соның арқасында ауыл балаларының спортта айтарлықтай жетістіктері бар.19 округтің ішінен ауылымыз 8 орынға табан тіреді. Айта кететін жайт, өзім де спорт жанашырымын, жастарды ертіп, олармен бірлесе спорт түрлерін жандандырып келеміз. Мәселен, «Асық ату» және «Бес асық» ұлттық ойындарынан ауылымыз чемпион атанып, облыс, республика деңгейінде өнер көрсетуде.
«Бала – өмірдің гүлі» дейді халық даналығы. Бүлдіршіндер болашақта жан-жақты, жігерлі болып өсуі үшін бала күнінен өмірі қызыққа толы болу керек. Оны жасау – ересектердің міндеті. Мәншүк ауылында бүлдіршіндерге арнап ойын алаңы салынды, түрлі ойын-сауық әткеншектері орнатылды. Сондай-ақ, инвесторлардың арқасында ауылда балабақша салынды. Жергілікті «Мәншүк – АЭ» ЖШС өз қаражатына осы балабақшаны салып, қажетті құралдармен жабдықтады. Оның үстіне, балабақша мемлекет еншісіне тапсырылды. Бұл оқиғаны ауыл тұрғындары үлкен қуанышпен қарсы алды, бірқатар жұмыс орындары да ашылды. Қирап қалған ғимараттардың орнына салынған нысандар ауыл көркін ажарландыра түсті. Жоғарыда аталған серіктестік ауыл тұрғындарын жұмыспен, баспанамен қамтып отыр. Шағын маркет, тойханамызды да салып алдық.
Тек, Мәншүк қана емес, бір тасжол бойында жатқан бірнеше ауылдың бас ауруы болып келген облыстық маңызы бар, аудан орталығымен қатынасатын жолдың да тозығы әбден жеткен еді. Кеңес Одағы кезінде салынып, кейін қол тигізілмеген тас жолға былтыр су жаңа асфальт төселді. Енді бір жарым сағатта әрең жететін аудан орталығына халық жарты сағатта жетеді! Сондай-ақ, бұрын аптасына үш рет қана қатынайтын Нұр-Сұлтан – Мәншүк маршруттық көліктері жол салынғаннан кейін күніне 2 рет, демалыс күндері 3 рет қатынайтын болды. Ауылішілік жолдар да өз кезегін күткен болатын. Биыл реті келіп, ауылдың төрт көшесіне күрделі жөндеу жүргізіліп, асфальт төселді.
Әкімдерде бос уақыт жоқтың қасы, дегенмен де, демалыс күндері қолым бос бола қалғанда, өзіме қызықты істермен айналысамын. Ағаштан, ПВХ материалынан ойып, жонып бұйымдар жасау, сурет салу, ағашқа күйдіріп сурет салу, спорт, дәнекерлеу ісі секілді қызығушылықтарым бар. «Жас-тар жылы» аясында өткізілген «Болашақ жастар көзімен» байқауында жасаған үш макетім үздік деп танылды. Бұл байқауға өзім қатысып қана қоймай, ауыл жастарын да жұмылдырдым. Себебі, жастарға көңіл бөлу – ерекше іс, болашақтың қамы. Жастар бос уақытын өткізетін ауыл клубы күрделі жөндеуден өткізілді. Жастардың бастамасын қолдап, қолымыздан келгенше көмектесуге тырысамыз.
«Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, өлшеп, анықтап жасаған ісіміз оң болмақ. Алда жоспарлап отырған талай мақсат-міндеттеріміз бар. Алдымен, ауылішілік жолдардың жөндеуін толық аяқтау қажет. Оптикалық-талшықты кабель орнатып, ауылдағы ұялы байланысты жақсартып, 3G, 4G интернетін қосамыз. Жеке инвестиция тартып, тұрғындарға бірнеше қызмет түрлерін көрсететін нысан мен сүт фермасын салу жоспарлануда. Су тасқынының алдын алу мақсатында қыста қар тоқтату үшін ауылдың батыс жағынан жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызу көзделіп отыр. Жуырда «Ең үздік ауыл әкімі» байқауында Ақмола облысы бойынша бірінші орынға, ал республика бойынша жүлделі екінші орынға қол жеткіздім. Ауы-лымызды одан әрі көркейтуге қатысты жоспарларым көп. Бойда қуат, жастық жігер барда, оларды жүзеге асыру үшін бар күшім мен білімімді жұмсаймын.
Ғани ИСАЕВ,
Мәншүк ауылының әкімі.
Целиноград ауданы.