Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Біз – болашағы жарқын елдің жас Нұрсұлтандарымыз! - АРҚА АЖАРЫ

Біз – болашағы жарқын елдің жас Нұрсұлтандарымыз!

Қай ата-ана болсын шыр етіп дүниеге келген сәбиіне ең жақсы есімді қойғысы келеді. «Ұлдарымыз ұлықты болсын» деп ырымдап ат қоятын дана халқымыздың таңдауы сонау 1991 жылы егемен еліміздің Тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланған кезде Нұрсұлтан есіміне түскені белгілі. Тәуелсіздік күні қарсаңында облысымызда тұратын Нұрсұлтан есімді бірқатар жасты әңгімеге тартқан едік.

Нұрсұлтан ӘБІШЕВ, Бурабай ауданындағы Есмағамбет Ысмайылов атындағы Мәдениет орта мектебінің мұғалімі:
–Мен 1991 жылдың 14 ақпанында дүниеге келдім. Естеріңізде болса, бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР-інің Президенті қызметіне тағайындалып, Кеңес Одағы Компартиясы Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшелігіне қабылданған кез болатын. Сол жылдары халық та өз көшбасшысын сайлап алуды, егемен ел болуды асыға күтіп жүрген-ді. Атам Тінәлі жақында ел өмірінде үлкен қуаныш болатынын, билік басына қазақтың рухын көтеретін, елімізді әлемге әйгілейтін көрнекті тұлға – Нұрсұлтан Назарбаев келетінін іштей сезіп, менің есімімді солай атаймын деп шешкен екен.
Сөйтіп, 1991 жылдың ақпанында мен тусам, дәл сол жылдың желтоқсанында Қазақстан тарихында алғаш рет өткізілген жалпыхалықтық Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың басым дауысын жинап, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.
Бүгінде мен туған ауылым Мәдениеттегі Есмағамбет Ысмайылов атындағы орта мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ беремін. 2011 жылы Щучинск қаласындағы педагогикалық колледжді ойдағыдай тәмамдап, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен жолдама алатын кезде өз ауылымды таңдаған болатынмын. Ұстаздық менің бойыма қанмен дарыған мамандық десем әсте қателеспеген болар едім. Атам Тінәлі кезінде мектепте физика, математика пәндерінен сабақ берсе, әкем Жангелді көп жыл мектеп директоры болды. Өкінішке орай, екеуі де өмірден ерте озғанымен, олардың ұстаздық жолын артында қалған тұяғы мен жалғап келемін.
Онымен қоса, анаммен құдай қосқан жарым да мұғалім. Бүгінде екі бүлдіршініміз бар. Елімнің аты шықсын деп, қандай спорт болса, шәкірттерімді соған қатыстыруға тырысамын. Оқушыларым республикалық, облыстық сайыстарда жүлдегер атанып жүр. Атам қойған атыма лайық болайын деген мақсатпен үнемі елімнің дамуына, соның ішінде шағын ғана Отаным туған ауылымды көркейтуге үлес қоссам, жас буынды биік шыңдарға жетелесем екен деген игі тілекпен жүремін.

Нұрсұлтан МҰРАТ, Көкшетау теміржол вокзалының қызметкері:
–Ер-азамат болғаннан кейін ата-ананың үмітін ақтау, еліңе адал қызмет ету, былайша айтқанда «атыңа затың сай болу» басты міндет деп ойлаймын. Қазақ отбасында ұл бала дүниеге келсе, батыр болсын деп тілек тілейді. Менің де есімімді атам мен әжем «біздің отбасымыздан да Президент шықсын» деп Елбасының құрметіне қойған екен. Бір жағынан есімімнің Нұрсұлтан болғанын үлкен жауапкершілік деп білсем, екінші жағынан туған күнімнің 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнімен тұспа-тұс келгенін зор мақтаныш санаймын.
Адал еңбек ету менің өмірлік ұстанымым. Әкеміз өмірден ерте өткеннен кейін анама көмегімді тигізу үшін еңбекке жас күнімнен араласуға тура келді. Өзім Зеренді ауданына қарасты Ақан ауылының тумасымын. Бірақ, көп жылдан бері Көкшетау қаласында тұрамын. Осындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектепті жақсы бағаға, одан кейін Бурабай колледжін қызыл дипломға бітіргенмін. Жоғары оқу орнын Алматыдан сырттай тәмамдадым. 2012 жылдан бері теміржол саласында еңбек етіп келемін. Пойыздардың бағытын, темір жолда бір-бірімен түйісіп қалмауын диспетчерлік орталықтан қадағалап отырамын.
Осындай жауапты қызметте жүргеніме қарамастан, жақындарыма, айналамдағы мұқтаж жандарға көмектесуге де уақыт табуға тырысамын. Биыл наурыз айында отбасын құрдым. Әр отбасы бір шағын мемлекет. Біз бәріміз тәуелсіз мемлекетіміздің бір бөлшегіміз. Әрбіреуіміз отбасымызда жақсы үлгі-өнеге көрсетіп, шаңырағымыздың әлеуетін көтеруге талпынсақ, бұл мемлекеттің де жағдайын көтеруге ұмтылғанымыз. Отбасымның тірегі, егемен елдің азаматы ретінде қашанда абырой биігінен көрінуге тырысамын. Ата-анамнан алған тәрбиені келешекте балаларыма берсем деймін. Осы ретте, өзім секілді жас отбасылар балаларына бертін шыққан мағынасыз есімдерді емес, халқымыздың батырларының, атақты тұлғаларының есімін қойса деген тілегімді де айтқым келеді. Себебі, ырымдап қойылған есім адам өміріне көп игі әсерін тигізеді. Нұрсұлтандардың барлығы ел басқармаса да, жүректерінде елге деген қамқорлық, жанашырлық сезімі болады деп нық сеніммен айта аламын.

Нұрсұлтан ҚАРАТАЕВ, Егіндікөл аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны:
–Иә, менің де есімім Нұрсұлтан! Туған жерім құт қонған Қорғалжын мекені. Жастайымнан тәртіп сақшысы болуды армандайтынмын. Сөйтіп, 2012 жылы Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін тәмамдап, әскери борышымды өтеп келгеннен кейін қалаған мамандығым бойынша еңбек жолымды ауылда бастағанды жөн санадым. Ақмола облыстық полиция департаментінің Егіндікөл аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы болып қызмет істеп келе жатқаныма биыл жетінші жыл. Егіндікөл, Спиридоновка және Абай ауылдарында, Жалманқұлақ ауылдық округінде қоғамдық тәртіпті сақтау негізгі міндетім саналады.
Ауылдарда бұл жағынан жағдай тұрақты деуге болады. Бұл орайда, тұрғындармен жүргізетін күнделікті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының зор әсері бар екені сөзсіз. Құқық қорғау саласындағы мүлтіксіз қызметім үшін бірнеше мәрте алғыс алған жайым бар. Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде ауыл-ауылды аралап, карантин талаптарының сақталуына рейд жүргіздік. Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауыл тұрғындарымен үнемі кездесулер өткізіп тұрамын. Учаскемде тіркеуде тұрған адамдар күн сайын бақылауымда. Қызметімді қашанда жауапкершілікпен атқаруға тырысамын. Оның үстіне Нұрсұлтан есімім де менен осыған лайық болуды талап етіп тұратындай көрінеді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар