Жабал Ерғалиев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Денсаулық сақтау министрлігінің нұсқауын орындауға шақырды. Мемлекет басшысы өзінің Twitter парақшасында коронавирусқа қатысты жағдай көптеген елдерде нашарлағанын жазды.
Бұл алаңдаушылықты орынды деп санаймыз! Тағы да сол пәле! Тағы да сол-Коранавирус! Биылғы жыл басынан бері әлем бойынша тарала бастаған індеттің қаншалықты қауіпті екендігін ендігі арада айтудың да, түсіндірудің де қажеті жоқ қой деп ойлаймын. Өйткені, өзіміз білетін, өзіміз араласып жүрген не бір талай адамдар осы індеттен қайтыс болып кетті. Бәрі де иманды болсын!
Тағы да әлемде Коронавирус таралып, оның екінші толқыны ел-елдің, жер-жердің жағалауын шайып, келе бастады. Біздің Ақмола-Көкшетау өңірінде індеттің өсу жайы бар.
Бұл жайлы дәрігерлер айтып та жатыр. Әрине, бойды үрейге алдырудың қажеті жоқ. Осы індет таралғанда алғашында бәріміздің де абдырап, дәрменсіз болып қалғанымыз рас. Дәрі-дәрмек жетпеді, маска болмады, ауруханаларда орын жетпей, дәрігерлер де науқастарға көмек көрсетіп үлгере алмай жатты.
Ендігі жағдай басқаша! Үкіметтің және жергілікті билік орындарының жедел шара қолдануының нәтижесінде қазір бәрі де бар деуге болады. Дәрігерлеріміз де шыңдалып, тәжірибе жинақтап алды.
Тағы да бір жақсы жаңалық! Көкшетауда түрлі жұқпалы ауруларды емдеу бойынша су жаңа аурухана кешені тез арада салынып, су жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілді. Көзімізбен көрдік!
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың осы кешеннің жедел іске қосылуына орай жасаған амал-шараларына ризашылығымызды білдіреміз!
Көкшетаудағы сол су жаңа аурухана кешенінде күні кеше (30 қазан 2020 жыл) Үкімет басшысы Асқар Мамин болды, ол да жасалған істі көрді, жақсы бағасын берді!
Алайда немқұрайдылыққа салынуға болмайды! Бұл індет жас та талғамайды! Шен-шепкеніңе де, атақ-дәрежеңе де қарамайды! Сондықтан санитарлық қызметтің айтқанына құлақ асып, талаптарды қатаң орындауға тиістіміз! Ең әуелі әркім өзімізді, сонан соң өзгелерді сақтайық! Жауапкершілікті сезінейік!
Әлі де болса, жасырын өткізіп жатқан той-томалақ, түрлі шаралар бар! Құдай сақтар деп, көзді жұмып қоюдамыз! Осыған жол бермесек екен! Қазір осы ешкім де тойға, болмаса не бір шараларға шақырмады деп ренжімейді. Қайра шақырмаса екен деп отырғандай! Шақырғаннан соң қазақ «ҰЯЛҒАННАН БАРАМЫН, ЕНДІ НЕ ІСТЕЙСІҢ?» деп қиналып та қалады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір сөзінде «Біздің тойымыз әлі алда» дегені бар еді! Лайым солай болсын! Әйтеуір сақтанайықшы! Аман болайықшы!