Степногорск қаласында қуаты тәулігіне 48 мың текше метрді құрайтын Сопка-305 су тазарту нысанында жүргізілген жаңғырту жұмыстары аяқталып, тұрғындарға сапалы ауыз су беріле бастады.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жарты ғасырдан астам уақыт бойы пайдаланылып келе жатқан технологиялық жабдықты ауыстыру суды тазартудың орташа тиімділігін 47 пайыздан 75,3 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Құрылыстарды қайта жаңартуда неміс өндірісінің озық технологиялары қолданылды. Резервуарларды басқару торабы және мембраналық технологияға көшірілген сүзгі станциясы жаңғыртылды. Резервуарларға күрделі жөндеу жүргізілді. Сорғы станциясы салынды. Нысанның аумағы абаттандырылып, күзет пункті қойылды.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша кәсіпорында ауқымды апгрейд жүргізілді. Жұмыс құны шамамен 5,5 миллиард теңгені құрайды. Осыған қарамастан, 47 мыңнан астам тұрғыны бар өндірістік қала үшін тариф мөлшері өзгерген жоқ. 2018 жылы қолға алынған жоба толық жүзеге асырылғанға дейін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бақылауында болады.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.