Мұхамедия Жұмағалиев – 1950 жылы 11 қарашада бұрынғы Көкшетау облысы, Чистополь ауданына (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ.Мүсірепов атындағы аудан) қарасты «Жаркөл» кеңшарының «Теңдік» ауылында туған. Көкшетау қаласындағы облыстық мектеп-интернатты 1968 жылы бітірген. Сол жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1974 жылы тәмамдаған. Еңбек жолын бұрынғы Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде кіші әдеби қызметкер болып бастаған. 1974 жылдың қазан айынан бастап, 1988 жылдың қазан айына дейін республикалық «Жазушы» баспасының көркем аударма, поэзия редакцияларында кіші редактор, редактор, аға редактор болып қызмет істеген. Бұдан кейін Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясында аға ғылыми редактор, ғылыми және әдеби бақылау редакциясының жетекші маманы, Қазақстан Республикасы Экология және биоресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы комитетінде бас маман-аудармашы, «Өнер», «Балауса» баспаларында редактор, аға редактор қызметтерін атқарды. 2006 жылдан бері «Жұлдыз» журналы поэзия бөлімінің меңгерушісі болды.
Көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп келеді. Армян балалар жазушысы Хажак Гюльназарянның «Нағыз саяхатшылар» атты әңгімелер кітабын («Жалын», 1982), төрт суретті кітаптан тұратын орыс ертегілерін («Асыл кітап», 2009), орыс ақындары Леонид Кривощеков, Валерий Антонов, ұйғыр ақыны Абдулһай Рози, корей ақыны Мен Ден Үк өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Сондай-ақ орыс, эстон, қарақалпақ поэзиясы антологияларын тәржімалауға қатысты. Өзінің бірқатар өлеңдері жас ақындардың орыс тілінде жарық көрген ұжымдық жинағына (Разбег. «Жалын», 1986) енді. «Деген екен», «Майдан әзілдері», тағы басқа жинақтарды құрастырған. Ашхабад қаласында өткен туысқан республикалар жас ақындарының Бүкілодақтық VIII фестиваліне қатысқан.
«Айнала сәуле шашқан жарықсың ғой!..»
Көңіл көктемінің көгілдір көгінің кернейлеткен керуен көкжиегі кеңейіп, көркейіп-ақ келеді. Сол көркейген көңіл төрінде, тағы да сол көңілді көркейтіп тұрған бір жан баласы бар менде. Ол – Мұхамедия Жұмағалиев!
Тағдыр ғұмырдың бір-бірімен байланысып, одан әрі сабақтасып бірге өріліп, бірге тарқатылып келе жатқан қос бұрымындағы қос шолпының сыңғырынан әрідегі өмір сырын қайта бір естігендей боламын. Сол бір өмір сырын қайта естіген сәтте «Е, тәуба, біз де өлмей осы күнге жеттік-ау»,–деген оймен Жаратқан иемізге мың шүкіршілік айтарымыз тағы да бар.
Аңсадың сен де анаңды,
Анамды мен аңсадым, – деп Мұхамедияның ақын жүрегі тәтті бір мұңымен сөйлеп, соны өзі айтып тұрғанындай біздің екеуіміздің де көңіл кесеміздегі анаға деген сағыныштың мәңгі құрғап, мәңгі суалмайтын да, қайра жылдар озған сайын сол Ана сағыныштың мөлдіреп, шүпілдеп, тола да, толыса да түсер, сезім қылын мәңгі шертіп тұрар алаулы бір аңсарымен бірге жатып, бірге оянар ұқсастау келген жан дүниеміз және де бар. «Болмады менде басқалардай қос пана»,–деп тағы да сол ақын Мұхамедия жырымен баяндағанындайын, екеуміздің де анасыз да панасыз өткен тағдырымыз тағы да бар.
Сол міне, екеуміздің де сәби шағымыздан анасыз қалған қос тағдырымыз бірін-бірі паналап, түпсіз ой тереңінде бұғып жатқан жүрек мұңын сол қос тағдыр үнсіз ғана бірге жағалап, бірімізді-біріміз құлатпай, сүріндірмей, туған аналарымыз жетектей алмай кеткен армандарымызды бірге жетелеп, бір Алланың қолдауымен жетіліп келе жатқан сыңайлымыз. Шүкір, тәуба!
«Мұха»,–деймін мен оны! Осы бір ауыз ғана «Мұха» деген сөздің де, Мұхамедия Жұмағалиев атты азаматтың да бойына дарыған текті бір құдіреті мен қасиетін сезінемін. Құдіреті сол, Мұхаңа арқаңды тіреп, сүйенсең, ол демей де, жаның жыласа желей де біледі, жылыта да алады, мұң басқан жүрегіңді ойлардан арылта да, жадырата да біледі! Қасиеті сол болар, сол Мұхаңа адал көңіліңді ұсынсаң, ол сенің дүниеауи пендешілік ойлармен кірлей қалған кірпияз көңілің болса, ол өзінің Періштедей таза да ақ көңіл-ниетімен сол көңіліңнің кірінің де, кірбініңнің де түгін қалдырмайды, сыздаған жан жараңды жазып та бере алады. Жаныңда Мұхаң болса сол сәтте жаның айығып, көңілің тазарып, жүрек түкпіріндегі алаң да елең бұлттардан арылып та айығып, дүниеге жаңа келген сәбидей өзің де жадырап, жарқырап, мына айнала тіршілікке пәк сезімді көңіліңнің жарық жанарымен қарайтының тағы да болады. Айналамнан сырымды ашар тірі пенде таба алмай, кімге сеніп, кімге сүйенерімді тағы да біле алмай жүрген сәттерімде сол Мұхаңның періште көңілін сағынамын, таза да пәк жанын аңсаймын. Бауырына тығылғым келеді, кең құшағына енгім келеді.
Көз ашқалы көл–жасымнан, құрғамай,
Келеді әлі омырауым–өңірім, –деген ақын Мұхамедияның бір басының өз мұңы өзіне жетерлік-ақ! Бұған қоса сол ақын бауырымның мұңды көңілінің көліне тамшылап тұрар біздің де көңіл мұңымызды қоссаңыз, соның бәрін де, тіпті барша адам баласының мұң-наласын да Мұхаңның кішкентай ғана ет жүрегі сыйғыза білеріне қайран қаларыңыз бар. Содан да болар ол азамат ақын ретінде жүрегіндегі бар мұң-наланың әуенін күні бойы томаға тұйық жүріп, тыңдап, сезіне біледі де, түн баласы келгенде сол мұңымен сырласып, өзінің қаламын сол мұң-наланың сиясына малып, ақ қағазға жырымен өрнектеп ою салады, ұғар көңілге ой айтады.
Өмір мынау–
Түсірген төзімге жүк,
Көңілімде
Кірбің бар, көзімде – шық…
Өкінбес ем:
Сағымдай ертеңіме
Өзім жетпей,–
Жатса егер сөзім жетіп!–
деп сол жыр мұңын бүгіні мен келешегіне аманаттаған ақын Мұхамедияның көңіл төріндегі парасатты ойын жер-жаһанға оның өз жырлары ақ кептердің ақ қанатымен алып бара жатыр. Ақын досымның нәзік жанының сезімге толы сырлы жырларын алып, ұшып бара жатқан сол ақ кептер ғұмырдың қанаты талмасын, топшысы қиылмасын деп тілеймін әрдайым.
Өзекті өмірдің сортаңдау жерінің кермек дәмін тата жүріп, көгілдір Көкшенің көгілдір жазығында бүр жарып өсіп-өнген, бұл күндері қарт Алатаудың бөктеріндегі Алматының жыр бағында көктеп, бүр жарып гүлдеп тұрған ақын Мұхамедия Жұмағалиев мына тіршілік дүниенің бір сабақ гүліндей болып елестейтіні және де бар.
Бастайтұғын қияға болмады ағам,
Басатұғын ізімді болмады інім,–деп кей-кейде көңіл мұңын осы бір тұманды ойларға қаматып алар қайран ақынның туа бітті жалғыздығынан бұрын Мұхаң өзінің жан дүниесіндегі сезімі мен сезіне білу қасиетімен, ой мен ой толғай алар, былайша айтқанда ол өзінің сезімді ой әлемімен жалғыздығын қатты сезінетін сыңайлы. Ол қиналса, өзінің ой жалғыздығынан, сезім жалғыздығынан, дүние жалғандығынан қиналар сыңайлы. Жанының қиналатыны да сол!
Түлер күні,–үгілдім,
Түнерді түн,
Түңілдім.
Түндігінен аспанның
Тұңғиыққа үңілдім!..
Міне, түлер күні көңіл аспанының түнеруі де, сол түңілген қалпы тұңғиыққа үңіле білуі де ақын Мұхамедияның өз жаратылысындағы сол жан даралығынан да болса керек.
Мұхаң жайлы сыр толғағанда сол Мұхаңның ардақты әкесі, марқұм Балта Жұмағалиев жайлы да көңіл сырын айтпай кетуге де болмас еді. Өйткені, Мұхаңның әкесі бізге де, яғни, өзінің жалғыз ұлының барлық дос-жарандарының да әкесі бола білді. Қазақтың белгілі азаматы, Мұхаңның құрдасы Көпен Әмірбеков Мұхамедияға: – Әулиелілік әкеңе қонған, әкеңнен маған қонған, – деп әзілдейтіні бар екен. Сол Көпен бауырдың аузының дуасы бар ма деймін. Шынында да Балта әкеміз әулие бір адам еді. Ауыл мектебінде отыз алты жыл бойы ұстаздық етіп, елу бес жасында зейнеткерлікке шығып, содан кейін Алматыдағы жалғыз ұлы Мұхамедияның қолына көшіп келіп тұрды. Сталинград шайқасының жауынгері 1942 жылғы қанды бір шайқаста сол аяғынан айырылып, одан кейін жарасынан жазылып, туған еліне келіп Көкшетау өңіріндегі біраз ауыл мектептерінде ұстаздық етті. «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі» және «Халық ағарту ісінің үздігі» сынды атақтардың біразын алып, еңбегі жанғандай да болған Балта әкеміз ұлағатты ұстаз да бола білген жан. Қазақтың әйгілі әдебиетшілері Нығмет Ғабдуллин мен Айқын Нұрқатов, қоғам және мемлекет қайраткерлері Жұмабек Дәуренбеков пен Сұлтан Досмағанбетов және басқа да жақсылар мен жайсаңдар осы Балта әкеміздің шәкірттері болған көрінеді. Әкеміз сол шәкірттерін мақтаныш етіп, көтеріңкі бір көңілмен олар сыр тиегін ертелі-кеш ақтарудан бір жалықпайтын-ды.
Балта әкеміздің әңгіме айтқанда ешқашан ешкімді жалықтырмайтын ерекше бір қасиеті болатын. Аңқылдап, адал көңілімен сөйлеуші еді жарықтық! Жалғыз ұлының тілеуін тілеген сол қайран әке Мұхаң жұмыстан, болмаса әлдебір кештерден кештетіп үйіне қайтқанынша, көзіне көрінгенше көп қабатты үйінің үшінші қабатындағы балконда отырып алып тосушы еді. Міне, қайран әкенің жүрегі ұлым деп, ұрпағым деп соғып өткендігі әмбеге аян. Сол әкесінің өзіне деген жүрек лүпілінің сезімі мен сенімін, сүйіспеншілігі мен сүйінішін Мұхаң да ақтады. Әкесінің жағасын кірлеткен жоқ, бағасын асыра білді. Сол жалғыз ұлы демі үзілер шағындағы әке аманатын аяқсыз қалдырмай сыңар аяқты сырқат әкесін арқалағандай болып туған еліне жеткізіп, сол туған топырақтың құтты қойнына көз жасымен бірге көміп, соңғы сапарына шығарып та салған-ды. Ақын бауырым елжіреген жүрегімен елге, яғни, өзінің Көкшесіне келген сайын әке қабіріне барып, мұң басқан көңілімен терең ойға беріліп ұзақ тұрып алатыны да бар. Сол сәтте оның өз әкесімен үнсіз сырласып тұрғандығын жан дүниеңмен ұға да білуің керек. Қолындағы бір сабақ гүлін әке қабіріне қойып, жасқа шыланған жанарымен мөп-мөлдір көгілдір аспанның көк жиегіне қарап тағы да тұрып аларын қайтерсіз. Сол сәтте ақын досымды осы бір даланың бір сабақ гүліндей сезінетінім және де бар. Алайда, бір сабақ гүл сынды Мұхаңның, Мұхамедия Жұмағалиевтің сыры мен сыйпатынан, ақылы мен парасатынан, ақ та адал жанымен, нәзік те сезімтал жүрегінен, тірі пендеге иненің жасуындай қиянаты жоқ адами қасиеті мен қадірінен бір сабақ гүлдің де саясы болатындығын ұқтырды өмір маған. Сол бір сабақ гүлдің саясын сағалап, сырлы сезіміне көңілдің мейір шуағын қандырып, терең ойына үңілу арқылы биіктеп, асқақтап, қамқор көңілі мен адал жанының, таза жүрегінің, ағалық бауыры мен кең құшағына жылынып өтіп келе жатқан күндерім мен кезеңдерімді, айларым мен жылдарымды, ғұмырым мен тағдырымды бақытты өміріме балаймын. Өйткені, Мұха сен өзің айтқаныңдай: «Айнала сәуле шашқан жарықсың ғой!..».
Жетпісің құтты болсын, дос-бауырым!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Ұстаз
(Ардақты да ардагер ұстаз,
абзал аға Татухан Абылайхановқа).
Томнан кейін…
шықты талай томдарыңыз,
Тамаша ән…
атты арай таңдарыңыз!
Оқулық та жаздыңыз,
жыр жинақ та,
Осылай өнер – өмір
болған аңыз…
Сеңгірінде сексеннің шаршамай да,
Өжет, өр боп өстіңіз қаршадайдан.
Қайсарлықпен жеттіңіз осы күнге,
Қандай заман болса да, қанша майдан!
Келгенмен қыс,
көктем… жаз… күз де өтіп,
Келер күннен үмітті үзбеген түк.
… Тоқсан жасқа тоқтамай,
Жығылсаңыз – жығыларсыз тік тұрып…
жүзге жетіп!
Қайран-ай…
Түске енген, найман-қыз,
Түскендей бір айдан қыз.
Көкжалына Көкшенің
Кез болдыңыз қайдан, Сіз?!
Қолымдағы айнам-қыз,
Қалмады ғой айлам, қыз…
Тамыр болып жүрейік,
Тамыры бір найманбыз!
Айналайын найман қыз,
Айға қолды жайғанбыз.
Арыстандай мерт болып,
Талай мұзға тайғанбыз.
Арман болған найман-ай,
Бастан бақтың тайғаны-ай.
Айла таппай жүр ағаң,
Ай қарап бос…
Қайран-ай!
Қарай берем
«Сағынғаннан сені ойлап…»
Абай.
Әндейсің бір әдемі,
Сәндейсің бір кәделі.
«Сұлу қызды сүймектік» –
Абайдың жыр, мәтелі.
Өлеңдейсің – жылға азық,
Елеңдейсің, Гүл-нәзік.
Тебіренем мен неге,
Телегей бір жыр жазып?!
Елжіреткен күй-сынды,
Еліктейсің сүйкімді.
Елікпейсің ал, қайтіп,
Елегізіп бір түрлі.
Өзіңде – бар сән-көрік,
Қарай берем таң көріп.
… Өміріме жететін
Қалшы өлмес ән болып!
***
Жылытып оты үміттің,
Шақырып әлем жап-жасыл,
Жетсем деп саған,
Жүріппін –
Жыл емес,
Бейне сан ғасыр.
Өзіңе дейін –
Өткел мың,
Арада қанша ай ауды.
Түндерді жалғыз өткердім,
Күндерді не бір – қаяулы.
Өткердім бәрін, көп көрдім,
жеткенше саған дем бітіп.
Самалын аңсап көк белдің,
Қалдың ба ұзақ Сен күтіп?!.
Мінің жоқ қылдай, қылығың қыздай,
Мінезің жаздың күніндей.
Сырлы аяқ-сынды сыныңды бұзбай,
Құлпыршы көктем гүліндей.
Жеткізбей арман, жүзгізбей қайраң,
жағаңда қалған қайықтай,
(Өмірім – майдан, көңілім ойран)
Өтем бе дерттен айықпай?!.
«Сағыныш – зарығу емес,
бұган дейін қадіріне жете
бермеген жәйттерге жете қанығу…»
Әбіш Кекілбайұлы.
***
Сағым жылдар…
Сары қыз!.. Сен – есімде.
Сарсаңға сап, түсіме енесің көп.
Сабылдым сан, жер-көктен сені таппай, –
Салғанына тағдырдың көнесің де.
Сағымдайын мұнартты елесің де,
Сары белге шақырсам, ересің бе?
Самал болып сыбырлап,
Сырымды айтсам;
Шынымды айтсам имандай, –
Сенесің бе?!
Елу деген өмірдің белесінде,
Елегіздім Жалғыздық кемесінде.
Сағыныштың жамылтпай сал шекпенін,
Сары күзде сарғайтпай…
Келесің бе?!
Көз алдымда –
Гүл бейнең. Сенесің бе?
Сенесің бе…
Бармын ба мен есіңде?!
…Сағым жылдар әкеткен мені алысқа,
Сағыныш боп қалғансың,
Сен – Есілде!
Кешір мені,
Кеш, Күнім!
Егең де емен, ешкімің…
Қартайсам – күл, қайсы бір
қалды дейсің ес бүгін.
Кешір мені,
Кеш, Гүлім!
Кеш – жырым да, кеш – мұным.
Қамсыз қалай жүргенмін,
Қайғым жоқтай, еш– мұңым?!
Кешір, кешір…
Кеш, Айым!
Кешігіп сыр ашайын.
Күнім менің кеш шығып,
Туған шығар кеш айым.
Үлгірмеген оттығып,
Мен бір «жетім» тоқтымын.
Тырнағыңа татырдай
бес тиындық жоқ құным.
Көрсең-дағы көшеде, –
Көрмеген боп өт, Күнім!
Өңім емес,
Түсім бе?
Оттың жүрмін ішінде…
Кешір мені, сәбидей
сенгендігім үшін де!
Сарқылғандай күшім де,
Сарыуайым – ішімде.
Кешір мені, сарғайып…
сағынғаным үшін де!
Кешір мені,
Кеш, жаным!
(Кеудемдегі өш, жалын!)
Бұзылған бұл заманның
бұзбап едім еш заңын.
Есер де-мін, –
Естімін.
Жаныма жоқ еш тыным.
Ессіз, есіл құрбыңды
есіңе ал бір… кешқұрым.
Есіңе ал да… бір күліп
кешіре сал,
Кеш, құлын!
Еш – тірлігім,
Еш – жырым.
Елемедің ешбірін.
Кемшіні көп «құлыңды»
кешіре алсаң…
Кеш, Күнім!
…Кеш бәрі де,
Кеш бүгін!
Қызыл көйлек
Жасыл орман – жасыл қала, жасыл маң…
Жасыл бәрі.
Жалт еткендей жасыннан:
Жасыл бояу арасынан жарқ етіп,
Қызыл көйлек көзіме оттай басылған!
Қызыл көйлек –
Қырмызы гүл, қызғалдақ.
Қызғалдақ-жыр ұсынамын қызға арнап.
Жоғалтқан бір асылымдай
қараймын
жанарыммен мың аялап, жүз барлап.
Қай бала бұл?!
Гүлнұр әлде Гүлдана?
Қарағандай ол да маған ұрлана.
Елеңдейсің неге, елік-жүрегім,
Басқа мүлдем,
Басқа бала – бұл бала…
Қарайды өзі,
Қара көзі мөлдіреп,
(Біз де бір кез балауса ек, өңдір ек),
…Қызыл көйлек – қимас, қызық дәуренім,
Қош дермісің,
Тос дермісің соңғы рет?!
Еркежан
1.
Ерке қызсың – әй, керім!
(Еркеш десем, – қайтерін?!)
Шыр-пыр болып сен үшін
шықпады ғой жәй терім…
Қыз емессің, әй, тегін,
Қызғанамын… қайтемін?!
Айрылдым ғой ес-түстен,
Айналайын,
Айт емін!
…Сындырып алып жүрмеші
көңілімнің әйнегін!
2.
Еркежансың – еркесің!
(Әттең, тонның келтесін…)
Ғажайыптар еліне
қашан бізді ертесің?
Жанарыңда нұр тұнған,
Жарасып тұр түр-тұлғаң.
Жауқазын бір гүлдейсің
жарық күнге ұмтылған.
Еркежансың!
Ерке шын
еліктейсің, Еркешім!
Баян сұлу – сен бүгін,
Қайда Қозы Көрпешің?!
Елікпеске елтесің,
Қайтіп бақыт кел десін…
Ертіп өзім кетсем бе
елдің сұлу Еркешін?!
Тоғысып біздің жол бүгін,
Толғандым,
тағы толқыдым.
Қонғандай қолға бақ құсым,
Толғандай орны олқының.
Өмірдің кешіп толқынын,
Өңірдің өтіп жон,
қырын,
Қосылмай келген көптен бір
қосылды біздің жол бүгін.
Жанымыз нұрға шомылып,
Жаңғырдық,
қайта жолығып.
Жоғалмас сенім жүректе,
Жол деген – күту,
жол – үміт.
Гүл болып өніп жырақта,
Күн болып еніп құшаққа,
Жарқырап
үміт оты алдан,
Жолымыз кетсін ұзаққа…
Өмірдің кешіп толқынын,
Қосылды біздің жол бүгін.
Жалғанда
жарық сәулем – сен,
Әманда аман бол, Күнім!
Мұхамедия ЖҰМАҒАЛИЕВ