Шортанды ауданының Степное ауылында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Нысан іске қосылған кезде жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылатын болады.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Руслан Бөтембаевтың айтуынша, амбулатория 25 келушіге арналған. Онда тіркеу орны, ем шара, егу, дәрігер бөлмелері, клиникалық және биохимиялық зертханалар және басқа да қолданыстағы нормалармен қарастырылған бөлмелер бар. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сол кезде жалпы тәжірибедегі дәрігерлер мен кіші медициналық мамандарды тарту үшін «Еңбек.КЗ» порталында медициналық жоғары оқу орындарының түлектерімен келіссөздер жүргізілуде. Амбулаторияда штаттық кестеге сай 13 маман жұмыс істейтін болады. Оның 3-еуі дәрігер және 7-еуі орта медициналық қызметкер. Округте тіркелген халықтың жалпы саны 5 мың адамды құрайды.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында белгіленген барлық жоспарлардың жүзеге асырылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға үлкен көмек болып отырғанын айта кеткен жөн.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Шортанды ауданы.