Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың Ұлттық валюта – Теңге күнімен құттықтауы
Құрметті қаржы қызметкерлері және осы саланың ардагерлері!
Баршаңызды Ұлттық валюта – Теңге күнімен құттықтаймын! Жыл сайын 15 қарашада атап өтілетін бұл мереке Қазақстан тарихындағы маңызды күн. Осыдан 27 жыл бұрын біздің еліміз тәуелсіздігіміздің жаңа ғана жарияланған күрделі кезеңінде өзінің ұлттық валютасы – Теңгені енгізу жөнінде батыл қадамға барды. Бұл – ұлттық қаржы жүйесін құруға және еліміздегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға жол ашты.
Осы орайда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлттық валютамызды енгізудегі көрегенділігі тәуелсіздігімізді нығайтып, қазақ елін дамудың жаңа кезеңіне алып шығуда шешуші рөл атқарды. Содан бері экономиканың барлық салаларының ырғақты дамуы еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан нығайып, жаңа сапалы биіктерден көрінуіне оң ықпалын тигізумен келеді.
Біздің облысымыздың бюджеті теңге айналымға енгізілгеннен осы кезеңге дейін 1 миллиард теңгеден 309 миллиард теңгеге дейін ұлғайып отыр. Бұл – аймақтың кезек күттірмес проблемаларын шешіп, халықтың әл-ауқатын көтеруге қолайлы мүмкіндік туғызуда. Облыста бүгінгі таңда екінші деңгейдегі банктердің 15 филиалы жұмыс істейді. Олардың облыс экономикасына салған несиелік қаржылары соңғы он жылда 2,8 есе өсіп, 238 миллиард теңгені құрап отыр.
Халықтың тұрмысының жақсаруы банктердегі депозит қаржысының 185 миллиард теңгеге дейін өсуінен де байқалады. Бұл өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 14,7 процентке көп.
Осының бәрі Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы. Осылай дегенде, сала ардагерлеріне де білдіретін алғысымыз шексіз. Бұл күнде қаржы жүйесінде өз ісінің мамандары жұмыс істейді деп сеніммен айтуға болады. Бүгінгідей қуанышты күні баршаңызды төл мерекелеріңізбен құттықтап, еңбектеріңізге жеміс, өмірдегі бар жақсылықтарды тілеймін. Біздің ардагерлеріміз де зейнеткерлік жастың қызығын көріп, арамызда аман-есен жүре берулеріңізге тілектеспін!
Құрметті қаржыгерлер!
Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары Сіздерді Ұлттық валюта – Теңге күнімен құттықтайды!
Бүгінгі таңда сіздердің кәсіптеріңіз терең білімді ғана емес, кең ой-өрісті, шығармашылық әлеуетті, стандартты емес шешімдерді іздеуді талап етеді. Өңірдегі әрбір саланың қызмет етуі және адамдардың әлеуметтік әл-ауқаты сіздердің сенімді шешімдеріңіз бен сауатты жоспарлауларыңызға және бюджет қаражатын бөлуге салмақты көзқарасыңызға байланысты. Сіздер бүкіл бюджеттік құрылымды жүректен өткізіп, кестелердегі әрбір саннан жұмыс істейтін салалар, әлеуметтік нысандар, адамдардың үміттері мен армандарын көресіздер.
Сіздерге адал және қажырлы еңбектеріңіз, облысымыздың экономикалық дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Батыл идеяларды іске асыруға, жаңа кәсіби табыстарға, қаржылық әл-ауқат пен өркендеуге қол жеткізуге деген талпыныстарыңыз биіктерге бастап, Теңгеміз нығая түссін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке, бақыт, еңбектеріңізге жеміс тілеймін!
Әсен ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
Ақмола облыстық мәслихаты
хатшысының міндетін атқарушы.