«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 56 бабының 12 тармағында басшылық лауазымдарды атқаратын адамдарды қоспағанда, ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін және тұратын «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілетіні айтылған.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылдың 30 қыркүйегіндегі №72 бұйрығымен «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну қағидалары» бекітілді. Яғни, ауылдық жерде жұмыс істеп, тұруға келген мемлекеттік қызметшілерге көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға әлеуметтік қолдау көрсетілетін болады. Жергілікті өкілетті орган жыл сайын көрсетілетін қызметті алушыларға көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну туралы шешім қабылдайды.
Мысалы, көтерме жәрдемақы түрінде әлеуметтік қолдау 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі, ағымдағы жылы бұл 277,8 мың теңгені құрады. Ал, тұрғын үй алуға немесе салуға бюджеттік несие 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде он бес жылға дейінгі мерзiмге 0,01 пайыз мөлшерiндегі жылдық сыйақы мөлшерлемесі бойынша беріледі.
Бұл жерде жоғарыда аталған бапқа сәйкес, қосымша әлеуметтік қолдау шараларының басшылық лауазымдарды атқаратын тұлғаларға таралмайтынын және бұл қолдау шаралары тек мемлекеттік қызметтің E-G-3, E-G-4 санатындағы – бас мамандар мен жетекші мамандарға қатысты екендігін атап өткен жөн.
«Дипломмен – ауылға!» жобасы 2009 жылы басталған. Осы уақытқа дейін әлеуметтік қолдау ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға көрсетіліп келді. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі кадр әлеуетін күшейту, кәсіби мамандарды тарту.
Қазіргі уақытта ауылдық округ әкімі аппараттарында кадр тапшылығы байқалады. Осы жылдың тоғыз айы бойынша жүргізілген мониторинг олардағы бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдардың үлесін түгел бас мамандар мен жетекші мамандар құрайтындығын көрсетті. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілердің бұл санатын қосымша әлеуметтік қолдау ауылдық жерлерді кәсіби мамандармен қамтамасыз ету мүмкіндік береді деген ойдамыз.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерді «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және өзге де заңнамада айқындалатын тәртiппен тұрғын үймен қамтамасыз ету, баспанаға мұқтаж қызметшілерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру, белгіленген тәртіппен мемлекеттік денсаулық мекемелерінде медициналық қызмет көрсетуді пайдалану мүмкіндіктері көзделген. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік органның штат кестесі қысқарған, таратылған жағдайда жұмыстан шығу жәрдемақысын төлеу, қайта ұйымдастырылған жағдайда функциялары берілген басқа мемлекеттік органнан бұрынғы атқарған лауазымымен мәні бірдей лауазым, болмаған жағдайда өзге мемлекеттік лауазым ұсыну қарастырылған.
Райхан БРАТАЕВА,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы бойынша
департаментінің басқарма басшысы.