Приречен орта мектебінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы және Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы құрметіне, Құрманғали Айтқожин атындағы бастапқы әскери және технологиялық дайындық кабинеті ашылды. Тағылымды шараға аудандық әкімдіктің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, аудандық білім бөлімінің, жергілікті атқару органының басшылары, мектеп ұжымы, Қ.Айтқожиннің туған-туысқандары, балалары мен немерелері қатысты.
Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Еркеш Әленов, педагогикалық еңбектің ардагері Тельман Мұқышев, аудандық білім бөлімінің басшысы Жангелді Уәйісов, Приречен орта метебінің директоры Мәриям Жетпісова шараға қатысушыларды мектеп жылнамасындағы айтулы күнмен құттықтап, бұл кабинеттің жас жеткіншектердің патриоттық тәрбие алуларына оң әсерін тигізетінін атап өтті.
Өскелең ұрпақ бойында қазақстандық патриотизмді, Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға, жеке тұлға болып жетілуіне оңтайлы әсер ететін кабинет көз тартарлықтай безендірілген.
Жеке стендте 1924 жылдың 10 қазанында Кеңөткел ауылында дүниеге келген Ұлы Отан соғысының, педагогикалық еңбек ардагерінің өмір жолы туралы деректер тәлім төгеді.
Жерлес жауынгер Қызыл әскер қатарында зеңбірек қаруының командирі лауазымын атқарған. Қ.Айтқожин батырлығы мен қаһармандығы үшін «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталып, Бас қолбасшының Алғыс хаттарымен атап өтілген.
Құрманғали Айтқожаұлы 1947 жылы Қарулы Күштер қатарынан босағаннан кейін – Зеренді аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, Зеренді аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерінде болды. Оның кейінгі қырық жылдық өмірі педагогикалық қызметпен тығыз байланыста болды. Қарағанды педагогикалық институтын үздік бітіріп, Чистополье ауданындағы «Барикада» совхозының орта мектебінде, Зеренді ауданы Қызылтаң орта мектебінде директор қызметін атқарды. 1967-1988 жылдар аралығында Приречен орта мектебінде Бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді.
Қ.Айтқожин ағамыз қызметтегі табыстары үшін бес мәрте «Еңбек үздігі», «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен бағаланып, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталды. Ол бірнеше рет селолық кеңестің депутаты, халықтық бақылау тобының мүшесі, Ардагерлер кеңесі төрағасы болып сайланды.
Ардақты ағамыз жұбайы, тыл еңбеккері, педагогикалық еңбектің ардагері Шолпан Сарықызымен жеті балаларын тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі өмірден өз орындарын тауып, мемлекетіміздің өркендеп, дамуына өздерінің айтарлықтай үлестерін қосуда.
Осынау тағылымды ұя алдағы кезде отансүйгіштік идеяларын шашып, болашақ ұрпақтың биік рухты азаматтары болып тәрбиеленуіне септігін тигізетіні айқын.
Қайрат ҚАЗИЯҚПАРОВ.