Еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесі халқымыздың сан ғасырлар бойы азаттық жолындағы күресінің, сол жолдағы көрген азаптары мен қиындықтарының жадымызда жаңғырып, 29 жылда жеткен жетістіктеріміздің жемісі көрінетін мейрам.
Бұл күні тәуелсіздік жолындағы күрескерлер мен қаһармандар ойға оралатыны сөзсіз.
Өткен 29 жылда Қазақстан ғасырға теңесетін жолды жүріп өтті. Бұл жолда бәрі де болды: бұрыннан қалыптасқан шаруашылық байланыстары үзіліп, шығарған өнімдерін өткізе алмай дағдарған кәсіпорындар, алты айлап айлық, жылдап зейнетақы ала алмай, егемендіктің елең-алаңындағы еңсені езген қиындықтардан қажыған жұрт, кең-қолтық қазақтың базар психологиясына бой үйрете алмай асып-сасуы, ала қапшық арқалап, отбасын асыраған әйелдер, жекешелендіру жанталасы, реформалардың алғашқы нәтижелерін беруі, әлеуметтік саланың еңсе тіктеуі, халықтың көңіл-күйінің қалпына түсуі, елдің ертеңіне сенімнің орнығуы, инвестициялардың келе бастауы мен алғашқы онжылдықтың жемістері.
1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз Президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы қалыптасты. 1986 жылы желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында да шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Алдымен, дүниеге келген жаңа мемлекет Қазақ елі екені баса көрсетілді. «Ел» байырғы түркі заманынан бері бар ұғым-түсінік, Халық, Отан, Атамекен дегенді білдіреді. Басты мағынасы мемлекеттің бар-жоғына келіп тіреледі.
1991 жылы 1 желтоқсанда республикада бүкілхалықтық Президент сайлауы болып өтті. Қазақ КССР-нің Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Республика тарихында халық саналы түрде өзінің тағдырын сеніп тапсырып, өз басшысын сайлады.
Тұңғыш Президентіміз Елбасы Н.Ә.Назарбаев – сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем, саңлақ шыққан сарабдал саясаткер, әлемдік деңгейде өзіндік орны бар үлкен тұлға, қажырлы мемлекет қайраткері. Алғырлығы мен көрегендігі, ептілігі мен тектілігі, батылдығы мен өжеттілігі, мейірімділігі мен қайырымдылығы, алымдылығы мен шалымдылығы қатар жүрген нағыз марқасқа. Баяғыда бір ойшыл: «Саясаткер – сайлау мен сайлаудың арасында ғана көзге көрінетін белсенді. Ал, шын мемлекет қайраткерінің тағдыры халқының тағдырымен байланысты. Оның мұраты – халқының бүгіні мен ертеңі» деген екен. Елбасының тәуелсіздік туын қолға ұстағалы бері әлем алдындағы көрсетіп келе жатқан ұлан-ғайыр қажыр-қайраты осының дәлелі. Қазіргі кезеңде жер жүзіндегі 200-ге тарта мемлекеттердің ішінде Қазақстан әлем таныған алдыңғы қатарлы елдердің бел ортасында келеді. Дүниежүзілік бірқатар ықпалды ұйымдарға мүше болып, мемлекетіміздің мерейін асырып, іргесінің нығая түсуіне Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыздың ат үстінде жүріп, ел үшін еткен еңбегі ұшан-теңіз.
Тәуелсіздіктің 29 жылындағы Қазақстанның жеткен жетістіктері мен ауыз толтырып айтарлықтай табыстарын айғақтайтын статистикаға назар аударайық. Біздің еліміз әлемдегі аса дамыған 50 елдің қатарына енді. Соңғы 4 жылда тұрғындардың ақшалай кірісі, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы, студенттердің стипендиясы 2 есеге өсті. Зейнетақы төлемдері мен баланы күтуге арналған жәрдемақы 2,6 есе көбейді. Білім беру, ғылым мен денсаулық сақтау шығындары айтарлықтай ұлғайды. Республика бойынша 4000 жаңа балабақша, 350 мектеп, 50 колледж салынды.
Жаңа Назарбаев университеті, болашақтың Интеллектуалдық мектептер жүйесі құрылып, 150 шақты аурухана тұрғызылды. Ішкі жалпы өнім көлемі 10108,6 миллиард теңгені құраса, өнеркәсіптік өнім көлемі 8493 миллиард теңге болды.
Кеден Одағының арқасында тауар айналымы еселеп өсті. Бірнеше аса маңызды бағдарламалар жүзеге асты. Олар 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық даму бағдарламасы, 2020 жылға арналған бизнестің жол картасы, «Мәдени мұра», «100 мектеп, 100 аурухана», «Дипломмен – ауылға!», «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалары.
1991 жыл – еліміздің Қазақстан деген атпен тәуелсіз мемлекет ретінде бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Сол сәттен бері міне, 29 жыл да өте шықты. Қазіргі кезде Қазақстанымыз әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие.
Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Экономикалық байланысымыз даму үстінде. Қазақ жерінің байлығы, мол табиғи қорлары еліміздің әлеуметтік дамуының негізі болуда. Осының бәрі – тұғырлы тәуелсіздік тұсында қол жеткізген жеңістер мен табыстар деп білемін.
Бүгінгі мемлекетіміз қазақстандық азаматтық қоғамның қалыптасуы мен қызмет етуінің барлық аспектілеріне қатысты заманауи қиындықтармен үнемі кездесіп келеді. 16 желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздік күнін атап өте тұрып, мемлекеттің ядролық бағдарламадан бас тартуы сияқты есте қаларлық оқиғаны да атап өту керек. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай, өз еркімен мемлекет аумағында қандай да бір ядролық қаруды қолдануға тыйым салып, өзін ядролық қару қолданылмайтын ел деп жариялады.
Қазіргі таңда жас мемлекетіміз көптеген елдерден әлдеқайда алда тұр. Бұл – ауызбіршілікте, ынтымақта, туыстық қарым-қатынаста, жақсы ниетпен өмір сүрудің айғағы. Мәңгілік Тәуелсіздік елімізге оңайлықпен тиген жоқ, оны да естен шығармағанымыз жөн. Осындай еркін, теңдесі жоқ бостандықты алып берген ағаларымыз бен апаларымызға мың да бір алғыс.
Тәуелсіздік жылдары Ақмола облысында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Өңірдің өнеркәсіптік секторын дамыту мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығының басымдықтарына сәйкес жалғасуда. Мысалы, тауарлық өнімнің едәуір өсуі тамақ өнеркәсібінің ірі кәсіпорны – қуаттылығы жылына 50 мың тонна ет өндіретін бройлер құс фабрикасының, «Макинск құс фабрикасы» ЖШС-нің және «Қазақалтын Технология» ЖШС-нің үш алтын өңдеу фабрикасының жобалық қуатына жетуіне байланысты қамтамасыз етілді. «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ, «ЭПК-Степногорск» АҚ, «Қазақалтын» ТМК» АҚ кәсіпорындары жоғары қарқынмен дамуда.
Ақмола өңірінде құрылыс индустриясында, машина жасауда, тамақ өнеркәсібінде «MPZ Bizhan» ЖШС, «Capital Projects Ltd» ЖШС, «KAIK» ЖШС және «PA Көкше-Цемент» ЖШС сияқты жаңа кәсіпорындар құрылды. Соңғы жылдары облыста машина жасау, тамақ өңдеу, химия және құрылыс сияқты салалар өсімнің драйверлері болып отыр. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың барлық шаралары еңбек өнімділігін арттыру және өңделген өнімді экспорттау міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған. Аймақта өз өнімдерін 26 елге жеткізетін 50-ден астам экспорттаушы компаниялар жұмыс істейді (негізгі серіктестер Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Түркия). Біздің аймақта «жасыл экономикаға» айтарлықтай көңіл бөлінеді.
Жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобаларды жүзеге асыру бойынша облыста жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда баламалы энергетика саласында Аршалы ауданында «CATEK Green Energy» ЖШС қуаттылығы 100 МВт жел электр станциясын салу бойынша ең ірі жоба жүзеге асырылуда.
Облыста алғаш рет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бастамасымен халықтың әл-ауқатын жақсартуға, болашағы бар ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы іске қосылды.
Міне, біздің Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына биыл жиырма тоғыз жыл толады. Бұл бір қарағанда тым азғантай мерзім. Алайда, осы уақытта Қазақстан аяғынан қаз тұрып қана қоймай, әлемдік өркениетте орны бар әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасты. Экономикасы дамыды, әлеуметтік жағдайы нығайып, елдің еңсесі көтерілді.
Роза БУКТУГУТОВА,
А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Рухани жаңғыру» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының доценті.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.