Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мизам шуағы төгіліп тұр - АРҚА АЖАРЫ

Мизам шуағы төгіліп тұр

Бүгін де мизам шуағы төгіліп тұрды. Бұл біздің бала кезімізде әжелерімізден естіген қоңыр күздің жаймашуақ күндерінің бірі. Жалпы, халық арасында қыркүйек айының соңғы күндері мен қазан айының ортасына дейін болатын шуақты күндерді «Мизам шуағы» деп атайды.

Ата-бабаларымыз ертеректе, айналадағы болып жатқан табиғаттың құбылысына қарап ауа райын болжап отырған. Соның бірі, күн ауып, кеш батқан сәттен бастап күн қатты суытып, жаңбыр жауып немесе түнде шөп басына шық түскен сәтті мизам шуағының уақыты келді деп болжаған.
Халық сенімі бойынша, бұл табиғаттың барша адамзатқа қытымыр қысқа дайындалыңдар деп ескертуі деп есептеген. Онымен қоса, түнгі уақытта болған суықтың ызғары, күн шыға салысымен бірден басылып, айнала күннің сәулесіне оранып, далада өрмекшінің торы секілді мамық ауада ұшып жүретін нәрселер байқалады. Сол мамық ұшпалы нәрсені қазақта мизам деп атайды. Мизам шуағы деп аталуының себебі де осында. Ал, кей жерлерде бұл сөз «мизан» деп те айтылады екен.
Оқырмандарымызға түсініктірек болуы үшін «мизам мен мизан» сөзінің мәніне қысқаша тоқталып кетсек. Мәселен, көркем шығармаларда, әртүрлі діни дастандар мен өлеңдерде жиі кездесетін «мизан» сөзі туралы не білеміз? Осы сауалды негізге ала отырып, аталған сөздің мағынасына талдау жасап көрсек. «Мизан» араб тілінде тарту, таразылау деген ұғымда қолданылады екен. Сондай-ақ, мизан сөзі араб тілінде «қиямет күні пенделердің осы дүниеде істеген жақсы, жаман әрекеттері үшін тартылатын таразы» мағынасында қолданылады екен. Расында, кез-келген дүние өлшенеді. Адамның да істеген әрбір амалы таразыланып, жақсылығы мен жаман­дығы өлшенеді. Осыған қарап оның мәңгілік мекені анық­талады. Демек, мұнда да мизан таразы өлшеу құралы ұғымында келеді. Айталық, түрік тілінде мизам сөзі мағыналық жағынан үйлесім­ділік тапқан. Оның
сипаты мынадай болып келеді. Теңгерім, баланс, теңестіру немесе әділеттілік, әділет, туралық. Мұндағы мағына да таразы, яғни, тең болу, теңесу ұғымдары әділ болуды меңзейді. Бұра тартпай, қашанда дұрысын, турасын, әділдігін айтудан туған. Мүмкін осындай қолданыстар тіліміздегі мизан сөзінің мизам болуына септігін тигізуі де әбден мүмкін. Бұл келтірілген мысалдардан көр­геніміздей екі сөздің де мағынасы бір. Қолданыстағы сипаты айтар ойға берілген мағыналарға сәйкес. Мұнда тек тілдік тұрғыдағы «м» әрпі мен «н» әрпінің алмасуы орын алған. Сөздің соңындағы «м» мағыналық өзгеріс туғызбай тек қана сыртқы тұлғасы жағынан ғана өзгеріске ұшырағандығы байқалуда.
Сонымен, өзім бала кезден естіп-білгенімдей, мизам шуағы уақыты кіргеннен бастап әйел адамдар тездете қыстық азықтарын дайындауға кіріссе, ер адамдар жинаусыз қалған егістіктерін жинап, отындарын теріп, қысқа қамдану осы уақыттан басталады екен. Ақсақалдардың айтуы бойынша, мизам шуағында ауа райы жақсы болса, күз суық болады, ал егер керісінше суық болса, қазанның соңғы күндері және қараша айлары құрғақ болады деп болжам жасап, ырымдайды екен. Міне, сол ырымдарға жете бойлай отырып, жылдың әр мезгіліне дайындыққа ерте қамданғанымыз абзал. Өздеріңізде байқасаңыз, алтын күздің әр күні жанға жылылық сыйлап, мизам шуағы төгіліп тұрғандай.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар