Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«KazBeefLtd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ермек Өмірзақов: «Елбасы келіп көрген шаруашылығымыз нығайып келеді» - АРҚА АЖАРЫ

«KazBeefLtd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ермек Өмірзақов: «Елбасы келіп көрген шаруашылығымыз нығайып келеді»

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы жұмыс сапарымен Ақмола облысында болғанында Біржан сал ауданындағы Мамай ауылында орналасқан «KazBeefLtd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ашылу салтанатына қатысқан еді. Қазіргі таңда аталмыш серіктестік өңіріміздегі ірі мал шаруашылығының бірі болып табылады. Шаруашылық жұмысы жыл санап қарқынды дамып, ілкімді жоба ілгерілей түскен.

Серіктестіктің басты мақсаты асыл тұқымды мал басын көбейту бойынша ірі жобаны жүзеге асыру болатын. Осы мақсатқа Үкімет тарапынан 4,8 миллиард теңге инвес-тиция бөлініп, оған бір мың бас ангус, бір мың бас герефорд асыл тұқымды ірі қара мал Солтүстік Америкадан сатып алынды. Қазіргі таңда Мамайдың баурайында сондағы малдан өсіп-өнген 6500 бас ірі қара бар. Оның 4 мыңы сиыр мен құнажын. Шаруашылықта жүзге жуық адам жұмыс істейді. Оның 70-сі Мамай ауылының тұрғындары.
Біз Тұңғыш Президент күніне орай, Елбасы болған шаруашылық басшылығымен хабарласып, серіктестік директоры Ермек Өмірзақовты сөзге тартқан едік.
– Мал шаруашылығы құрылымдарына мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілуде. Біз асыл тұқымды мал басын көбейту туралы Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында 2010 жылы «ҚазАгро ҰХ» акционерлік қоғамының өкілдерімен АҚШ-қа барып, өзара тәжірибе алмастық. Ондағы фермерлермен танысып, малдың ангус, герефорд түрлерін қыстың аязды күндерінде қалай өсіретініне ден қойып, тереңірек зерделедік. Ерекше айта кететін жайт, ол жердің табиғаты біздің жерге ұқсас келеді екен. Содан 2011 жылы Мамай ауылына шетелден екі мың бас асыл тұқымды мал әкеліп, жұмысты бастап кеттік. Асыл тұқымды мал біздің елді жерсінбейді, шаруашылық әрі кетсе бір-екі жыл ғана жұмыс істейді дегендер де болды. Ниет болса, жүзеге аспайтын жоспар болмайды екен. Осы орайда, қанатқақты жобаны қолдап, серпін берген Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығына, аудандық әкімдік қызметкерлеріне зор алғыс айтқым келеді.
2011 жылы шаруашылықтың ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы біздің ұжым үшін зор мәртебе. Кез-келген адам үшін бұл тарихи сәт деп ойлаймын. Елбасының ізгі тілегі біздің де арманымызға қанат бітіріп, тың серпінмен жұмысты бастап кеттік. Мінекей, осы он жылға жуық уақыт ішінде шаруашылық қуаты еселеніп, жұмыс қарқынды дамып келеді.
Қазіргі таңда жергілікті малды асылдандыру жақсы нәтижесін бере бастады. Ет өндірісі де өсті. Біз қолға алған ілкімді жобаның басты мақсаты өзге шаруашылықтарды асыл тұқымды малмен қамтамасыз ету болатын. Қазіргі таңда біз жылына еліміздің өңірлеріне мың бас қара мал сатып отырмыз. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында союға тапсыратын асыл тұқымды бір жасар бұқалардың орташа тірі салмағы 400-450 келіге дейін жетеді. Тайшалар 350 келі салмақ тартады. Ал, жергілікті малдың салмағы 200-250 келіні құрайды. Біз асыл тұқымды малды ашық алаңдарда ұстаймыз. Себебі, олар сондай климатқа үйренген. Сонымен қатар, малдың күйлі болуы алдымен жақсы диеталық рационға да байланысты. Мал азығын дайындау мәселесі де басты назарда. Шаруашылыққа қажетті барлық жағдайларды жасауға тырысып жатырмыз. Басында мамандарды шетелден шақыратынбыз. Ынта болса, кез-келген істі игеруге болады ғой. Аз уақыт ішінде өз ұжымымыздағы жастар жаңа тәсілдерді меңгеріп, үйреніп алды.
Жалпы, елімізде кәсіпкерлікпен айналысамын дегендер алдына биік мақсат қойып, соған жетудің тиімді жолдарын ойлап, зерделеуі керек. Өйткені, нарық заңы осыны талап етіп отыр. Қазіргі таңда Үкімет ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесіне зор көңіл бөлуде. Сондықтан, ерінбей еңбек етуіміз қажет. Кәсіпкерлер үшін жеңілдік атау-
лы жеткілікті. Сондықтан, жастар еңбектен қорықпаулары керек. Алдағы уақытта да Елбасының ірі қара мал эскпортының әлеуетін арттыру туралы тапсырмасын орындау бағытында жемісті жұмыс істеу үшін бар күш-жігерімізді аямаймыз, – дейді серіктестік директоры.
Қазіргі таңда «KazBeefLtd» серіктестігінің моделі бойынша елімізде көптеген шаруашылықтар ашылып жатыр. Өзге өңірлерге үлгі болған озат шаруашылықтың алға қойған жоспарлары көп.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар