Коронавирустық инфекцияның алдын алу, диагностикалау мен емдеу, сондай-ақ, COVID-19 таралуын болдырмау мақсатында эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін медициналық қызметкерлерге әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 154,7 миллиард теңге бөлінді. Ақмола облысында бұл сома 6,3 миллиард теңгені құрайды.
2020 жылдың наурызынан қыркүйегіне дейін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ақмола филиалы осы мақсатқа 5,1 миллиард теңге төледі. 3,1 миллиард теңгені құрайтын шығындардың көп бөлігі эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан медицина қызметкерлерінің жалақысына төленетін сыйақылар.
– Денсаулық сақтау министрлігі және жергілікті атқарушы органдар коронавирустың екінші толқынына дайындықты жалғастыруда. Қор өз тарапынан коронавирус және пневмониямен ауыратын науқастарға көрсетілетін медициналық көмекке уақытылы төлемдер жасайды. Сонымен бірге, осы аурулармен ауыратын науқастарға міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан, медициналық көмек көрсетіледі, – деп мәлімдеді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ақмола филиалының директоры Әлия Жүсіпова.
Жалпы, биылғы жылдың наурызынан қыркүйекке дейінгі аралықта облыстың провизорлық және карантиндік ауруханаларындағы госпитализация-ны қаржыландыруға 1,7 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды, онда 2599-дан астам адам карантиндік оқшаулаудан және қажет болған жағдайда емделуден өтті. Осы кезеңде 2157 науқас жұқпалы аурулар бөлімшелерінде емделген. Сондай-ақ, үйде емделген стационарлық медициналық қызметке ақы төлеуге 145,8 мың теңге бағытталған. Осылайша аурудың жеңіл түрі байқалған яғни, өкпенің зақымдануы 30 пайыздан аспаған науқастар үйде ем қабылдайды. Учаскелік дәрігерлер олардың жағдайын бақылау үшін күн сайын қоңырау шалып, хабарласып, кем дегенде үш күнде бір рет бейнеконсультациялар өткізеді. Сонымен қатар, қажетті процедуралар қарастырылған. Егер науқастың жағдайы нашарласа, мысалы, үш-бес күн ішінде дене қызуы төмендемесе, ентігу мен тахикардия күшейсе, онда ол ауруханаға жатқызылады. Аталған қызметтер халыққа осы жылдың шілдесінен бастап қолжетімді болды.
Сол кезеңнен бастап мобильді топтар жұмыс істей бастады. Шілде мен қыркүйек аралығында аталмыш қордан олардың қызметтеріне ақы төлеуге 30,9 миллион теңге бағытталған. Дәрігер немесе мейірбике, кейде мамандандырылған маман кіретін мобильді топтар пациентті алғашқы тексеруден өткізе алады. Сөйтіп, оның жағдайының ауырлығын бағалайды. COVID-19 белгілері болған кезде ПТР анализі үшін материал алады, пульсоксиметрия жүргізеді және рентгендік немесе компьютерлік томографиядан өтуге бағытталған жолдамалық көрсетілімі болса, дәрі-дәрмектер тағайындалады.
Бүгінде ПТР диагностикасына 1 миллиардтан астам теңге бөлінді. Наурыздан қыркүйекке дейінгі аралықта өткізілген сынақтар үшін аталмыш қордан 312,9 миллион теңге қаражат төленіп отыр.
Медициналық сақтандыру қоры Қор төлейтін қызметтердің сапасын жақсарту үшін пациенттер шағымдар мен ұсыныстар бойынша 1406 байланыс орталығына хабарласатын болса, оларды Qoldau 24/7 мобильді қосымшасында қалдыра алатынын еске салады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.