Бүгінгі таңда көлік мінген әрбір жүргізуші жол жүру ережелерін сақтауға, көліктің техникалық жай-күйін ғана емес, сондай-ақ, оны басқаруға рұқсат беретін құжаттардың қолданылу мерзімін қадағалауға міндетті. Әрбір жүргізуші ерте ме, кеш пе, көлік жүргізушінің куәлігін ауыстыру қажеттілігіне тап болады. Алайда, құжатты оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін ауыстыруға өтініш бере қоятындар аз.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметтерді көрсету басқармасының бас маманы Қанат Айтымов бізге жүргізуші куәлігін қай кезде және қалай ауыстыру керектігі туралы толығырақ ақпарат берді. Оның айтуынша, жарамдылық мерзімі өткен куәліктерді ауыстырған кезде жүргізуші денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтаманы қосымша ұсынуы қажет.
–Бұл жағдайда ақылы медициналық тексеруден өту қажет, бұл әрине қосымша шығындарға әкеледі. Сондықтан, жүргізуші куәлігін жарамдылық мерзімі аяқталмай тұрып, алдын ала ауыстыруға кеңес береміз, –деп мәлімдеді бірден Қ.Айтымов.
Маманның айтуынша, бұл құжатты беру мемлекеттік қызмет болып табылады. Оны алу үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге, не болмаса eGov.kz порталы арқылы электронды түрде тапсырыс беруге болады. Қызметті тек куәліктің жарамдылық мерзімі өткен кезде ғана емес, сонымен қатар, тегі, аты және әкесінің аты өзгерген, құжат жоғалған немесе ұрланған кезде де алуға болады.
Қызметті алу үшін порталға кіріп, «Көлік және коммуникациялар» қосымша қызметін, оның ішінде «Автомобиль көлігі» бөліміндегі «Жүргізуші куәліктерін беру» қызметін таңдау қажет. Одан әрі авторизациядан өтіп, «Онлайн сұрау» батырмасын басу керек. Әрі қарай барлық қажетті мәліметтерді енгізіп, фотосурет пен қолтаңба үлгісін жүктеп, соңында 1,25 АЕК мөлшерінде төлем жасап, ЭЦҚ көмегімен қол қою керек.
Сондай-ақ, Қ.Айтымовтың айтуынша, «тегін, атын және әкесінің атын ауыстыру» жолын таңдау кезінде тегін, атын, әкесінің атын ауыстыру туралы куәлікті жүктеу қажет. Құжаттың қолданылу мерзімі аяқталған болса, 083-У медициналық анықтамасын, ал, жоғалған немесе ұрланған жағдайда аудандық полиция басқармасының анықтамасын енгізу қажет.
Жүргізуші куәлігін ауыстыру бойынша қосымша сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар 51 81 33 нөмірі арқылы хабарласа алады.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облыстық департаментінің баспасөз қызметі.