Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Темірден түйін түйген Құсайын - АРҚА АЖАРЫ

Темірден түйін түйген Құсайын

Өткен ғасырдың орта шенінде біздің ауылдың тұрғындары ұжымшарға (колхоз) бірігіп егін өсіріп, мал шаруашылығымен айналысып жатты. Осы жұмыстарды атқару үшін әртүрлі мамандық иелері бар еді.

Ауыл шаруашылығы техникаларын игеретін бірнеше механизаторлар болды. Техника негізі темірден жасалған бөлшектерден құралады ғой. Ол тозбай, сынбай тұрмайды. Ол кезде ұжымшарда техниканы жөндейтін шеберхана жоқ, тек қана бір ұстахана болатын. Механизаторлар сол бүлінген бөлшектерін мүмкіндігінше осында жөндейтін. Онда да өздері емес, ұстаның көмегіне жүгінетін.
Ол кісі Құсайын Нұрұлы болатын. Бір елде аттас бірнеше кісі болады ғой. Көпшілігін әкесінің атымен атайтын. Бәленшенің Құсайыны – деп. Бұл кісіні біздің өңірде ұста Құсайын дейтін. Халқымыздың мынадай керемет сөзі бар: ұсталы ел озар, ұстасыз ел тозар. Амангелді атындағы ұжымшар соғыс кезінде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруда республика көлемінде алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі болды. Осындай жетістікке жетуде ұста Құсайынның да қомақты үлесі болды ғой деп ойлаймын. Құсайын атамыз тарамыс денелі жылдам қозғалатын кісі еді. Ұстахананың ыстық пешінің қасында қатты қызған темірмен жұмыс істеп жатқанда тер бұрқырап ағып тұратын. Боря деген денелі, неміс көмекшісі (молотобоец) үлкен балғамен қызған темірді соғып тұрғанда Құсағаң төстің үстіндегі қысқашпен аударып, төңкеріп, кішкене балғасымен төсті тықылдатып көмекшісіне белгі беріп тұратын.
Соғыс кезінде, одан бұрын да халықтың негізгі көлігі жазда ат арба немесе өгіз арба, ал, қыста шана болатын. Ол уақытта арбаның дөңгелектері ағаштан жасалып, темір құрсаумен қапталатын да, шананың табанына қалың қаңылтыр шегеленетін. Осыларды да ұстаханада жасайтын. Арбаның дөңгелектеріне темір құрсауды тығыз кигізу әркімнің қолынан келмейтін. Оған арнайы жасалған жабайы станок болды. Екі-үш адамнан көмекшісі бар Құсағаң соның айналасында зыр жүгіріп жүріп, үлкен балғамен ұрғылап тығыз кигізуге тырысатын. Біз балалар аттарға таңба салғанға қызыға қарайтынбыз. Соғыс кезінде атты әскерге әрбір шаруашылықтан жақсы жылқыларды тандап алып, оларға ЛСА (лошадь советской армии) деген белгіні ыстық темірмен күйдіріп жамбасына басатын.
Біз үшін жылқының кісінегені қызық. Ал, жануар үшін әрине, ол азап. Күмістен сырға, жүзік сияқты әшекейлер жасайтын. Темірге байланысты басқа шаруалар да Құсағаңның көмегімен орындалатын. Осындай жанкешті еңбегімен Құсайын атамыз елде беделді адамдардың бірі болды. Сонда жаңағы арбаларын, шаналарын тағы да басқа заттарын оңдатқандар ештеңе төлемейді. Ұжымшар мекемесі белгілі бір еңбек ақы төлейді, соған риза болып жүре береді.
Ал енді Құсағаңның отбасына қысқаша тоқталатын болсақ, бәйбішесі Қазиза мен жалғыз қыздары Мүгілсім болды. Қазиза шешей сондай балажан еді. Көшеде ойнап жүрген бізді үйіне алып барып, үлкен бір литрлік кесеге ұйытылған бал қаймақтай айран мен жаңа піскен нан беретін. Біз көше баласы осы дәмдерін тамсана отырып, ішіп жеуге тырысатанбыз. Бұл көп айранды тауыса алмай отарғанымызда, төрде домбырасын дыңғырлатып жатқан Құсайын атамыз жаманнан жарты аяқ ас қалады, сендер немене жамансыңдар ма, тауысып қойыңдар деп жігерлендіріп қоятын. Айрандарымызды зарға тауысып, рахмет айтып кететінбіз. Ойлап отырсаң, ол да бір заман.
Қазір ондай әже-шешейлер бар шығар, бірақ сол кездегідей мейірімдік аз сияқты. Белгілі жазушы Шерхан Мұртаза айтпақшы, бұл да бір кем дүние.
Қызы Мүгілсім отбасын құрып, Серік, Сәтпек, Сәуле сияқты балаларды өсіріп жеткізді. Осы балаларды өсіріп жеткізуде Құсағаң мен Қазиза шешейдің де еңбектері зор болды. Құсайын атамыздың осы кішкентай балаларды арқалап жүргенін талай көргенмін. Қазақи тілде айтқанда, олар жиен болып келеді.
Жиен деп айтуға аузым бармайды, немерелері деген жақын сияқты. Ұлдан немесе қыздан туса да өз баласының ұрпағы ғой. Сондықтан, қыз баладан туған баланы алыстатпай немере десек ештеңеден ұтылмайтын сияқтымыз. Апайыңнан немесе қарындасыңнан туған кішкентайды да жиен дейсің ғой, сонда өз балаңнан туған сәби солармен тең болғаны ма? Әрине, біреулер мені құптамас, бұл менің ойым. Әсіресе, осы отбасы сияқты ұл балалары жоқ ата-аналарға үлкен демеу болар еді.
Менің жазып отырғаным өмірдің бір кезеңі. Құсайын атамыз секілді сирек кездесетін мамандықты игеріп, оны халқының келешегі үшін аянбай пайдалансақ, еліміздің келешегі жарқын болар еді деп ойлаймын. Қазиза шешей тәрізді қамқор әже-аналардың көп болуын қалаймын. Қазақ қонақжай ғана болмай, бір-біріне дос, жанашыр болса, ұтарымыз көп болар еді.
Абай атамыз отыз үшінші қара сөзінде айтқандай, егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Елімізді байытамыз, көркейтеміз десек, әрбір қазақстандық азамат өнерлі болып, еңбек етуі қажет.
Еркін Дәуешұлы,
еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар