Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жылу және электр энергиясы неге қымбаттай береді?!. - АРҚА АЖАРЫ

Жылу және электр энергиясы неге қымбаттай береді?!.

Жыл сайын тариф өспейді деп айтылады, бірақ, соған қарамастан жылу, электр энергиясының құны ұдайы өсіп келеді. Пандемия кезінде азық-түліктің бағасы болсын, коммуналдық қызметтің ақысы болсын қымбаттағанына ешкім қуана қоймасы анық. Өйткені, бүгінгідей қиын уақытта артық шығынды ешкімнің қалтасы көтере бермейді. Тіпті, ақшасы жоқ, несиеге азық-түлік сатып алып отырған адамдар үшін коммуналдық қызметтердің қымбаттағаны түгілі, бұрынғы қарыздарын өтеуі екіталай. Алайда, коммуналдық кәсіпорындар тарифті өсірудің өзіндік себептері барын айтуда. Кейбір коммуналдық кәсіпорындар абоненттерінің қарызы қордаланып қалғаны соншалық, кәсіпорындардың кірісінен гөрі, шығыс артқан.

Мәселен, «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының 2016 жылдан бері кредиторлық берешегі үздіксіз өсіп келеді. 596 миллион теңгеден жаңа жылу беру маусымына дейін 3,4 есе көбейіп, қордаланып қалған соңғы екі жылдағы қарыз 2 миллиард теңгені құраған. Оның 489 миллионы көмірге, 95 миллионы салыққа төленетін қарыздар. Тұрғындардың қарызы да қордаланып қалған. Осы ретте, біз облыс орталығында жылу және электр энергиясы тарифтерінің өсу себептерін анықтап көрдік.

1. Электр энергиясының да бағасы өсті

Облысымызда бірінші қазаннан бастап электр энергиясының тарифтері өсті. Әр санат бойынша бағалауды қоспағанда, орта есеппен 1 киловатт құны 22 теңге 42 тиын болды. Бұған дейінгі бағасы 19 теңге 85 тиын еді. Биылғы жылдың 1 қаңтарында белгіленген тариф тек 9 айға дейін тұрақтады. Оның бағасы жеке тұлғалар үшін 4,5 пайызға, заңды тұлғалар үшін 8 пайызға өсті.
«Көкшетау энерго орталығы» компаниясының директоры Гүлшат Иржанованың айтуынша, электр энергиясы тарифтерінің қымбаттауына шілде айынан бастап станциялар электр энергиясының құнын өсіріп жіберуі себеп болып отыр. Осының салдарынан тариф көтеріліп отыр. Жаңа жылдан бастап электр энергиясын тасымалдау тарифтері тағы қымбаттауы мүмкін. Егер электр энергиясын тасымалдау тарифтері өссе, онда тариф тағы көтерілуі ықтимал.
Алайда, кәсіпорын еліміздің өзге облыстарымен салыстырғанда, Ақмола облысында тарифтің соншалықты қымбаттамағанын айтуда. «Көкшетау Энерго Центр» компаниясы 100 мыңнан астам жеке, 6 мыңға жуық заңды тұлғаға қызмет көрсетеді. Аймақ бойынша облыс орталығынан бөлек, Біржан сал, Зеренді және Бурабай аудандарына да қызмет көрсетіп келеді. Келісім-шартқа сай электр энергиясының биылғы жылдық сатылым көлемі сағатына 615 миллион киловатты құрайды. Компания оны орташа бағамен 8 теңгеге сатып алады. Ал, пайдаланушылар электр энергиясына қазаннан бері 22 теңгеден бастап төлеуде. Осы ретте, тұтынушылар тарапынан «Осыншама үстемақы қайдан қосылады?» деген заңды сауал туындайды. Бұған кәсіпорын басшысы былай деп жауап берді. – Тасымалдау, салық, жалақы, байланыс және тағы басқа да шығындарымыз бастан асады. Біз де өз тұтынушыларымыз сияқтымыз. Алғанымызды қайтып беруіміз қажет. Біз де электр энергиясын пайдаланамыз. Сондықтан, тарифті қымбаттатпасқа амалымыз жоқ.
Нақтырақ айтсақ, жаңа тариф бағасына келетін болсақ, бірінші деңгей, яғни, тұрғындар 100 киловаттқа дейін энергия тұтынса, онда 1 киловатт құны 16 теңге 58 тиыннан есептеледі.
Екінші деңгей – 20 теңге 98 тиын, үшінші деңгей – 26 теңге 23 тиын болып отыр.

2. Енді жылу ақысы да өскелі тұр

«Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорны 2021 жылы жылу ақысын көтеруді жоспарлап отыр. Кәсіпорынның ұсынысын қарау бойынша облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті қоғамдық тыңдау жүргізді. «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының әкімшілік басқарушысы Мейрам Мұқановтың айтуынша, 2016 жылдан 2019 жыл аралығында көмір құны 18 пайыз, мазут құны 53 пайызға, электр энергиясының құны 14 пайызға өсті. Теміржол тасымалының құны да тұрақты түрде қымбаттауда.
– Осының салдарынан коммуналдық кәсіпорынның жылдық шығыны 800 миллион теңгеге жетіп отыр. Бұдан бөлек, тұтынушылардың дебиторлық қарызы 180 миллион теңгені құрады, – дейді Мейрам Мұқанов.
Осы жайттерді ескере отырып, коммуналдық кәсіпорын тарифті тұрғындар үшін 10 пайызға, заңды тұлғалар үшін 56 пайызға көтеру туралы жобаны ұсынып отыр. Осы ретте, облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшылығы тарифті көтеру жөніндегі ұсынысты бір ай ішінде қарап, нақтылы бір шешімге келетінін айтуда.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар