Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Пандемияның екінші толқынына дайындық - АРҚА АЖАРЫ

Пандемияның екінші толқынына дайындық

Көпсалалы Ақмола облыстық ауруханасының тері-венерологиялық орталығы мен Көкшетау медициналық колледжінің жатақханасында іске қосылатын жұқпалы-провизорлық, карантиндік стационарлар орталықтандырылған оттегі жүйесімен толық қамтылатын болады.

Бұл жөнінде аталмыш аурухананың бас дәрігері Нұрлан Жаров коронавирус пандемиясының екінші толқынына медициналық мекеменің дайындығы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Көпсалалы облыстық ауруханасы коронавирус пандемиясы наурыз айында елімізді дендей бастаған тұстан-ақ аталмыш індетпен күресті бірден бастап, оның тарап кетпеуі мақсатында жұмыс істеген болатын. Облыстың мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес тері-венерологиялық орталығы мен Көкшетау медициналық колледжі жатақханасының базасында жұқпалы-провизорлық, карантиндік стационарлар ұйымдастырылды. Наурыз-мамыр айларында бұларда 355 төсек орын ашылып, оның 255-і карантиндік, 100-і провизорлық бөлімшелер болды. Жұқпалы бөлімшеде індет жұқтырғандығы лабораториялық жолмен, ПТР тестімен анықталған науқастар емделсе, провизорлық орталықта індет белгілері бар адамдар болды, карантиндік бөлімшеде науқастармен қарым-қатынаста болғандар жатқызылды.
Жұқпалы-провизорлық, карантиндік стационарлар барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келіп, қала ішінде болса да, маңайындағы ешбір мекемемен шектесіп, қосылмайды. Арнайы бөлек кіретін бекеттері, желдеткіш жүйелері бар. Бір ерекшелігі, мекеменің әр қабаты орталықтандырылған оттегімен қамту жүйесімен жабдықталған. Реанимациялық блок 11 жасанды желдету аппараттарымен жабдықталып, стационар оттегі концентраттарымен, жылжымалы рентген аппаратымен жарақтандырылған. Қазіргі уақытта қуаттылығы минутына 300 литрді құрайтын оттегі концентратын сатып алуға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, ол сатып алу үстінде.
–Бірінші толқынның шарықтау шегі маусым-шілде айлары кезінде болып, күніне науқастарға 150-160 оттегі баллондары пайдаланылды. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған екі мекемені орталықтандырылған оттегімен қамту шаралары қолға алынып жатыр. Қараша айының соңына таман тері-венерологиялық орталық пен медициналық колледж жатақханасы орталықтандырылған оттегі жүйесімен толық қамтылатын болады. Оған арнайы станса құрылды. Жалпы, осы орталықтандырылған оттегі жүйесімен қамту үшін бюджеттен шамамен 100 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылды, – деп атап өтті бас дәрігер. Көпсалалы облыстық ауруханада індет дендеген кезде онымен күресуге 198 қызметкер жұмылдырылды. Олардың 38-і дәрігер, 86-сы орта медициналық қызметкерлер, 74-і кіші медициналық персонал.
Жалпы, 5 наурыз бен 15 қыркүйекке дейінгі аралықта жұқпалы-провизорлық, карантиндік стационарларда бас-аяғы 2040 науқас емделіп шыққан. Соның ішінде 257-сі жұқпалы, 934-і провизорлық, 849-ы карантиндік бөлімшелерде емделген. Індет анықталған науқастарды және олармен қарым-қатынас жасаған адамдарды стационарларға жатқызу үшін арнайы құрал-жабдықтары мен оқшаулау кабиналары бар көліктер пайдаланылыпты. Қазіргі уақытта стационарлар дәрі-дәрмек, оттегі концентраттары, залалсыздандыру секілді қорғаныс құралдарымен толық қамтылып, бірнеше айға жететін қор жинап алғандығы брифинг барысында баса айтылды. Пандемияның екінші толқынына дайын екендіктерін жеткізген бас дәрігер Нұрлан Жаров әлі де болса, дайындық жұмыстары күн сайын жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті.
–Жаман айтпай, жақсы жоқ, баршамыз да пандемияның екінші толқыны боларын жақсы білеміз. Әзірге уақытша жабық тұрған бұл стационарлар, қажет бола қалған кезде міндетті түрде қайта ашылып, науқастарды қабылдайтын болады. Дәрігерлер тапшылығы қашанда өзекті мәселе, оны ведомстволық басқарма шама-шарқы жеткенше шешіп жатыр. Биыл жоғары оқу орындарын тәмамдаған біршама жас мамандар қатарымызға қосылды. Қысқа мерзімде қайта біліктіліктерін арттырып, маманданып келген жастар да бар. Осылайша маман тапшылығын азайтып жатырмыз. Өткен толқындағыдай іссапармен басқа мекемелерден де қызметшілер жіберіледі. Көп қызметшілердің тәжірибелері қалыптасып қалды. Эпидемиямен күреске әзірміз, – деп сендірді сөзінің соңында Нұрлан Қайырұлы.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар