Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына орай өткен шаралардың қорытындысы жайында баяндалды.
Конституциялық Кеңес Төрағасының айтуынша, Ата Заңның мерейтойлық іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі Ұлттық жоспар коронавирус пандемиясы тудырған қиыншылықтарға қарамастан жүзеге асқан.
Президентке мерейтой шеңберінде өткен іс-шаралар қорытындысы бойынша Ата Заңның әлеуетін жан-жақты іске асыру және елдегі конституциялық заңдылық жүйесін нығайтуға бағытталған ұсыныстар туралы ақпарат берілді. Ұсыныстардың бір бөлігі Конституциялық Кеңестің құқықтық негізін одан әрі жетілдіру және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау кепілдігін күшейтуге байланысты келіп түскен.
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция Қазақстанның мемлекеттілігі мен еліміздің стратегиялық дамуының негізі екенін айтты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында мемлекеттік органдар мен азаматтар конституциялық талаптарды терең түсінуі және оны басшылыққа алуы керек.