О, Бурабай, Арқаның ардақ жері,
Арда емген осындағы саңлақ ері.
Абылай хан тағына отырған тұс,
Өңірде жер жастанған қалмақ еді.
Көкшетау қоршап тұрған айналасы,
Қарағай қалың біткен сай-саласы.
Аюдың терісіндей тау етегі,
Қараса көз тоймайды-ай, қарашы.
Жап-жасыл ну қарағай қайыңымен,
Етекте жылқы өрген тайыменен.
Күрең күз алтындайын көз тартады,
Жайлы кез жанға дауа райыменен.
Оқжетпес оқшау тұрған жекедара,
Көкшемен бөліскендей екеуара.
Көкше бел көз сүйсінтер келбетімен,
Тамсана жол бойын сен өтеқара.
О, Көкшем, Бурабайым, көркем сандық,
Шөліркеп саған қарап еркін қандық.
Қазақтың маңдайында сен бір жұлдыз,
Саяңда сан дамылдар өркен барлық…
Оқжетпес,
Оқшау биік, орның бөлек,
Жерімнің абыройы, болдың ерек.
Төбеңе мініп алған піл ме дерсің,
Өсіп тұр тасты жарып сол бір желек.
Арқада сендей сұлу тау болар ма,
Көкорай шалғын етек бау қонар ма.
Сұсыңнан сескеніп жау, шегіншектеп
бата алмай соғысуға қалған орда.
Оқжетпес, баға жетпес аңыздарың,
Өзіңе дамыл таппай тамыз бардым.
Арудың орамалын биігіңнен
іздедім елемей-ақ таң ызғарын.
Оқжетпес, көзім жетпес өзіңе,
Сөзім жетпес,
Шыңыңа шығуыма төзім жетпес.
Алаштың арасынан шыққан ерлер,
Өр мінез, өр биікті өзіңзеттес!
***
Көкше белде көк мұнарым,
Көк мұнарым тұмшалап.
Қарағайлы көп шынарым,
Көргенім жоқ мұнша бақ.
Сауырын-ай ерек таудың,
Самсап өскен самырсын.
Арасында желек баудың
жиде өскен, танырсың.
Көкше белім, көксегенім,
Көксегенім, көріктім.
Сенде күнім өтсе дедім,
Тұлғаңа өзім жерікпін.
Бар ма екен Көкше белдей
Көз суырар сұлулық.
Тау-тастары текшелердей,
Тұла бойы ұлылық.
О, Көкшетау, сенімі мол,
Менің мәңгі кеудемде.
Әне, ақбұлт, сері ме ол
Өрге жүзіп өрлеуде…
***
Оқжетпесім, Оқжетпесім,
Биік тауым, тұрсың бөлек.
Сендей заңғар жоқ дестедім,
Жазатұғын жырсың ерек.
Шықтым саған талмай, танбай,
Тас біткенді елемей.
Шыңға жетіп атқан таңдай
Тұрдым асқақ төредей.
Бар ма сендей дара шыңым,
Жер-жаһанда кермиық.
Тапқан өзі жарасымын
Тұрған оқшау өр биік.
Табиғаттың кереметін
Айырбастамас алтынға.
Биіктікті өре дейтін
Қазақ-ғажап салтында…
***
Көлдің бетін иректеген
Бурабайда үйрек көрдім.
Содана бетер арқам қозып
Жыр нөсерін түйдектедім.
Бұл жаққа мен сирек келем,
Бурабайда үйрек көрем.
Оқжетпес тұр қарт сақшыдай,
Әмір айтса билеп берем.
Тым төменде тұрғасын ба,
Туу биікте, шың басында
Ару қыздың мөлдіреген
орамалын желбіреген
көрдім мен де шын, расында.
Тура тартсаң беткейден кең
Садақ оғы жетпейді екен.
Сонда аңыз ақиқат па,
Еске түсіп септейді дем.
…Жүзе берші үйректерім,
Көңілімді күйлет дедім.
Оқжетпесім, қорғанышым,
Үйректерді сүй деп келдім.
Көл жағасы. Көз салдым үйрек салған ұяға,
Көңілдегі көк дөнен көкірекке сия ма.
Тамылжыған табиғатты таңғажайып көргенде
Қиял шіркін қонар ма Оқжетпеске, қияға.
Қасқалдақтар ұшып жатыр Бурабайдан пыр-пырлап,
Тау өзені көлге құяр сылдыр-сылдыр сыңғырлап.
Қиқулаған дауыстары үйрек біткен әлемі,
Кереметке кенелесің тұрып қалсаң тың тыңдап.
О, Бурабай, Бурабай,
Аңыз көлім ежелден,
Сен дегенде асып түсті мына көңілкемерден.
Бар әлемнің асылын жинап саған берер ме ем,
Өзіңменен өмірімді бірге кешсем егер мен.
О, Бурабай,
Саған мәңгі ғашықпын,
Сені көріп күй сандығын ашыппын.
Оқжетпестің етегінде тұрып мен
Тасқын селдей өлең-жырды тасыттым…
Бақытжан Тобаяқов