(қаз қалпында)
Әлі есімде, сонау 1966 жылдың қоңыражай күзі болатын. Тап сол жылы шалғайдағы ауылдан артынып-тартынып, қазіргі оңтүстік астана – Алматыдағы Қазақтың әл-Фараби атындағы (ол тұста С.М.Киров есімімен аталатын) Ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түстім. Шындықтан аттап кетпейік, бұған дейін бір жыл бұрын осы жоғары оқу орнына іштей түспек ниетпен құжаттарымды тапсырмашқы болғанымда ондағылар: «Кемінде екі жыл еңбек өтіліңіз болуы қажет. Әйтпесе сынаққа жіберілмейсіз», – деп бетімнен алып, меселімді қайтарып тастаған еді. Амалың нешік, жабырқап-жадап, салым суға кетіп елге қайтып, жылға жуық тиіп-қашып әр жерде жұмыс істеген болдық.
Сөйтіп, мұның алдында ғана мектепте оқып жүрген кездің өзінде аудандық, облыстық, әрісі республикалық басылымдарда жарық көрген хабар-ошарларымды жинақтап апарып, өздерінен жолдама алған сол кездегі Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің редакциясына жарты ставкамен тілшілік қызметке орналастым.
Айтайын дегенім, міне, өзімнен едәуір жас үлкендігі бар қаламгер ағаларыммен алғаш рет осында қаладағы иісі қазақтың қара шаңырағы саналатын – редакция қабырғасында таныстым. Әуелгі бетте-ақ мені мейлінше жақын тартып, «өй, өзімнің бауырым екенсің ғой» деп іштарта сөйлеп, етене шүйіркелескен адамым, әрі жерлестігі тағы бар (кейін білгенімдей ол кісі де бұрынғы Чкалов ауданындағы Севастополь елді мекенінен екен), Сәкен аға Әубәкіров болып шықты.
–Сайлау қарағым, алған бетіңнен қайтпағайсың, алғашқы қадамың құтты болсын. – Әйтеуір алдыңа қойған мақсатыңа жетіп, мына ағаларыңдай атышулы үлкен қаламгер атануыңа тілектеспін,–деді ол оңаша қалған сәттердің бірінде,–және өзіңнен естіп-біліп жатқанымдай, сенің ағаларың Әбу мен Сағитты да жақсы білемін. Өйткені, бәріміз де ауылда бастауыш мектеп қана болғасын мына іргедегі Аймақ сегізжылдық мектебінде білім алғанбыз.
Міне, алғашқы таныстық, тұңғыш шүйіркелесіп сөйлескеніміз осымен бітті. Шіркін, уақыт деген жүйрік қой. Күн артынан күн, ай соңынан ай осылайша білінбей жылжып өтіп жатты. Кейін ауылдасым, ол да тап сол жылы Алматы шаһарындағы Абай атындағы ҚазПИ-дің филология факультетін іштей тәмамдап келген Төлеген Қажыбай ағаммен, айыртаулықтар Маман Ементаевпен, Жұмабай Есекеевпен, жылымдылық Жомарт Оспановпен, қызылтулықтар Сәкен Хасенеевпен, Кенжетай Ғазизтегімен, Шиябиден Қойшыбаевтармен, өзім тұстас қошқарбайлық замандасым Балталы Сәрсенбаевпен, тағы басқаларымен қатар қам-қарекет жасап, әркім өз хал-қадерінше жұмыс істеп жаттық.
Жасырып не керек, ауылдан шалғайға ұзап көрмеген әрі әліпті таяқ деп білмейтін өзімдей қарадомалақтарға әуелгіде қаламы жүйрік, жасы егделеу ағалармен бірге қатарласып қызмет жасау оңайға соқпады. Оның үстіне кейбір лауазымы жоғарылау әріптес ағаларымыз ана жазғанымызды да, мына жазғанымызды да жассынып, не болмаса баласынды ма, әлде көзі қанығып, үйренсін деді ме, әйтеуір, жөнді-жөнсіз сызғылап, өзімізге кері қайтарып, машинкаға қайта бастырып әкелуімізді талап етіп отырды. Редакцияның оны-мұны ішкі шаруасына да жиі жұмсайтынды шығарды. Ақыры келіп, жастайымнан бірбеткейлігімнен бе, мұның бәрі өзім теңдес қайсыбіреулердей менің де қытығыма тиетін болды.
Сөйтіп жүргенде бірде әдеттегі таңертеңгі ұшқалаң жиыннан кейін Сәкен аға, Сәкен Әубәкіров сұқ саусағын шошайтып, ақырын ымдап өзіне қарай шақырып, оңаша кабинетіне кірген соң:
–Оғаштау айтсам, көңіліңе алмағайсың қарағым, мына мүйіздері қарағайдай, қайыстай қатқан қытымыр ағаларыңа ілесіп, жұмыс істеу сендей жас адамға оңай тимесі анық. Сондықтан, әлі де болса болашағың алда ғой, айтар ақылым, мына іргедегі Зерендіде жаңадан екі тілде шығатын газет редакциясы ашылғалы жатқан көрінеді. Ондағы жігіттердің біразын өзім де сырттай жақсы білемін. Соларға бар жайды айтып, құлаққағыс етермін. Үйренем, басқалардан қалыспай, көкейімдегі ойларымды қағаз бетіне түсірем, ертеңгі күні қаламы жүйрік қарымды журналист атанам десең, міне, сонда барып, тәжірибе жинақтап қайт. Айтайын дегенім сол, – деді арқамнан қағып.
Көп ұзамай елден ұзап шыққалы тастамай жүрген жалғыз қара чемоданымды сүйретіп қаладан небары 50 шақырымдай қашықтықтағы қазіргі зергер зерлегендей Зерендіге жол тарттым. Артынша-ақ мұндағылармен тез арада тіл табысып, бір-бірімізге бірге туған ағайын-туыстай үйренісіп кеттік. Көбісі өзім құралпы жас жігіттер мен қыздар екен. Орыс тілінде шығатын газетіміз «Заря коммунизма» атауымен шығатын болса, «Коммунизм таңы» деп аталатын қазақ басылымының қожасы – кәдімгі очеркист әрі сатирик Баймұрат Азнабайұлы. Солардың көмегімен селоның қақ ортасындағы ағаштан салынған екі қабатты мейманхананың бір бөлмесіне орналастым. Не керек, сол алғашқы күннен бастап-ақ газет бетіне орысшадан аударған, әйтпесе өз атымнан ірілі-ұсақты материалдарды бұрқыратып жазуға кірістім. Беттен қағып жатқан ешкім жоқ. Байекең марқұм кей-кейде «ананы былай жазғаның дұрыс, мынаны бүйткейсің?» деп үйреткенсіп қояды.
Ақыры екі-үш жыл тәжірибе жинақтап, жазған дүниелерімнің кейбірі облыстық, республикалық газеттер мен журналдарда жарық көре бастады. Сөйтіп жүргенде бірде баяғы Сәкен ағамыз Әубәкіров маған телефон шалып:
– Анда-мында шығып жатқан материалдарыңды оқып тұрамыз, қаламың едәуір төселген сияқты. Саған айтарым, елден шалғайлау жүрсің ғой, бізде екі-үш орынға ваканция бар. Анау насихат бөлімін басқарып отырған әрі редактордың орынбасары Сүлекең, Сүлеймен Ақтаев қарамағындағы қызметкері басқа жаққа ауысып кетіп, көмекшісіз қалып еді. Сол кісі: «Сайлау сенің ауылдасың көрінеді, әрі жазғандарын мен де оқып, тани бастаған секілдімін. Сол інішекті мында жұмысқа шақырып, қарамағымызға алсақ қайтеді? – деп отыр. Бұған қалай қарайсың?» – деді салған бетте.
Онсыз да елден жырақтау кетіп, жалғызсырап, жүдеп-жадап жүрген мен бірден «жә» деп, көне кеттім.
Тағдырдың жазуымен сөйтіп Сәкен ағамызбен қайта қауыштым. Бұрынғы редактор – Өміржан Оспанов әлдебір себеппен Қызылжарға қоныс аударған екен. Сол орынға Талдықорған жағында қызмет істеп жүрген зеренділік Қараөткел ауылынан Жанайдар Мусин келіпті. Бұған дейін де бірнеше жинағы жарық көрсе керек. Өзі де іссапарға шықса, ана-мына тақырыпқа көсілтіп жазатын жазушы ағамыз, қарамағындағы қызметкерлерден де осыны талап ететін.
Шындығын айту керек, бұ жағына келгенде Сәкен ағамыз өзіне қамшы салдырмайтын. Әсіресе, газет жанрлары: заметкадан бастап, корреспонденция, репортаж, суреттеме дейсің бе, бұрқыратып жазатын да жататын. Іссапарларға да жиі шығып тұратын. Мұны қойғанда ол кісі басқаларымыздай емес, фотосурет түсірумен де айналысып, нөмір сайын деуге болады, жеке адамдарды былай қойып, облыс өңіріндегі, осы аймақтағы ірі өндіріс орындарынан, шалғайдағы түрлі шаруашылықтардан небір жанрдағы суреттерін қолма-қол секретариаттан өткізіп отыратын. Тіпті, сол кездегі редакцияның жауапты хатшысы Окең, Октябрь Бұхарбаев марқұм кезекті нөмірлердің біріне салатын сурет таба алмай штаттағы фототілшілермен айғайласып, айтысып-тартысып, тәжікелесіп жатқанда, Сәкен ағамыз:
–Оу, Өке, жоққа бола несіне қиналасыз, іздеген сол суретіңізді мен-ақ тауып бере қояйын,–деп әлгінің тез ашуын басатын.
Қаладағы ат төбеліндей топ – көкшетаулық қалам иелері үшін әр айдың екі күні той-домалақ болатын. Олай дейтінім, әр айдың орта тұсында аванс, соңында жалақы алатынбыз. Не дерің бар, ол уақытта жас кезіміз ғой, жұмыс соңын ала бес-алтауымыз шұбырып орталықтағы сол кездегі «Қымызхана» дәмханасына баратынбыз. «Қымызхана» деген аты болмаса, онда түрлі тағамнан бастап сыраң да, ақаң да сатылатын. Өзгеміз жер басып, тірі жүргенімізге мәз болып, сонда бас қоссақ та, Сәкен аға мұндайға жүрмейтін.
–Ақшасын аяды, шық бермес Шығайбайдың нақ өзі демей-ақ қойыңдар, денсаулық жоқ, денсаулық, – деп қағыс қала беретін.
Шындығында Сәкең осының алдында жастайынан көрген жоқшылықтың салдарынан ба, екі өкпесіне бірдей ота жасатқандығын білетінбіз. Тіпті, қара жер хабар бермесін, кейде кабинетте отырып, оқыс қақырынып қалғанда, ішінен қан түйіршіктері де түсетін. Бірақ, мұнысын еш жанға сездірмейтін. Әйтеуір, жұмыс десе ішер асын жерге қоятын жан еді. Онысын жақтырмаған кейбір әріптестеріміз:
–Тиын санап, ақша десе құнығып-ақ тұрады. – Денсаулығының дімкәс екендігін білседағы күні-түні жалықпастан жұмыс істеуге бар,–деп сыртынан пыш-пыштап ғайбаттап, кінә тағатындықтарын қайтерсің-ау!
Солай бола тұра редакциядағы біздерден жасы егделеу біраз жігіттер әрқайсысының отбасында әлдебір қызық-қуаныш бола қалса, әйтпеген күнде қысқы омыртқа кезінде бір-бірімен мәз-мейрамдасып, етене туған жандардай кәдімгідей араласып-құраласып жататын. Солардың бірі – өзіміз сөз етіп отырған кейіпкеріміз Сәкен Әубәкіров еді. Қалғандарын айта кетсек, манағы Маман Ементаев, Жомарт Оспанов, Сәкен Хасенеев, біздің Төкең, кәдімгі Төлеген Қажыбаев, Мәтен Бижанов, жасы бұлардан кішілеу болса да, ағаларынан қалыспай еріп жүретін Балталы Сәрсенбаев, қаладағы сүт зауытының сол кездегі басшысы Түлкібай Ысқақов, бәрі-бәрі бірге туған ағайындардай әр бас қосу кезінде ішіп-жемнен басқа ойнап-күліп дегендей, бір жасап қалатын. Мұны сырттай естіп білетін бәзбіреулер олардың бұл мұсылманшылық жолды қуғандықтарын қуана құптап, қызғанбаса да, іштей риза болысып, сүйсініп жататын. Айтпақшы солардың сөзімен айтқанда, кейіннен бұл жетеуі «великолепная семерка» деп атанып та кеткен еді.
Күлкілі болса да тағы бір айта кететін жәйт, бізде есімдері аттас, қос десек те артық емес, екі Сәкен болды. Бірі – ақсары өңді Сәкен Хасенеев те, екіншісі – қараторы жігітіміз Сәкен Әубәкіров. Кей-кейде әріптес ағаларымыз олардың екеуін келемеждеп: «қара Сәкен, ақ Сәкен» десіп өзара кеңкілдесіп, күлісіп алатын. Әйтсе де, әзілдері жарасқан жандардың айтқандарын бұлардың екеуі де көңілдеріне алмайтын.
Өкініштісі сол, осы жігіттердің біразы 50-іне, болмаса 60-ына да жетпей, жастайынан қыршын боп кетті. Редакцияның білдей бір ауыл шаруашылығы бөлімін басқарып отырған жылымдылық Жомарт марқұм, Жомарт Тоқышұлы Оспанов тіпті қырық жасына жетер-жетпесте жүрек ақауынан о дүниеге аттанып кете барды. Әйтеуір жастайынан денсаулығы сыр беріп, жайшылықтың өзінде ентігіп-демігіп жүрсе де, ол аздай құдай қосқан қосағы – Жанбала апайымыз оқыста қайғылы қазаға ұшырап, тосыннан бақилық боп кетсе де, ер мінезді Сәкен ағамыз басына түскен бұл ауыртпалықтың бәр-бәрін атан түйедей көтере білді.
Кейіннен әлдебір себептермен ол кісі Көкшетау облысы тарқамай тұрып, осындағы телерадиокомпанияға қызметке ауысып кетті. Әйткенмен біздің ұзақ жылғы ағалық-інілік ара қатынасымыз үзілген жоқ. Өйткені, сол тұста редакциядағы совет құрылысы және хабар бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарып жүрген мен көбіне-көп қысылған сәттерде Сәкен ағадан көмек сұрайтынмын. Себеп сол, облыс аумағында болып жатқан мәдени, басқа да жаңалық-хабарларды алдымен сол кісі естіп-біліп, теледидар, радио арқылы жұртшылыққа таратып жататын. Тап сонда күн сайын өзіміздегі ұшқалаң жиында «кім бүгін қанша жол запас береді?» деп тақақтап отыратын басшылардың ығыр сөзінен құтылу үшін осындай «қулыққа» да баратынбыз.
Әлгінде айтқанымдай, Сәкен ағамен ара-қатынасымыз бұдан кейін де үзілген жоқ. Тіпті 50 жасқа, 60 жасқа толған мерейтойларына дейін бізді жатсынбай басқалармен қатар Мәуен екеуімізді қоса шақырды.
Жақсылығына солайша жауап қайтару мақсатымен ердің жасы 50-ге толған тойыма мен де Сәкен ағамызды жеңгеймен қоса шақырып, өзгелермен қатар төрдің төріне отырғыздым.
Бұл сонау 1997 жылдың қақаған қыс кезі еді. Көкшетаудың басына бұлт үйірілген шақ. Қаланың әр кварталындағы үйлердің электр жарығы әлсін-әлсін сөніп, жеткілікті жылу берілмегендіктен батареялардың жарылып, тұрғылықты халықтың әбден берекесі кеткен еді.
Міне, сондай қолайсыз жағдайға қарамастан мерейтойыма әдейілеп шақырған ағайындардың бәрі уақытылы келді. Аяз қысып тұрған шақ. Тіпті, сол күні сынап бағанасы минус 40 градустан асып кетіпті. Өз әріптестерімді бастап келген ақсақалымыз Әбділда Дүйсенов, сол кездегі редакторымыз Мәтен Бижанов, Рүстем Бермағамбетов, Сәкен Хасенеев, Төлеген Қажыбай, Жұмабай Есекеев, әлгі айтқан Сәкен ағамыз, Сәкен Әубәкіров, тұрғыластарымнан Балталы Сәрсенбаев пен Райхан Сейіт, елден келген ағайын-туыстың барлығы кезек-кезегімен тілектерін айтып болған соң тойды басқарып жүрген ініміз Жабал Ерғалиев келесі ретте сөзді Сәкен ағаға берді. Ортаға шығып, жиналған қауым алдында тебірене жылы лебізін білдірген ағаның қорытындылап айтқаны мынадай еді:
Сайлау бауырым!
Сенің адалдықты сүйетіндігіңді жақсы білемін. Мінезіңнің бірбеткейлігіне қарамастан әу бастан шыншылдықты жақтайсың. Әсіресе, қарсы алдыңда кім отырса да, айға шапқан арыстандай тура бетке айтасың. Әділ пікіріңе ризамын. Бірде менің мәселеме байланыс-
ты кезектен тыс жиын болғанда, Жабал екеуің ғана мені жақтап едіңдер. Құдайдың құлымыз ғой. Сондықтан, әрдайым беделің жоғары болсын деп тілеймін…
Ағаң Сәкен. 1997 жыл.
Иә, бүгінде сол асыл ағаларымыздың көпшілігі бұ дүниеде жоқ. Аруақтары жебеп-желеп жүргей дейміз, әгәрки басқасы басқа, әрі жерлесім, әрі әріптес ағамыз Сәкен Әубәкіров ақжарқын қалпымен аңқылдай күліп, әлі күнге арамызда жүрсе жұрт қатарлы абыз жасы 80-ге толғанында дүркіретіп атап өтер ме еді. Қайтер еді?! Әттең дейсің-ау, қармағы ұзын ажал шіркін өз еркіне қоймады. Ұл-қыз сүйіп, олардан немерелерін көрген оның ғұмыры кілт үзілді.
Әйтсе де, өмірде өшпес із қалдырған, өз мамандығын жете сүйген, еңбек десе ішкен асын жерге қоя білген өр мінезді азаматтың ұрпақтары оның ізгі істерін әрі жалғастыруда. Соған мысал, Сәкен ағаның тұла бойғы тұңғышы – Марат бүгінде Ақмола облыстық әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы лауазымы қызметінде. Ал, ортаншы ұлы – Талғат жеке кәсіпкер. Қызы – Жеміс қаладағы Бурабай заң колледжінің директоры. Кенже ұлы Саят Астанада құқық қорғау саласында жемісті жұмыс істеуде.
Міне, есімі ел аузында қалған асыл ағаның өмір және еңбек жолы осындай.
Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.