Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінде Әділет Серік есімді азамат жұмыс істейді.
Ол 2019 жылы өзінің еңбек жолын Астрахан ауданы №19 өрт сөндіру бөлімінде бастаған. Қазіргі таңда Көкшетау қаласы №10 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы лауазымында қызмет атқарып жүр. Еңбек жолын бастағанына небары екі жыл болғанына қарамастан, жас құтқарушы өз ісінің қыр-сырын түгелдей меңгеріп алды.
Әділет Серік 1998 жылдың 8 қаңтар күні Бурабай ауданының Мәдениет ауылында дүниеге келген. Ол 2015 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты Көкшетау техникалық институтының «Өрт қауіпсіздігі» мамандығына оқуға түсіп, 2019 жылы лейтенант шенін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Е.З. Тұрғымбаевтың қолынан алу мүмкіндігіне ие болып, білім ордасын үздік аяқтады. Ол жас болса да осы күнге дейін «Мәлік Ғабдуллин», «Рақымжан Қошқарбаев», «Қазақстан Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар Федерациясына 10 жыл», «Үздік студент-2018», «Үздік студент-2019» төсбелгілерімен марапатталған. Сонымен қатар, көптеген ғылыми мақалалардың авторы.
Институтта оқи жүріп, 2016-2017 оқу жылының үздік курсанты деп танылды. 2017 жылы өткізілген «Жыл студенті» номинациясы бойынша «Jas Aqmola» дәстүрлі облыстық жастар жүлдесінің иегері атанған. «Akmola Power» облыстық инновациялық жобалар және идеялар байқауының І орын иегері, «Жігіт сұлтаны» қалалық байқауының ІІ орын иегері, Қазақстан Республикасы ІІМ жоғары оқу орындары курсанттарының арасында өткізілген ең үздік ғылыми жұмыс байқауының ІІІ орын иегері атанды. 2018 жылы «Inhelp» мобильдік қосымшасын жасап шығару жобасымен «Startup Bolashak: Менің арманым» стартап жобалар ұлттық байқауы бойынша Астана қаласы байқауының жүлдегері.
Әділеттің санамалап айта берсеңіз, алған жүлдесі өте көп. Ол жастайынан алғыр, өз ісіне аса ыждаһаттылықпен қарай білетін талабы мол, болашағынан зор үміт күттіретін жастардың бірі. Шет тілін де жетік біледі. Мәселен, Қазақстан Республикасының ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті ұйымдастырған «Полиглот» сайысында ІІ-орынды еншіледі. Көкшетау қаласының мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң ұйымдастыруымен өткен «Тілдарын» қалалық олимпиадасында І-орын дипломанты атанды. Астана қаласында өткен «Enactus Kazakhstan National Expo-2018» Ұлттық байқауының ІІІ-орын иегері атанды. 2019 жылы Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінде ұйымдастырылған «Полиглот» сайысының ІІІ-орын иегері атанды. Шабуыл сатысымен оқу мұнарасының 4 қабатының терезесіне мінуден Ақмола облысының 2019 жылғы чемпионы атанды.
Сонымен қатар, халықаралық қауіпсіздік көрмесіне қатысып, инновациялық идеяларымен еліміздегі өрт қауіпсіздігі саласын жақсартуға зор үлесін қосуда. Өрттер мен төтенше жағдайларды барлайтын мамандандырылған квадрокоптер, қоғамдық ғимараттардан өрт немесе ТЖ кезінде шығуға арналған қосымша, Көкшетау қаласы №10 өрт сөндіру бөлімінің шығу ауданындағы өрт гидранттарының электрондық жүйесін, қарауыл бастығына арналған көмекші электрондық сайт жасап шығаруда. Қазіргі таңда әртүрлі сипаттағы өрттер мен апаттардың алдын алып, жою жолында еңбек етуде. Әділеттің мақсаты – болашақта еліне беріле қызмет етіп, Қазақстанның дамуына үлесін қосу, сөйтіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Көкшетау қаласының №10 өрт сөндіру бөлімі.
Суретте: жас құтқарушы Әділет Серік.