Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде Ұлттық кеңестің билік пен қоғам арасында сындарлы диалог орната алатын тиімді институционалды құрылымға айналғанын және оның мүшелері еліміз үшін маңызды шешімдер әзірлеп, солардың жүзеге асуына күш салып келе жатқанын атап өтті.
Қазақстан Президенті Кеңесте пандемияға қарамастан елімізді дамытудың өзекті мәселелері тұрақты түрде талқыланатынын, бірнеше маңызды бастама жүзеге асырылғанын, сондай-ақ, қазіргі таңда мемлекеттік саясаттың түрлі салаларын реформалауға қатысты жаңа ұсыныстар әзірленіп жатқанын айтты.
– Азаматтарымыз жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың игілігін келешекте емес, қазірден бастап көріп, сезінуі керек. Халықаралық рейтингтер маңызды болғанымен, халқымыздың әлеуметтік хал-ахуалына оның айтарлықтай әсері жоқ екенін түсінген жөн, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сөзінде ауыл әкімдерін сайлау мәселесіне қатысты елімізді одан әрі саяси жаңғыртудың, Парламентке және жергілікті өкілетті органдарға әйелдер мен жастарды тарту тетіктерін жетілдірудің маңызды екеніне тоқталды.
Мемлекет басшысы меншігінде мемлекеттің үлесі бар компанияларда басшылықтың 30 пайызы әйелдер болуын міндеттеу қажеттігі туралы Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсынысына назар аударды.
– Біз бұл бастаманы біртіндеп жүзеге асыру жолдарын қарастыруымыз керек деп ойлаймын. Мұндай қадам әйелдердің бизнес саласына деген қызығушылығын арттырады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент отандастарымыздың еңбек миграциясына қатысты мәселені де көтерді. Оның пікірінше, азаматтарымыз тіркелу кезінде, күнделікті тұрмыста және басқа да мәселелер бойынша әртүрлі қиындықтарға жиі ұшырайды.
– Мұның пайдалы қырлары да бар. Мысалы, бұл – біліктілікті арттыруға, жаңа іске машықтануға, өз кәсібін бастау үшін қажетті қор жинауға, жер көріп, ел тануға жақсы мүмкіндік. Сондықтан мемлекет өз азаматтарының, соның ішінде, шет елдерде жұмыс істеп жүрген адамдардың әлеуетін пайдалануға бар күшін салады. Үкімет осы мәселенің бәрін мұқият зерттеп, ұсыныс енгізуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент азаматтарымызды еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіруге қатысты ахуалды жақсартудың, көшіп келушілерге барынша қолайлы жағдай жасаудың маңызды екенін айтты. Мысал ретінде, Солтүстік Қазақстан облысын атап өтті.
– Мұнда көшіп келушілер үшін жаңа тұрғын үйлер салынуда, коммуналдық инфрақұрылым дамып, әртүрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есе, яғни, 35 айлық есептік көрсеткіштен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Серпін» және «Дипломмен – ауылға» жобаларын саралау қажеттігіне тоқталды. Бұл бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы нәтижесінде солтүстік өңір жастар үшін мейлінше тартымды аймаққа айналады.
Қазақстан Президенті білім беру жүйесіндегі мәселелерге арнайы тоқталды. Ол жоғары оқу орындарының ұйымдық құрылымын өзгерту жұмыстары бойынша тапсырма бергенін айтты.
– Көптеген жоғары оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Бұл ел ішінде әртүрлі әңгіме туғызуда. Сондай-ақ ірі мемлекеттік жоғары оқу орындары кейін жекеменшікке сатылуы мүмкін деген де күдік бар. Осыған орай ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындарының сатылмайтынын мәлімдеймін. Бұл мәселе айрықша назарда, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мектептердегі цифрлық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ, оқушыларды пандемия кезінде компьютермен қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталып, мектептерде сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралардың біртіндеп қабылданып жатқанын айтты.
Осы ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев мектепте білім берудің мазмұнына ерекше көңіл бөлді.
– Беделді халықаралық зерттеу қорытындылары біздің оқушылардың оқу сауаттылығы бойынша дағдылары жеткілікті деңгейде дамымағанын көрсетіп отыр. Сондықтан оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту еліміздегі орта білім беру ісінің басым бағытына айналуға тиіс. Баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы мектеп қабырғасында қалыптасу керек. Ал кітапхана оқушының сол ынтасын оятып, оны қызықты кітап әлеміне жетелеуі қажет, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының айтуынша, отандық кітапханалар өздерінің ағартушылық рөлін жоғалтпай, заманауи талаптарға сай болуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқығын қорғау мәселелеріне де назар аударды. Президент 2022 жылдан бастап ұлттық мониторинг жүргізу механизмін – Балалардың амандығы индексін әзірлеп, енгізу қажеттігін айтты. Индексті енгізу өңірлер бойынша түрлі салада балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық саясаттың тиімділігін бақылап отыруға мүмкіндік береді.
Президент ерекше мұқтаж жандарды қолдау мәселесіне де тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мемлекет осындай адамдар үшін инклюзивті білім беруге, кедергісіз орта қалыптастыруға, сондай-ақ, қолжетімді инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейтуге баса мән беріп отыр. Дегенмен, аталған шаралар ерекше мұқтаждығы бар адамдардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге әлі де жеткіліксіз.
Мемлекет басшысы адам саудасымен күрес мәселесін көтерді.
– Адам саудасына байланысты алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру және осы салаға қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау жөнінде нақты шаралар қабылдау қажет. Адам саудасы мен мәжбүрлі еңбекке душар болған барлық адамға, соның ішінде, шетел азаматтарына көмек көрсету керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық туризмді дамытудың маңызы туралы да айта келе, мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді дамытудың жоспарын үнемі жұртшылықтың талқысына салу үрдісін енгізу міндеттеді.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, алдағы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы саяси және экономикалық реформалар, цифрландыру, адам құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау және білім беруді дамыту, экологияны қорғау аясында өтуі керек екенін айтты. Бұл ретте, Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – Тәуелсіздіктің мәні мен құндылығын сезінуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті.
***
Анықтама үшін:
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғаннан бері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес мүшелерімен 24 ( 2019 жылы – 16, 2020 жылы – 8) кездесу өткізді. Сонымен қатар Ұлттық кеңес аясында жарияланған саяси реформалар топтамасы толығымен жүзеге асырылып, 7 заң қабылданды. Министрлермен онлайн форматта 8 кездесу өткізілді. Бұл тәжірибе жалғасатын болады.