«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалы мен «Ақмола – адалдық алаңы» жобасының өкілдерінен құрылған Халықтық бақылау тобының мүшелері Аршалы ауданының Жібек жолы ауылы көшелеріндегі жол сапасын тексеруде. Тексеріске аталмыш ауыл тұрғындарының арыз-шағымдары арқау болған.
Тұрғындардың айтуынша, ауылішілік көшелердің жаңадан төселген жолының сапасы сын көтермейді. Асфальт төсендісі жарылып, шет жақ тұсы ойылып түсе бастаған. Сонымен бірге, жолдың ені тар, бұл көлік қозғалысына үлкен кедергі келтіруде. Осы мәселе бойынша «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалы мен «Ақмола – адалдық алаңы» жобасының өкілдерінен құрылған Халықтық бақылау тобының мүшелері аталмыш ауылға арнайы жұмыс сапарымен барды. Айтылған жолдың әр тұсынан зертханалық сынама алды. Зертхана қорытындысы бойынша жолдың сапасына қатысты нақтылы шешім шығарылатын болады.
Айталық, 2020 жылы республикалық жол торабы бойынша құрылыс және материалдар сапасына қатысты 74 нысаннан 598 сынама алынып, сараптама жүргізілді. Оның ішінде 556 сараптама нәтижесі талапқа сай болса, 42 сынама талапқа сай болмай шықты. Ал, жергілікті жол торабы бойынша 87 нысан тексерілді. Оның ішінде алынған барлық 1144 сынаманың 909-ы немесе 79 пайызы талапқа сай, ал, қалған 21 пайызы талапқа сай болмай шықты. Осы бағытта орын алған олқылықтарды жою жұмыстары жүргізілуде.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы»
облыстық филиалының баспасөз қызметі.