Қазгидрометтің болжамы бойынша қараша айы жауын-шашынды болады. Республиканың солтүстік бөлігінде, шығысы мен орталығында көбінесе қар жауып, қарлы боран соғып, көктайғақ пен тұман түсуі жиілейді. Айдың бірінші жартысының ең суық күндерінде термометр бағанасы түнде – 10-23°C, күндіз – 2-10°C-ге дейін төмендейді. Суық ауа массалары жылыға ауысқанда термометрлердің бағаналары +5+12°С белгісіне жетеді.
Қазгидрометтің Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Б.Мақажанова:
– Ақмола облысындағы күз-қыс айларына арналған ауа райы болжамына тоқталар болсақ, биылғы жылдың күзі егін үшін жақсы болды. Қыркүйек айының орташа температурасы 11 градус жылы болғаны норма шамасында деген сөз. Жауын-шашын мөлшері нормадан 4 миллиметрге артық түсті.
Қарашада ауаның орташа температурасы – 4-6 градус болады, бұл облыстың оңтүстік-шығыс жартысында нормаға жуық, облыстың солтүстік-батыс жартысында нормадан 1°С жоғары екенін байқатады. Норма – 5-7 градус. Айдың бірінші жартысында ауа температурасы түнде – 3-8°С-ден – 8-13°С-ге дейін, күндіз 0, + 5°С-ден 0, -5°С-ға дейін ауытқуы күтіледі. Айдың үшінші онкүндігінде ауа температурасының түнде – 15-20°С, күндіз – 7-12°С-ге дейін айтарлықтай төмендеуі ықтимал. Жауын-шашын мөлшері, негізінен қар жаууы ай ішінде облыстың басым бөлігінде нормадан асып түседі деп күтілуде, ал, облыстың оңтүстік-батысында норма шамасында болады, – деген Бақыт Рысбекқызы, қараша айының екінші онкүндігіне ерекше тоқталып, айдың басы мен ортасында жиі көктайғақ болып, тұман түсіп, желдің жылдамдығы 15-20 метр секундқа дейін күшейіп, қарлы боран болжанатынын жеткізді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.