Қазақстан тәуелсіздігін алған күннен бастап мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін және елдің дамуын тежейтін әлеуметтік дерт ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл болып табылады.
Бүгінде осы қауіпті, келеңсіз көрініспен күрес шараларының бір бөлігі бүкіл қоғамның күш-жігерін біріктіру арқылы азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Бұл жерде үлкен үміт пен жауапкершілік еліміздің қуатты стратегиялық ресурсы, біздің болашағымыздың негізі болып табылатын жас ұрпаққа жүктеледі. Нақ осы жастар сыбайлас жемқорлықтан азат қоғам құруға және мемлекетіміздің өркендеуін қамтамасыз етуге қабілетті болуы тиіс.
Жас қазақстандықтардың алдында кәсіби өсу мен өз күш-жігерін таныту орайында үлкен мүмкіндіктер тұр. Алайда, бірінші кезекте қазіргі заманғы жастардың жеке басының берік адамгершілік негіздері, азаматтық ұстанымы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың орнықты дағдылары болуы тиіс. Бұл қасиеттер болмаса, бәсекеге қабілетті және дамыған мемлекет құру мүмкін емес.
Қазақ халқының «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген дана сөзі бар. Баланы тәрбиелеу шынымен бесіктен басталады. Ол дүниеге келген сәттен бастап адам қоғамның бір бөлігіне айналады. Оның одан арғы дүниетанымы мен қоғамдағы мінез-құлқы отбасында, балабақшада, мектепте және университетте алатын барлық білімі мен тәрбиесінің қаншалықты дұрыс болатындығына байланысты.
Сондықтан, қазірдің өзінде өскелең ұрпақтың бойында парасаттылық идеологиясын ілгерілетуге негізделген сыбайлас жемқорлықты мүлдем қабылдамау мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Парасаттылық – қоғамдағы саяси, сондай-ақ, әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықтың негізі. Ол адалдық, әділдік, сатылмаушылық, заңға құрмет, патриотизм сияқты құндылықтарды біріктіреді. Парасатты қоғамда азаматтар ережелерді өздері үшін емес, ортақ игілік үшін ұстанады, жеке басының емес, қоғамдық мүдделерге басымдық береді.
Өткен жылдың соңында қабылданған заңнамалық түзетулерге сәйкес департамент білім беру, ақпараттық және ұйымдастыру шараларын іске асыру жолымен қоғамда, оның ішінде жас ұрпақ арасында парасаттылық қағидаттарын белсенді енгізуде. Осы тұрғыда біз облыстың білім беру мекемелерімен бірлесіп, жүйелі негізде «Адалдық алаңы» жобасының аясында тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Ағымдағы жылдың басында департамент «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі және өңірдің жоғары оқу орындары арасында білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықты жаппай қабылдамауды қалыптастыруға бағытталған «Саналы ұрпақ» жобасын бірлесіп іске асыра отырып, ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумға қол қойды.
Өскелең ұрпақ арасында жоғары адамгершілік пен парасаттылықты қалыптастыру мақсатында оқу орындарында 551 «Адал ұрпақ» және 37 «Саналы ұрпақ» ерікті клубтары жұмыс істейді. Осы бірлестіктердің қызметі шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы түрлі дебаттар, слёттар, кездесулер, тренингтер, сурет конкурстары, акциялар, челлендждер, брейн-рингтер, әлеуметтік сауалнамалар және басқа да іс-шаралар үнемі ұйымдастырылып тұрады.
Биылғы жылы эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыстың белсенді жастары арасынан шыққан ерікті клубтар өкілдерінің жыл сайынғы облыстық слёты онлайн түрінде өтіп, оған 200-ге жуық оқушы мен студент қатысты. Слёт бағдарламасы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың өзекті мәселелерін талқылауға арналды.
Сондай-ақ, мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін телеарналар мен әлеуметтік желілерде танымал тұлғалардың рухани мұрасын, адамгершілік құндылықтарды насихаттауға бағытталған. «Адалдық сағаттары» бейне-дәрістері таратылады. Бұл ретте, ұлы ойшылдар Әл-Фараби мен Абайдың еңбектері ерекше орын алатынын айта кету керек. Бүгінгі таңда ол еңбектер жастардың қызығушылығын тудыруда.
Волонтер жылы аясында облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен өткен еріктілердің «Біргеміз» облыстық слётында сөз сөйлеу барысында мұқтаж жандарға тегін көмек және қамқорлық көрсете отырып, қайырымдылыққа құштар жастардың «Ізгілік елшілері» рөлін атқаратынын атап өттім. Өйткені, жаңа буынды гуманизм, мейірімділік және жанашырлық рухында тәрбиелеу парасаттылық идеологиясының басты негіздерінің бірі болып табылатыны түсінікті.
Жастар мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру бойынша өз идеялары мен ұсыныстарын енгізуі үшін департамент белсенділермен бірлесіп, «Идеялар фабрикасы» брейнстормингтерін ұйымдастыруда. Онда интерактивті форматта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері және оларды шешу жолдары талқыланады, студенттер сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құру жөнінде өз жобаларын ұсынады.
Жас ұрпақтың бойында құндылықтың дұрыс бағыттары мен бағдарларын қалыптастыруға өз балалары мен жақындарының жарқын болашағы үшін азаматтарды парасатты өмір салтына шақыратын сыбайлас жемқорлыққа қарсы сипаттағы әлеуметтік бейнероликтер де көмектеседі.
Қазіргі өскелең ұрпақ – бұл біздің болашақ заңгерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, құрылысшылар, әскери қызметшілеріміз және олардың өз саласында қаншалықты сауатты маман болатындығы көбіне-көп аға ұрпаққа, олардың бүгінгі бет-бейнесіне байланысты. Сондықтан, әділеттілік, парасаттылық және сенім еліміздің әрбір жас азаматы үшін басты құндылықтар болатынына сенімім мол.
Мұрат ТӨЛЕУБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы.