Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақстандық зейнетақы жүйесінің аңызы мен шындығы - АРҚА АЖАРЫ

Қазақстандық зейнетақы жүйесінің аңызы мен шындығы

Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және «ас үйдегі» тұрмыстық әңгімелерде Қазақстанның зейнетақы жүйесі туралы аңыздар, фейктер мен миға сыймайтын қиялдар туындап жатады. Бір қызығы, халық шындыққа сәйкес келетін шынайы ақпараттан гөрі осындай қауесет әңгімелерге көбірек иланады. Бүгінгі материалда біз осылардың бір бөлігін әшкерелеп, ресми дереккөздердегі ақпаратты, қауесет әңгімелерге сенбестен, әрдайым қайталап тексеруді ұсынамыз…

Аңыз: Маған зейнеткерлікке шығуға әлі ерте, бірақ, барлық жинақтарымды инфляция «жеп қойып», құралақан қалмаймын ба?
Шындық: Ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес мемлекет алушыларға БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) зейнетақы жасына жеткен сәттегі инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген жарналар мөлшерінде сақталуына кепілдік береді.
Мысалы, Австралия, Израиль, Мексика, Швеция және Норвегия сияқты елдерде Үкімет зейнетақы ақшасының сақталуына ешқандай кепілдік бермейді. Ал, егер міндетті жинақтаушы жүйесі бар Чехия, Жапония немесе Словакия сияқты елдерді салыстыратын болсақ, онда зейнетақы жинақтарына инвестициялық табыстылық мүлде қарастырылмаған. Онда қорлар тек номиналды, яғни, жарналардың нақты құнына немесе инфляция ескерілмеген нөлдік инвестициялық кірістілікке ғана кепілдік береді. Яғни, Қорға адам қанша қаражат салса, ақыр соңында инфляция мен басқа да факторларды қайта есептемей, сонша ақша алады.
Осыған байланысты Қазақстанның зейнетке шығу сәтіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, азаматтардың зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік беретін әлемдегі жалғыз ел екендігін тағы да атап өткіміз келеді.
Аңыз: БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын өз бетінше басқарады.
Шындық: БЖЗҚ жинақтарды есепке алып, төлейді, сондай-ақ, салымшылар мен алушыларға қызмет көрсетіп, оларға кеңес береді. Заңнамаға сәйкес БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.
Аңыз: Жинақтарды сақтау үшін тек алтынға немесе долларға инвестициялау керек.
Шындық: Қаржы құралдарының бір түріне инвестициялау дұрыс емес, өйткені, бұл жинақтардың жоғалу қауіпін едәуір арттырады. Құрал түрлеріне, қандай да бір елге қатыстылығы бойынша инвестицияларды әртараптандыру тәуекелдерді барынша азайтады және барлық инвестициялық портфельдің кірістілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Тәуекелдерді азайту мақсатында инвестициялық портфель инвестициялау түрлері, бағыттары, оның ішінде валюталар бойынша әртараптандырылған. Қазіргі уақытта инвестициялардың 2/3 жуығы теңгемен және 1/3 жуығы шетел валютасымен, басым бөлігі АҚШ долларымен номиналданған.
Аңыз: Мерзімі өткен несиелер үшін банктер менің зейнетақы жинақтарымды ала алады.
Шындық: Бұл мүмкін емес. Өйткені, ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 50-бабының 3-тармағына сәйкес салымшының (алушының) борыштары бойынша міндетті зейнетақы жарналарына, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына, өсімпұлдарға, зейнетақы активтері мен зейнетақы жинақтарына тыйым салуға немесе оларды өндіріп алуға жол берілмейді.
Бұдан басқа ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 98-бабының 14-тармағына сәйкес салымшының (алушының) борыштары бойынша өндіріп алу оның зейнетақы жинақтарына қатысты қолданылмайды.
Аңыз: БЖЗҚ-дан төлемдерді алған кезде қосарланған салық салынады.
Шындық: БЖЗҚ-дан алынған зейнетақы төлемдері түріндегі табыстарға 10% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы (бұдан әрі ЖТС) салынады. Бірақ, зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шотына табысынан ЖТС алынғанға дейін аударылады. Мысалы, адам 100 мың теңге жалақы алады делік. 10 мың теңге (яғни, табыстың 10%) ЖЗШ-ға аударылады. Жеке табыс салығы тек 90 мың теңгеден, яғни, төлемдерді алу құқығы пайда болған кезде ғана алынады. Алайда, зейнетақы төлемдеріне ҚР Салық кодексінде көзделген түзетулер мен салық шегерімдерінің сомалары ескеріле отырып, 10 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салынады. ЖТС салынбайтын жинақтар сомасы ағымдағы қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшеріне тең (2019 жылы 12х 42500+ 510000 теңге).
Бұған қоса ағымдағы қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 75 еселенген мөлшері шегінде ЖТС түзету көзделген азаматтардың санаттары бар.
Аңыз: Салымшы қайтыс болғаннан кейін, оның жинақтары түгелдей дерлік мемлекетте қалады.
Шындық: БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алатын адам немесе БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) зейнетақы жинақтары бар және Заңның 11-бабының 1-3-тармақтарына сәйкес зейнеткерлік жасқа толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға БЖЗҚ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде, бірақ ЖЗШ-дағы қаражаттан аспайтын көлемде жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді.
Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтарының қалдығы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраған жағдайда, бұл қалдық та жерлеуге арналған төлеммен бірге беріледі.
Бұдан басқа ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 31 және 32-баптарында БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның зейнетақы жинақтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады деп айқындалған.
Аңыз: Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қазақстандық зейнетақы жүйесіне қатысуға мүмкіндіктері жоқ.
Шындық: Әзірге тұрақты кірісі жоқ адамдар төрт міндетті төлемді алмастыратын БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем) төлемін пайдалана алады:
– жеке табыс салығы;
– БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарнасы;
– Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына міндетті әлеуметтік аударым (МӘСҚ);
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына әлеуметтік жарна (ӘМСҚ).
2020 жылғы БЖТ мөлшері:
2 651 теңге – республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың, сондай-ақ, Астана тұрғындары үшін 1 АЕК;
1 326 теңге – басқа елді мекендердің тұрғындары үшін 0,5 АЕК.
Төлеушілерге бұл соманы өз бетінше 4 төлемге бөлудің қажеті жоқ, бюджетке түскеннен кейін ол тағайындаулар бойынша автоматты түрде бөлінеді.
БЖТ сомасын «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ мынадай теңдікте бөледі:
10% – жеке табыс салығы (ЖТС);
20% – әлеуметтік аударымдар (ӘА);
30% – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ);
40% – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар (МӘМС).
БЖТ сомасы алынған табыстың мөлшеріне байланысты емес және қосымша есептеулерді (кірістер, шығыстар, шегерімдер, пайда) талап етпейді.
Бірыңғай жиынтық төлемді табыс алынған әрбір ай үшін жеке төлеу қажет.
Аңыз: Егер өз шотыңызды ұзақ уақыт бойы толықтырмаған болсаңыз, ондағы ақшаңыз жай ғана жоғалып кетеді.
Шындық: Шын мәнінде, жеке зейнетақы шоттарына есептеліп отыратын зейнетақы жинақтары салымшының (алушының) меншігі болып табылады және ол қайтыс болған жағдайда да қаржысы Қорда мерзімсіз уақытқа сақтала береді. Егер өсиет бойынша да, заң бойынша да мұрагерлер жоқ екені немесе мұрагерлердің ешқайсысының мұра алуға құқығы жоқ екені немесе олардың барлығының мұрадан бас тартқаны анықталған жағдайда ғана сот мұраны ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес иесіз қалған мүлік деп тануы мүмкін.

Салтанат ӘЛМҰХАНБЕТ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар