«El jastar» театры 2019 жылы «Жастар жылы» аясында ашылды. Ақпан айының 20-сы башқұрт жазушысы Айгиз Баймухаметовтың «Тастамашы мені, мама» повесінің желісі бойынша қойылған «Армандар кемесі» атты спектаклі сахналанды. Режиссері және қазақ тіліне аударған театрдың көркемдік жетекшісі Фархатбек Аманжолұлы Қанафин. Қойылым үш күн аншлагпен өтті. Өнерімен елге таныла бастаған және көрерменінің сүйіспеншілігіне ие болып жүрген жастар театрының ұжымына облыстық әкімдік тарапынан ұдайы көңіл бөлініп келеді.
Бұл қойылыммен театр Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған IV халықаралық «BALAUSA» экспериментальді спектакльдер фестиваліне қатысып, «Өзекті сахналық тілді іздегені үшін» номинациясын және облыс әкімінің арнайы жүлдесін еншіледі. Сондай-ақ, театр балаларды қорғау күніне орай, Данияр Саламаттың «Асқар мен асық» ертегісін сахналады. Ол ертегіні Көкшетау қаласының балабақшаларына барып қойды.
Сонымен қатар, «Жастар жылының» қорытындысы ретінде театр ұжымы 10 аудио кітаптан тұратын «Ақмола облысы ақын-жазушыларының аудиокітаптар» сериясын көпшілікке ұсынды.
2020 жылдың ақпан айында Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орайластырып «Жастықтың оты, қайдасың?!» перформанс жанрындағы инсценировкасын көпшілікке ұсынды. Сахналық нұсқасын жасаған, режиссері Фархатбек Канафин. Бұл премьерамен Алматы қаласының Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының колледжі ұйымдастырған Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған халықаралық студенттер фестивалінде жүлделі 2 орынға ие болып, «Үздік ансамбль» номинациясын алып келді.
Театр қазіргі пандемия кезінде де өз жұмысын тоқтатқан жоқ. «Көксеңгір» медиа студиясымен бірлесіп «Әлди, әлди телефон» (бала тәрбиесі мен смартфонның зияны жайында), «Қателік» (жасанды түсік жайында), «Ажырасу» (қоғамдағы белең алып тұрған жас отбасылардың ажырасуы жайлы), «Ұрпақ тәрбиесі» (ұлттық тәрбие мен көше тәрбиесі, нашақорлық жайлы) «Қайдасың, мама?!» (балалар үйінің тәрбиеленушілері жайлы) «Жігер» (мүмкіндігі шектеулі, зағип балалар жайлы), «Кербез Көкше» (Көкшетаудың сұлу табиғатын көрсету арқылы туристерді тарту және қоршаған ортаны қорғау жайлы) «Үміт» (жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі), «Әкеге қарап ұл өсер» (жақсы әке мен жаман әке тәрбиесі), «Рақмет» (жақсылық жасап, алғыс жинауға үгіттеп, игілікті насихаттау жайлы) 10 әлеуметтік видео ролик түсірді.
Көрерменін жоғалтпау үшін театр «Көксеңгір» медиа студиясымен бірлесіп, Сирияда жат діни ағымның жетегінде жүрген отандас-
тарымызды қайтаруға бағытталған «Жусан» операциясы жайында «Бір түп жусан» танымдық, ағартушылық видео спектаклін түсірді. Сценарий авторы – Мерген Тоқсанбай, режиссері – Хәкім Хасамбай.
Хәкім Хасамбай,
«Еl jastar» театрының директоры