Елордадағы Жастар театрында белгілі жазушы-драматург Баянғали Әлімжановтың «Қарыз бен Қаспақ» комедиясының премьерасы болып өтті. Спектакльдің қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев.
Ақша мен материалдық игілік басты құндылыққа айналған қоғамда несие алып қарызға бату да қалыпты құбылысқа айналғандай. Қаспақ пен Баспақ және олардың қарсыластары арасында өрбіген шым-шытырық шытырманға толы оқиғалардың басты себебі де осы қарыз алу мен сол тығырықтан шығудың қызу қайшылығына құрылған.
Басы дауға қалған Баспақты даудан Қаспақ құтқара ала ма, әлде досын құн сұраушылардың қанжығасына байлап бере ме? Адам өмірінен ақша құнды болған қоғамда кім жеңеді? Осы сауалдарға күлдіре отырып жауап іздейтін қойылым көрерменін бейжай қалдырмасы анық. Ұтқыр тіркес, қызықты сюжетке құрылған комедия замана келбетін шынайы бейнелейді.
Комедияда басты кейіпкерлер Қаспақтың рөлін Данияр Оразаев, Баспақтың рөлін Елдос Шәйкенов сәтті орындап шықты. Сондай-ақ, қойылымдағы Оспақ, Тостақ, Сәукеш, құдағи, көрші шал сияқты кейіпкерлердің болмыс-бітімі, мінез-құлқы да театр әртістерінің сомдауында көрермендер ризашылығын туғызды.
Осылайша жерлесіміз Баянғали Әлімжановтың тағы бір комедия жанрындағы пьесасы астаналық өнерсүйгіш қауымның көзайымына айналып, жақсы бағасын алды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.