Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советовтың қатысуымен баспасөз конференциясы болып өтті.
Жиынға қатысқан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне департамент бастығы алдағы қысқы кезеңге дайындық пен жылу беру маусымында тұрғын үй секторларындағы қауіпсіздік шараларын күшейту туралы баяндады.
Алексей Советовтың айтуынша, облыстың әр өңірінде денсаулық сақтау нысандарының халыққа уақытылы жедел медициналық көмек көрсетуге дайындығы қамтамасыз етілген.
– Ауа райының күрт өзгеруі, қыс мезгіліндегі ықтимал төтенше жағдайлар туралы халықты, оның ішінде ауылдық округтерді алдын-ала бұқаралық ақпарат өкілдері мен СМС хабарламалар арқылы уақытылы хабардар ету бойынша іс-шаралар пысықталуда, – деді ол сөзінде.
Аудандық және қалалық сауда қызметтері кәсіпкерлік субъектілерімен азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды, ауыз суды жеткізу және қоғамдық тамақтандыру қызметтерін көрсету туралы 42 меморандум жасаған. «Сақтансаң, сақтайды» демекші, авариялық-құтқару автомобильдері, командалық-штабтық машиналар мен байланыс және жарық беру автомобильдері, жол талғамайтын көліктер сақадай сай тұр. Арнайы көліктердің жүріп өтуін қамтамасыз ету бойынша да шаралар қабылданған.
Сонымен қатар, департамент бастығы қысқы жылу беру маусымында тұрғындар арасында қауіпсіздік шараларын сақтау туралы тарқатып айтып берді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.