Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында қарттар айлығына орай, «Қарты бар үйдің, қазынасы бар» атты концерттік бағдарлама көрермендер назарына ұсынылды.
Мерекелік концертке Көкшетау қаласындағы қазына қарттарымыз арнайы шақырылды. Олардың құрметіне арнап театр әртістері өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, бұрын театрда қызмет атқарған зейнеткерлерге театр кәсіподағы атынан гүл шоқтары мен бірге ақшалай сый-сияпат жасалды.
Абай әндеріне папурримен басталған концертте Абайдың «Сегіз аяқ», Естайдың әні «Құсни Қорлан», Мұқағали Мақатаевтың «Шеше», Шәмші Қалдаяқовтың «Мама», тағы да басқа әндермен қоса, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі мен барлық театр әртістерінің орындауындағы Шәмшінің әндеріне папурримен аяқталды.
Сондай-ақ, концерттік бағдарламада ардагер ақсақал Кәрім Сұлтанұлы жүрекжарды лебізін жолдап, театр ұжымына ризашылығын жеткізді.
Асылай Қадырқызы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.