Желкесіне бұлттардың тұлым өріп,
Құстар қайтты Көкшеден күңіреніп.
Бір айналып, қия алмай шыр айналып,
Қош-қош айтып жатқаны – мұңына ерік!
Төбемдегі қаз – қаңқыл, тырна – тырау,
Құс жолында қаншама жүк жатыр-ау.
Қауырсындар, не деген ауырсыңдар,
Жеңілдік пе зіл-батпан мұңға шыдау!
Бұлт пен бұлтты жалғаған құстың легі – аспа көпір, қимастық үстіндегі!
Үшбу хатым секілді үшбұрышты,
Құстар көші пішінін үшкірледі.
Қабыршақ мұз құрсаулап жан-жағымды,
Тағдырға қарсы ұшпасым аңғарылды.
Топшысынан қайрылған көл бетінде,
Сыңар қанат қайтейін арманымды?!
Қуаныш ОСПАН