Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақкөл ауданының әкімі Алпысбай ҚАЙЫРЖАНОВ: «Атқарылған істер аз емес, кезек күткендері де көп» - АРҚА АЖАРЫ

Ақкөл ауданының әкімі Алпысбай ҚАЙЫРЖАНОВ: «Атқарылған істер аз емес, кезек күткендері де көп»

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақкөл ауданының әкімі Алпысбай Қайыржанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жайлы айта келе, тындырылған жұмыстар, іске асырылған жобалармен бірге, алда тұрған міндеттерге де тоқталды.

Алдымен, аудан әкімі өз есебін Мемлекет басшысының ел халқына арнаған Жолдауынан бастап, осы бағытта орындалған жұмыстар жөнінде баяндады. Мәселен, өнеркәсіпке келетін болсақ, биыл бұл аудан 3,9 миллиард теңгенің өнімін өндірген екен. Жалпы индекс көлемі 92,9 пайызды құрапты. «COVID-19» пандемиясының шектеулі шараларына байланысты гранит және құм өндірісі 76 пайызға, табиғи құм өндірісі 42 пайызға, бетон 28 пайызға, бетон өнімдері 47 пайызға азайғаны байқалады. Ұн өндірісі екі есе немесе 1400 тоннаға көбейген. Биылғы жылы 2 600 тонна ұн өндіріліпті. Пластикадан өнім өндіру 1,6 есеге немесе 7700 тоннаға, мал азығы 1,2 есе немесе 1330 тоннаға көбейген екен. Ыстық судың берілуі 1,4 есеге өсіпті. Ақмола облысының кәсіпкерлікті қолдау картасына бұл ауданнан 6 миллиард теңгенің бес жобасы кіреді. Бұл 200 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген көрінеді. Аудан әкімі өз есебінде ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 23 миллиард теңгені, осы саланың жалпы индекс көлемі 112,1 пайызды құрағанын айтты.
–Биылғы жылы 135,1 мың гектар алқаптың дәнді және бұршақты дақылдары жинап алынды. Гектар берекесі 12 центнерден айналды. Сондай-ақ, 4,4 мың гектар жердің майлы дақылдары, 1,8 мың гектардың картоп пен көкөнісі, 6,3 мың гектар алқаптың мал азығы дақылдары жинап алынды. Ауданда 22,5 мың бас ірі қара, 22,7 мың қой-ешкі, 8 мың бас жылқы, 319,6 мың құс бағылады. 2,8 мың тонна ет, 13,9 мың тонна сүт, 54,6 миллион дана тауық жұмыртқасы өндірілді. Есептік кезеңде өнімділігі жоғары 10 жаңа техника және 765 миллион теңгенің қондырғылары сатып алынды.
Ет фермасын құрудың индикативтік жоспарын орындау аясында 7 жоба жүзеге асырылды. 674 бас ірі қара сатып алынды. «Еңбек» серіктестігінде 1200 бас асыл тұқымды ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасы салынуда. Салық пен бюджетке келсек, биылғы жылдың он айында аудан бюджетіне 1705,0 миллион теңге салық және өзге де міндетті төлемдер түсті. Сөйтіп, жоспар 136,5 пайызға орындалды. Оның ішінде ауданның жергілікті өзін-өзі басқару бюджетіне 51,0 миллион теңге құйылды. Аудандық бюджеттің шығыс бөлігі толық орындалды. Шағын кәсіпкерліктің 1540 субъектісі тіркелді. Оның 1328-і ғана жұмыс істейді. Бұл салада 3 737 мың адам еңбек етеді. Бөлшек сауда айналымының көлемі 6,6 миллиард теңгені құрады,–деді аудан әкімі брифингте.
Одан әрі ол экономикаға инвестиция тарту жөнінде айтты. Негізгі капиталға 6 миллиард теңге инвестиция тартылған екен. Жоспар артығымен орындалыпты. Құрылыс жұмысының көлемі 4 миллиард теңгені құраған екен. 8 мың шаршы метр жекеменшік тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Сумен қамтамасыз етуге келсек, орталықтандырған сумен қамтамасыз етумен елді мекендерді қамтуды ұлғайту мақсатында өткен жылы Азат ауылындағы сумен қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтірудің жобасы жүзеге асырыла бастаған екен.
–Биыл жобаны аяқтауға 342,3 миллион теңге бөлінді. Ұзындығы 17 шақырым су құбырының жүйесі салынды. Нысан биылғы жылдың соңында тапсырылады. 2019 жылы «Степной-4» шағын ауданындағы су құбыры жүйесінің құрылысы басталды. Биылғы жылы бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, нысан іске қосылды. 11,4 шақырым су құбыры жүйесі тартылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 136,7 миллион теңгенің жобалары жүзеге асырылды. Оның ішінде Барап селосының, Ақкөл қаласындағы бірқатар көшелердің сумен қамтамасыз ету жүйелері жөнделді. Облыстық бюджеттен трансферттер бөлініп, Наумовка, Кемеркөл, Урюпинка, Мало-Александровка, Жалғызқарағай, Радовка селоларының су көтеретін мұнаралары ауыстырылды. 2020-2021 жылдарғы жылумен қамтамасыз ету жайында айтатын болсақ, бұл бағытқа облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, коммуналдық бу қазандығы мен жылу жүйелері жөнделді.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша қомақты қаржы бөлініп, шағын ауданның бу қазандығы мен жылу жүйесі қалпына келтірілді. Орталықтан берілетін жылуға 5 көп пәтерлі тұрғын үй қосылды. Коммуналдық бу қазандығына көмір сатып алынды. Биылғы жылдың маусымында «Восточный» шағын ауданындағы бу қазандығы мен жылу жүйесін қалпына келтіру жұмысы басталды. Нысан осы жылдың соңында іске қосылады. Аудан бойынша биылғы жылу беру маусымына 38 бу қазандығы мен жылу жүйелері дайындалды,– деді аудан әкімі.
Үстіміздегі жылы бұл өңірге аудандық бюджеттен абаттандыру жұмысын жүргізуге қомақты қаржы бөлінген екен. Абаттандыру аясында 12 күн санитарлық тазарту шаралары жүргізіліп, 3,8 мың тонна күл-қоқыс шығарылыпты. Аудандық бюджет қаржысы есебінен Ақкөл қаласында, Наумовка мен Еңбек ауылдарында балалар алаңы орнатылған екен. Облыстық бюджеттің трансферті есебінен Ақкөл қаласында, Урюпинка, Красный Горняк, Еңбек елді мекендерінде электр жарығы жөнделіпті. Биылғы жылы екі 45 пәтерлік тұрғын үйдің электр жүйесін жүргізуге қомақты қаржы бөлінген екен. Аудандық бюджеттен жолды жөндеуге және күтіп ұстауға да қомақты қаржы бөлініпті.
–Республикалық бюджет есебінен «Жаңа Қалқұтан-Ақкөл-Азат-Минский» бағытындағы жол жөнделуде. Облыстық трансферттер есебінен Ақкөл ауданының жолдары жөнделді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын үшін төрт арнайы техника сатып алынды. Тұрғын үй құрылысына келсек, биылғы жылы Ақкөл қаласында несиелік 45 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл жұмысты «Камила» серіктестігі жүргізуде. Бүгінгі күні тұрғын үйдің үш қабаты көтерілді. Биылғы жылдың соңында бұл тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, жалға берілетін 45 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын «НИКС Инжиниринг групп ИВ» серіктестігі жүргізуде,–деген Алпысбай Қайыржанов 25,4 мың тұрғыны бар ауданның аумағы 9 округке бөлінгенін айтты. Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселесі жөнінде айтатын болсақ, жұмыссыз 982 адамның 843-і тұрақты жұмысқа орналастырылған екен. Мұнда 2017-2021 жылдарға арналған тиімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын орындау бойынша мақсатты жұмыс жүргізілуде. Оны жүзеге асыруға бюджеттен қомақты қаржы бөлінген екен. Техникалық және кәсіптік оқыту базасында 54 адам оқытылыпты. Қысқа мерзімді кәсіби оқуды 65 адам бітірген екен. «Жалпы кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 60 адам «Бастау Бизнес» жобасының кәсіпкерлік негізін оқыпты. Бағдарламаның 16 қатысушысы шағын несие, 19 адам грант алған екен. Әлеуметтік жұмыс орнына 37 адам, қоғамдық жұмысқа 171 адам, жастар тәжірибесіне 39 адам жіберіліпті. 277 адамнан тұратын 58 отбасына мекенжайлық әлеуметтік көмек тағайындалған екен.
Білім саласына келсек, ауданда балалардың мектепке дейінгі 24 мекемесі, оның ішінде 10 бала бақша, 14 шағын орталық жұмыс істейді. Бұл тәрбие ордасына 1028 бала барады. Әлі де мектепке дейінгі мекемелер жетіспейді. 27 мектепте 3985 оқушы білім алады. Бірыңғай «Күнделік» ақпараттық жүйесіне барлық мектептер толық қосылған. Биылғы оқу жылының екінші тоқсанында Ақкөл қаласындағы 4 мектеп қашықтықтан оқытылады. Санитарлық нормаларды сақтау үшін білім беруді ұйымдастыруға қомақты қаржы бөлінді.
Аудан әкімі одан әрі денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, туризм, қоғамдық тәртіп салалары жайында айтып берді. Брифингтің екінші жартысында журналистердің сауалдарына толымды жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар