Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі экскурсиялық қызмет көрсетудің тиімділігі мен сапасын дамыту және жандандыру, музей қызметінің беделін арттыру мақсатында музейдің 100 жылдығына арналған II облыстық «Үздік экскурсовод-2020» байқауын онлайн режимде ұйымдастырды.
Музей осындай байқауды алғаш рет 2017 жылы өткізіп, жоғары бағаға ие болған еді. Оның бірден бір себебі – Ақмола облысы бүгінде туризмді дамытуда көшбасшы және Көкшенің інжу-маржаны – Бурабай халықаралық маңызы бар туристік орталық болып табылады. Бірегей табиғи аймаққа жыл сайын миллионнан астам туристер келеді. Осыған байланысты өңірде экскурсиялық қызметті дамыту мәселесі маңызды болып отыр.
Жалпы, үш кезеңнен тұрған онлайн байқауға облыстағы 9 музейдің экскурсоводтары қатысты. Бірінші кезеңде қатысушылар портфолио дайындаса, екінші кезеңде бейне-ролик форматында «Менің музейімнің тарихы» экскурсиясын ұсынды. Ал, байқаудың соңғы үшінші кезеңі ZOOM платформасында өтті. Мұнда қатысушылар әртүрлі санаттағы келушілермен экскурсия жүргізу кезіндегі өз біліктіліктері мен дағдыларын көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен, бас жүлдені Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Вероника Антипова иеленді. Сондай-ақ, жанкүйерлер арасынан «Үздік комментатор» номинациясы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары Ләззат Дәулетова мен Бауыржан Ділдәбек жеңімпаз деп танылды.Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқауларды өткізу дәстүрге айналмақшы. Себебі, қатысушылар үшін бұл кәсіби деңгейді арттыруға зор мүмкіндік.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.