Биыл Сандықтау ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында орталық кітапхана күрделі жөндеуден өткізілді. Жаңа кейіпке енген аудандық кітапханаға бұған дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Осы орайда, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау халықтың рухани дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз.
Аудандық кітапхана ғимараты 1932 жылы бой көтерді. Содан бері мұнда құрылысшы қалағы тиген-тимегені белгісіз. Биыл жергілікті әкімдіктің қолдауымен ғимарат күрделі жөндеуден өткізілді. Аудандық кітапхана директоры Светлана Губреваның айтуынша, осы жұмысқа 20 миллион теңге бөлінген. Қазір бұл мекеменің карантинге байланысты 9 қарашадан бастап кітапхана жаңа жұмыс форматына көшіпті. Яғни, оқырмандар кітаптарды қашықтан алады. Әлеуметтік желілер арқылы «60+» және «Үйде оқимыз» атты жобалар іске қосылды. Қызметкерлер оқырмандардың мекенжайларына барлық санитарлық шараларды сақтай отырып, осы кітаптарды жеткізіп береді. Оқырмандар тарапынан келген өтініштер телефон арқылы қабылданады. Кітапхана директорының айтуынша, кітаптар кері қайтарылғаннан кейін арнайы пакеттерге салынады. Әдебиеттер қолданысқа қайта берілмейді. Бүгінгі таңда кітаптарды жинақтау мемлекеттік тапсырыс бойынша жүзеге асырылатын көрінеді. Кітаптар ай сайын облыстық кітапханадан жеткізіліп отырады. Үш тілдегі әдебиет қоры толықтырыла отырып, он ауылдық филиалға қызмет көрсетіледі. Кітапханашы Любовь Момот:
–Жаңа кітаптарды нөмірлеп, электронды каталогқа тіркейміз. Содан кейін ауылдық кітапханаларға таратамыз. Онымен қоса техникалық өңдеу жүргізу де біздің жұмысымыз,–дейді. Биыл детектив жанрындағы кітаптарды сатып алуға көңіл бөлінуде. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, мұндай әдебиеттер ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие.
Жомарт ДОСМҰҚАНОВ.
Сандықтау ауданы.