Соңғы мәліметтер бойынша облыста қыркүйек айында 98 оқиға тіркеліпті, оның 55-і симптомды, 43-і симптомсыз. Қазір қазан айы әлі аяқтала қойған жоқ, бірақ облыста әлден 92 оқиға тіркелген. Әлі алда осы айдың бірнеше күні бар, күн де суытып жатыр.
Облыс аудандары бойынша тоқталсақ, жоғарыда аталған қыркүйек айындағы 92 оқиғаның 76-сы Көкшетау қаласында тіркелді, Бурабай ауданында – 12, Жақсы мен Есілде бір-бірден, Зерендіде – 2-еу. Осылардың 14-і індетке шалдыққандармен қарым-қатынаста болғандар.
Қазіргі уақытта облыста індет таратудың 61 ошағы анықталыпты. Оның 48-і отбасылар, 13-і жұмыс орындары мен оқу орындары. Мысалға алар болсақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында 7 адам жұмыс орнында індет жұқтырған, облыстық прокуратурада да бір ошақ анықталды, онда 4 адам жұқтырыпты. Білім мекемелері бойынша Көкшетаудағы №11 орта мектепте де ошақ анықталды. Осыған дейін Бурабай, Қорғалжын аудандары мен Көкшетау қаласының бір мектебінде вирустық пневмония індетінің ошақтары болған.
–Мұндайда мектептерде індет анықталған сыныпты және оларға сабақ берген мұғалімдерді бірден оқшаулап, карантинге жібереміз. Олардың барлығы 14 күн қашықтықтан жұмыс жасап, сабақ оқиды. Сонымен бірге, қазіргі уақытта шетелден келгендерге, әскерге шақырылып жатқандарға, медицина қызметкерлеріне ай сайын ПТР тестілеу жүргізіліп жатыр. Бұрын індеттің жұқтыруын тест арқылы ғана анықтасақ, бүгінде адамдардың өздері денсаулықтарына шағымданып келулерінің арқасында тез тексеріліп, анықталып жатыр. Медициналық мекемелерге жоспарлы түрде емге жатқызылатын адамдар да ПТР тестілеуден өтуде. Қазан айының алғашқы 20 күнінде 2908 адам тексеріліп, олардың 12-інен індетке оң нәтиже анықталды, – дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина.
Қазір адамдардың өздері ақылы тестілеуден өтіп жатыр. Шетелден келіп жатқандар бойынша қыркүйек айында 1039 адам келіпті, оның 4-еуінен КВИ анықталған.
Қазіргі уақытта облыста 6 зертхана жұмыс істеп тұр. Оның біріншісі ұлттық сараптама орталығы, онда қазір жаңа құрал-жабдық орнатылып, тәулігіне 1500 анализ тексерістен өткізілетін болады. Бұл медицина қызметкерлерінің жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді, Сондай-ақ, «Олимп», «Invivo» зертханалары, облыстық тубдиспансер коронавирусқа лабораториялық зерттеулер жүргізеді.
Қазіргі уақытта қоғамдық көліктерде көптеп індет жұқтыру анықталып жатыр. Әлеуметтік арақашықтық деген онда мүлдем жоқ. Осыны ескере отырып, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің қаулысы негізінде адамдар жұмысқа барарда және келерде автобустарды көбірек маршруттарға шығарылмақ.
–Ал, блок-бекеттерге келер болсақ, әзірше сырттан келген адамдар бойынша 4 оқиға тіркелген. Егер жағдай ушықса, оны да қарастырамыз,–дейді аталған департамент басшысы.
Жалпы облыста 21 қазандағы мәліметтер бойынша зертханалық жолмен анықталған 3579 оқиға тіркелген. Оның 1511-і симптомды, 2068-і симптомсыз. Қазіргі күні стационарларда 102 адам емделіп жатыр.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.