Сандықтау ауданында қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында бірқатар шаралар атқарылып, еңбек ардагерлері мен зейнеткерлерге құрмет көрсетілді.
Атап айтқанда, қарияларға арнап жеңілдікпен медициналық қызмет көрсету шаралары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 16 зейнеткер Щучинск-Бурабай курортты аймағы шипажайларына жолдама алды. Аудандық әкімдіктің қолдауымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, арзандатылған бағамен азық-түлік тағамдары сатылды. Егде адамдарға қамқорлық көрсетуге жастар белсенді үлес қосуда. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Бақытжамал Сейітжанова өз сөзінде курортты аймақта дем алып қайтқан зейнеткерлерді қарсы алғандарын айтты.
– Олар он күн бойы денсаулығын түзеп, табиғат аясында дем алды. Бұған тікелей көмек көрсетіп, демеушілік жасаған аудан әкімі Асқарбек Съезбекұлына өңір зейнеткерлері атынан алғысымды білдіремін, – дейді ардагерлер кеңесінің төрайымы бізбен әңгімесінде. Еңбек ардагері Вера Шулепова жоғары деңгейде ұйымдастырылған өз демалысының ұнағанын айтты.
– Әкімдік демалыс орнына жеткізуді және алып қайтуды ұйымдастырды. Шипажайда бой жазып, қуат алдық. Бассейнге түсіп, мен, массажбен, минералды сумен ем шара қабылдадық, – дейді ол. Ақмола облысында атқарылған барлық шара арнайы бекітілген жоспар аясында жүзеге асырылуда. Қарттарға көмек көрсетуге өңір кәсіпкерлері де өз үлесін қосып отыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.