Көкшетауда жаңадан ашылған жұқпалы аурулар орталығы қараша айынан коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдап жатқаны белгілі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, өткен айда ауруханадан 53 науқас, ал, үстіміздегі айда 82 науқас емделіп шыққан. Барлығы 135 науқас дертінен айыққан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нариман Сыздықовтың айтуынша, қазіргі таңда жұқпалы аурулар орталығында 155 науқас ем қабылдап жатыр. Бір тәулікте 11 науқас жатқызылса, 4 науқас жазылып, үйлеріне жіберілген.
– Жалпы, аурухана бойынша осындай динамика сақталуда. Жағдайдың тұрақталғаны байқалады. Емделген науқастар саны біртіндеп ұлғайса, ауруханаға түсіп жатқан науқастар саны керісінше азаюда, – дейді Нариман Сыздықов. –Сонымен қатар, орталықта бүгінде 13 жүкті әйел ем қабылдап жатыр. Аса ауыр жағдайдағы науқастар жоқ. Дегенмен, 35 науқас оттегі концентраторын қабылдауда. Төсек орындар 78 пайызға толық.
Қазіргі таңда жұқпалы аурулар орталығында емделіп жатқан 155 науқастың 130-ында коронавирус инфекциясы лабораториялық расталған екен. Ал, 18-інде ПТР теріс нәтиже көрсетсе де, компьютерлік томография коронавирус барын растаған. Алғашқы кезеңге қарағанда орталықта науқастар саны көбейгендіктен, сәйкесінше штат саны да ұлғайған. Бүгінде мұнда коронавируспен күрес шараларына 145 медицина қызметкері тартылған. Оның 22-сі бригадалық әдіспен 14 күн демалыссыз жұмыс істейтін дәрігерлер. Әр бригада үш ауысымда 8 сағаттан жұмыс істейді.
– Әлеуметтік желілерде орталықта интернет, телефон байланысы нашар екені туралы ақпарат тараған болатын. Бұның бір себебі, орталықтың орналасқан жері қала шетінде. Және де ғимарат ірі металл блоктардан тұрғызылған. Сондықтан, алғашқы кезде байланыс болмады. Бірақ, жұқпалы аурулар орталығының басшылығы дер кезінде әрекет етіп, транстелеком арқылы телефон байланысын реттеді. Қазіргі таңда онда ішкі Call-орталық бар. Оның нөмірі 91-17-73. Осы нөмір арқылы науқастардың туысқандары науқастың жағдайын біле алады. Бұдан бөлек, орталықта wi-fi интернет орнатылды, – деген Нариман Сыздықовтың айтуына қарағанда, орталыққа жаңадан бірнеше медициналық құрылғылар әкелінген. Атап айтсақ, олар өкпені желдету аппараттары, жаңа туған нәрестелерге арналған өкпені жасанды желдету аппараттары. Операция бөлімшесі толықтай жабдықталып, арнайы наркоздық тыныстандыру аппараты, операциялық шамдар, кресло орнатылған. Бұл дегеніміз, енді модульдік аурухана қызметкерлерінің орталықта ота жасауға мүмкіндіктері бар.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.