Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов: «Праймериз еліміздің саяси мәдениетін дамытудағы тың қадам болды» - АРҚА АЖАРЫ

«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов: «Праймериз еліміздің саяси мәдениетін дамытудағы тың қадам болды»

Тұңғыш рет елімізде «Nur Otan» партиясының партияішілік сайлауы аясында праймериз өткені белгілі. Онда жастар мен ел тағдырын шешуге атсалысатын азаматтар өз бақтарын сынады. Осыған орай, біздің өңіріміздегі партияішілік сайлаудың барысы туралы «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовпен сұхбаттасқан болатынбыз.Төменде осы сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

– Ғалым Мәдешұлы, алдымен праймериздің нәтижелері туралы, яғни, өңірімізде партияішілік сайлау қалай өткенінен толығырақ әңгімелеп берсеңіз?
– Праймериз – бұл біздің еліміздегі партия өміріндегі ірі қоғамдық және саяси науқан. Егер көрші мемлекеттермен салыстыратын болсақ, бірінші кезекте партияның әрбір мүшесіне, сонымен қатар, партияның құндылықтарымен және біздің бағдарламалық құжаттармен бөлісетін кез-келген партия мүшесі емес адамға қатысуға мүмкіндік беретін осындай демократиялық форманы енгіздік. Онлайн дауыс беру аяқталып, праймериз өз мәресіне жетті. Егер нәтижелер туралы айтатын болсақ, біздің облыстық партия ұйымы үшін қуанышты сәттер болды деуге болады. Мәліметтер бойынша, біздің облыстық партия ұйымынан дауыс беруге қатысқандардың пайызы өте жоғары, яғни, 91 пайыздан асты. Дегенмен, алда Атырау облысы тұр. Жалпы, облыста Сандықтау ауданының партия мүшелері жоғары көрсеткішке ие, одан кейінгі орында Жарқайың ауданы тұр.
– Партияішілік іріктеу барысында оған қатысушы адамдар арасында жоғары белсенділік барын байқадық. Өйткені, бұл праймеризге «Nur Otan» партиясының мүшелері ғана қатысты. Сонымен, партияішілік сайлауда қанша адам жеңіске жетті және қанша ақмолалық партия қатарына қосылды?
– Орынды сұрақ. «Nur Otan» партиясының партияішілік сайлауы болған соң, алдымен үміткерлер партия қатарына кіруге өтініш білдіреді. Біріншіден, дауыс беру барысында жоғары белсенділік танытқан партия мүшелерін атап өткен жөн. Екіншіден, біз кандидат ретінде қатысуға ниет білдірген партия мүшелерінің белсенділігін атап өтуіміз керек. Бастапқыда бізден 854 үміткер тіркелді, бірақ, кейін әртүрлі себептермен шамамен 27 адам өз кандидатураларын алып тастады. Сөйтіп, мәреге 827 адам келді. Ал, жалпы, облыс бойынша партия мүшелігіне жаңадан 400-ге жуық адам қабылданды.
– Праймериз кезінде туындаған қиындықтар болды ма?
– Жалпы, партия праймериздің барысына объективті қарап, болған барлық жайларды жоғары бағалағанын білесіздер. Бірінші күні бізде қиындықтар кездесті. Өйткені, ақпараттық жүйеге өте үлкен жүктеме болып, бәрі уақытында қолға алынып, шешімін тапты. Сөйтіп, праймеризге қатысқан кандидаттардың өтініші бойынша партияның орталық аппараты партияішілік сайлауды бір күнге ұзартып, дауыс беру әділ әрі сапалы түрде жүзеге асты.
– Кез-келген жағдайда жинақталған тәжірибе аяқсыз қалмайтыны түсінікті. Десе де, кандидаттарға дауыс беру нәтижелері қаншалықты дәрежеде өтті?
– Әлбетте, әрбір қазақстандықтың, тіпті, әр партия мүшесінің интернет арқылы праймеризді бақылау мүмкіндігі болды. Жағдайдың күн сайын қалай өзгергенін, кімнің алдыңғы қатарда тұрғанын және кімнің кейінге шегеріліп қалғандығын көріп отырдық. Сондықтан, демократиялық тұрғыда барлық партия мүшесі қатысып, өздерін көрсете алатындығы байқалып тұрды. Сөйтіп, нәтижелер шығарылған кезде қатысушылар өздерінің талап-тілектерінің әрқашан шындықпен сәйкес келе бермейтіндігіне де куә болды.
Праймеризге қатысқан көптеген партия мүшелері біздің өңірімізге бұрыннан танымал. Әдетте, бұл тәжірибесі мол, азаматтық белсенділігі жоғары адамдар. Бір сөзбен айтқанда, біздің облыстың, қалалар мен елді мекендердің қоғамдық өмірінде өз ойларын ашық айтып, нақты істерге қол жеткізіп жүрген қатысушылар. Кейбір үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларында ниеттерін батыл әрі айқын жеткізіп отырды. Осылайша олар өздері білетін, оларға сенетін және олардан үлкен үміт күткен адамдарға артықшылықтар берілді. Сондықтан, қатысқандардың көпшілігі саяси бәсекелестік тұрғыда үлкен тәжірибе жинақтады деп ойлаймын. Өйткені, олардың көпшілігі танылу үшін емес, құр сөздің жеткіліксіз екенін, нақты іс-әрекеттермен растау қажет екендігін түсініп, қорытынды жасай алды.
– Жалпы, праймеризге қатысуда әйелдер мен жастардың белсенді болғанын байқадық. Осы жағын тарқатыңқырап айтып берсеңіз.
–Праймериздің ең басты ерекшелігі, біздің елімізде гендерлік саясаттың дамуына өзіндік үлес қоса алғанында деп есептейміз. Сондықтан, біздің саяси жүйеде алғаш рет өткізілген праймеризде партияішілік іріктеуден өтуге зор мүмкіндік алған әйел азаматшалардың құқықтарына басымдық берілді. Олар үшін «әлеуметтік лифт» берілгендіктен, белсенділктері де жоғары болды. Жалпы, Парламент Мәжілісіндегі әйел депутаттардың үлесі 27 пайыз ал, мәслихатта 22 пайызды құрайды. Алайда, БҰҰ-ның даму бағдарламасы бойынша гендерлік теңдік деңгейі елдер рейтингінде 2019 жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстан Италия, Ресей, Бразилия, Грекия, Грузия, Чехия, Қытай және басқа да көптеген мемлекеттерден жоғары орналасып, 153 ел арасында 72-ші орынға тұрақтады. Партия өткізген праймериздің аясында, егер алдағы сайлауда партия жеңіске жетсе, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйелдердің өкілдігі айтарлықтай артатын болады. Елбасының тапсырмасы бойынша Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың партиялық тізімдерінде квоталар ескеріле отырып, әйел азаматшалар кемінде 30 пайызы орын алуы тиіс. Нәзік жандыларды билік органдарына біртіндеп тарту дәстүрін партия лидері Н.Ә.Назарбаев үнемі көтеріп келеді. Мәселен, қатысушылардың көпшілігі өте жас азаматтар деп айта алмаймын. Олар қазірдің өзінде жеке тұлға ретінде танылған және өмірде қандай да бір тәжірибеге ие болуы керек екендігін түсінген жандар. Бірақ, соған қарамастан, бәрі де қоғамдық жұмыстармен айналысып, белсенділік таныта бермейді ғой. Сондықтан, кейбірінің танымалдылығы кемшін түсіп жатқан тұстар болды, әрине. Десе де, олардың барлығы алдағы уақытта да өздерінің белсенді жұмыстарын жалғастырады деп сенеміз, өйткені, елі мен халқына өз пайдасын тигізу үшін депутат болу міндетті емес. Ең бастысы – өзінің сүйікті ісімен айналысып, өз функцияларын орындап, белсенді азаматтық позиция ұстану жеткілікті.
– Ғалым Мәдешұлы, өткен сайлаудың демократиялылығы мен ерекшелігі неде?
– Біріншіден, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдерге гендерлік теңдік аясында қолдау көрсетіп, жастарға өзін-өзі жүзеге асыруға мүмкіндік беру керек деді. Тиісінше, мәслихаттарды құру кезінде жастардың 20 пайызы, әйелдердің кем дегенде 30 пайызы мәслихаттарда болуы керек деген талап жүзінде бекітіліп қойылды. Праймеризге шамамен әйелдердің 39 пайызы және жастардың 30 пайызы қатысты. Партиялық тізімге енгендер алдағы уақытта дебатқа қатысып, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне, сондай-ақ, облыстық мәслихатқа үміткер болуға құқылы.
– Сонымен, партияішілік сайлау өз мәресіне жетіп, жаңа есімдермен толыққаны анық қой.
– Дұрыс айтасыз. Бүгінде көш бастап, көп дауысқа ие болғандардың арасында жаңа есімдер пайда болды. Меніңше, праймериз өте мағыналы және қызықты өтті. Праймериз өткізу арқылы еліміздің саяси өмірі жанданды. Екінші жағынан, ол еліміздің саяси мәдениетін дамытудың тағы бір қадамын көрсетті.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар