Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елдігімізге сенетін елміз - АРҚА АЖАРЫ

Елдігімізге сенетін елміз

1991 жылы Қазақстан Республикасы егеменді ел болды. Әрине, бірден аяққа тұрып кетпегеніміз белгілі. Тәуелсіздіктің арқасында Қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кету қаупінен арылды. Әлемге беймәлім елдің болашағы бастапқыда бұлыңғырлау көрінгені де рас. Бірақ, қазақ халқы ешқашан мойымаған. Сондықтан, қиын-қыстау шақты артта қалдырып, дамудың даңғыл жолына түсе алдық.

Мен өзім еңбек жолымды 1982 жылдан, яғни, Кеңес дәуірі кезеңінен құқық саласында еңбек етуден бастадым. Тарихта қалған ол кезеңге де өкпеміз жоқ. Ол да бір белес, ол да бір тәжірибе.

Тәуелсіздігіміздің арқасында 1992 жылы Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» заңын қабылдады. Ол қазақстандық полицияның міндеттері мен функцияларын анықтаған алғашқы құқықтық құжат болды. Тағы бір құқық саласының дәрежесін  көтере түскен жәйт 2007 жылғы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 23 маусым Полиция күні болып ресми түрде бекітілді.

Мен аудандық ішкі істер бөлімінің кадр саласын басқарғандықтан, сол кездері жас кадрлардың бойына қазақстандық патриотизм және азаматтық тәрбие мен құқықтық тәрбиені сіңіруді басты міндет етіп қойдым. Елбасының қоғам алдына қойған талаптарын бойына сіңіре білген адам ғана мемлекет мүддесі мен қоғамдық игілікті қашанда жоғары қоятындығын ұдайы алға тартатынмын. Жалпы, Президенттің асқақ абыройы, биік беделі мемлекеттік қызметшілердің басты тірегі екендігін біз іскерлікпен пайдалана білдік. Ұлт көшбасшысы төңірегіне топтасып, мемлекетті дағдарыстан алып шығу және оның одан әрі серпінді дамуына жағдай жасауға міндеттелдік. Біз еңбекқорлық пен отансүйгіштік, кәсіби тұрғыдан өсу мен парасаттылық тұрғысынан жетілу өскелең ұрпақтың құндылықтарына айналуы керектігін ерекше назарға алдық.

Тәуелсіздік жылдары қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Аудандық ішкі істер бөлімінде құжаттар 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізілетін болды. Осы тұста да құқық саласында біршама жұмыстар атқарылды.

Жалпы Тәуелсіздік туралы сөз қозғағанда, Желтоқсан оқиғасынан кейін Елбасының ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Кеңес үкіметінің шекпенінің астынан бодандыққа шыққаннан кейін тоқырау жылдарын бастан кешірдік, одан аман-есен халқымызды аяққа тұрғызып алдық. Кейін кәсіпкерлік дамыды, экономика бір ізге келтірілді, елордамыз Ақмолаға көшірілді. Мүлде ойға келмеген Астана бой көтерді. Қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлері қайта жанданып, өзінің табиғи даму жолына қайта түсті. Наурыз мейрамы аудандар мен ауылдарда, облыс орталығында мерекелене бастады.

Алдымызда келесі жылы үлкен мерейтой – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы келе жатыр. Еліме осы тойды амандықпен, бейбітшілікпен, ынтымақ-бірлікпен қарсы алуға жазсын демекпін.

Биылғы жыл барша дүниежүзі халықтары үшін ауырпалыққа толы жыл болды. Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы біздің елімізді де айналып өтпеді. Осы ретте, денсаулық сақтау, білім беру салаларында қиындықтар сезілді. Дегенмен, қазір барлық жағдайлар жасалып, дәрі-дәрмек қоры жасақталып, ауруханалар жаңарып, медицина қызметкерлері біраз тәжірибе жинақтап, осындай күрделі кезеңде іскерлікпен еңсере түсудеміз. Мұның барлығы ел тәуелсіздігінің арқасы ғой. Әрине, көңіл толмаушылық деген болады. Бірақ, біз жақсылықты асырып, жамандықты жасырып, ел мұраты үшін неге де болса да дайын болатын ата-бабаның ұрпағымыз.

Осынау мәртебесі биік, ардақты да аяулы күнмен Қазақ елін шын жүректен құттықтаймын!

Нұржан САРБАЛИН,

Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, Қорғалжын аудандық полиция бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның құрметті азаматы.

Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар