Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр Әл-Фараби 870 жылы бүгінде Отырар аталатын, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді (қазіргі Түркістан облысындағы Отырар қаласының маңайындағы ортағасырлық қала). Фарабидің толық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби. Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу-Насыр Әл-Фараби, яғни, Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған.
Әл-Фарабидің өмір сүрген кезеңі ислам дінінің гүлденіп, Испания мен Қытайдың арасындағы алып аумақты алып жатқан ірі өркениет орталығы болған еді. Ол дәуірде ғылымның барлық саласына діннің ықпалы өте күшті болды. Әл-Фарабидің көзқарасына, ғылыми еңбектеріне де сол ислам ықпалының әсері тимей қалмады. Бұл ғұламаның әртүрлі еңбектерінен анық байқалады.
Фарабидің пікірінше, дін елдің ішіндегі ізгілікті тәртіпті орнатушы күш бола алмайды. Өйткені, оның негізгі бөліктері философиядан алынған және философия ізгілікті діннің мазмұнын дәлелдеп береді. Сондықтан, елді басқару ісімен айналысу діннің ішіне кіретіндіктен, ол философияға бағынады. Сол тұстағы адамзат өркениетінің алдыңғы шебінде болған ежелгі грек ойшылдарының еңбектерін жан-жақты оқыған Фарабидің діни көзқарасына оның ықпалы тимей қалмағандығы бірқатар еңбектерінен анық байқалады. Ғұлама ашық қарсы шықпаса да, дінді ғылымнан көп жағдайда төмендеу қоятыны аңғарылады. Рас, дін адамдардың бойындағы қайырымдылық, кішіпейілдік, сабырлылық, кешірімшілдік сияқты ізгі қасиеттерін орнықтыруға, адал, шыншыл болуға үндейді, бірақ та, табиғат құбылыстарын, оның заңдылықтарын, қоғамдық дамуды түсіндіріп, оған ықпал етуге діннің қуаты жетпейтінін ғұлама өз еңбектерінде ашық болмаса да, емеурінмен түсіндіріп отырады. Заман ағымына қарай ол ислам дініне ашық қарсы шыға алмады. Ол барша халықты моральдық және интеллектуалдық жағынан өркендеп, дамуға шақырды, бірақ та адамның бар бақыты о дүниеде деген көзқарасты жақтай қойған жоқ. Керісінше, осы өмірдегі тұрмыс жағдайды жақсарту, ғылым мен мәдениетті өркендетудің маңызына жете мән берді. Ғұламаның пікірінше, адам бұл дүниеде бақытқа жету үшін тынбай еңбек етіп, білім алуы, өнер үйренуі қажет.
Дегенмен де, Фараби өмір сүрген кезең ислам дінінің барынша өркендеп, дамыған тұсы болатын. Бұл жағдай данышпанның ғылыми еңбектеріне белгілі дәрежеде әсерін тигізбей қалған жоқ. Оның трактаттарында прогресшіл тенденциялар теологиялық идеалистік тұжырымдармен араласып келеді. Ол сезінуге болатын нақты заттар дүниесі эмоция арқылы түйсінетін құдаий болмыстан пайда болады деп санады. Бірақ та, данышпан материядан тыс бір де бір нәрсе ғайыптан пайда болмайды, өмір сүре алмайды, барша дүниенің бастауы – материя деген түсінікті ұстанды.
Қалай десек те, Фараби өз заманындағы діни түсінікті басты ұстанымы етіп алған ислам ғалымдарынан өзгеше, өзіне дейінгі, өз заманындағы адамзат өркениетінің озық ойларын игеріп, дін мен ғылымды көп араластырмай таза ғылыми түсінікті қалыптастыруға елеулі үлесін қосты. Адамзат өркениетіндегі Әл-Фарабидің айшықты орны да дәл осы көзқарасы мен ұстанымынан негіз алатындығы шындық.
Интернет материалдары бойынша дайындаған
Қалкөз ЖҮСІП.