«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыру аясында Ақмола облысының мемлекеттік органдары азаматтардың өтініштерін сапалы және уақытылы қарауға ерекше ден қоюда. Осы мәселе Ақмола облысы әкімі аппаратының орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырған жиында кеңінен сөз болды.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өтініштерді қарау бақылау бөлімінің ескертулері мен ұсынымдары қаралды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалинов өтініш білдіруші азаматтармен үнемі кері байланысты қамтамасыз ету қажет екенін айтты. Өтініш иелерімен кері байланыстың болмауы олардың қайта шағымдануына себеп болып жатады.
– Мемлекеттік органдардың бұл саладағы жұмысы бірыңғай, үйлесімді, формализмсіз және артық қағазбастылықсыз болуы тиіс. Кез-келген мемлекеттік органға жүгінгеннен кейін өтініш білдірген азамат қанағаттанарлық жауап алуы, яғни, өз мәселесінің шешілу жолдары туралы түсінікті нақты ақпаратқа қол жеткізуі керек, – деп атап өтті Берген Беспалинов.
Жыл басынан бері департаментке 197 өтініш келіп түскен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге төмен. Аталған үрдіс ең алдымен, профилактикалық
іс-шараларды, оның ішінде Әдеп жөніндегі кеңестің және мемлекеттік қызметтерді ұсыну мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының алаңдарында алдын
алу шараларын өткізумен байланысты.
Сондай-ақ, департамент 38 азаматқа қабылдау ұйымдастырып, олардың 9-ын бейнебайланыс арқылы өткізді. Ал, барлық қабылданған азаматтар саны 110. Шағымдардың басым бөлігі жер қатынастары, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, сәулет, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету салаларына қатысты. Жиынның қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту, азаматтардың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін нығайту жөнінде ұсынымдар әзірленді.
Жазира ТОҚТАР,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы.