халық фольклорлық ансамблінің құрылғанына – қырық жыл
Ел есінде сақталған ескі естелікті тірілтсек, қасиетті Қорғалжын туралы күні бүгінге дейін сақталып қалған аңыз көп. Соның бірінде жерұйықты іздеген Асанқайғы туралы айтылатыны бар. Желден жүйрік желмаясымен Қорғалжынның кең көсілген даласын көктей өтіп келе жатып, жалпақ жонның табиғатына тамсана қараған деседі. Ал, жалпақ жон болса, күнделікті қалпында. Күміс тостағандай көлдер толқып, толқынды толқын қуалап сылдырласа, жағалаудағы жас құрақ, ну қамыс самал желмен тербеліп, бір-біріне сыр айтатындай. Әне бір қыраттың бауырында бұлбұл құс тамылжытып ән салады. Тамылжыған әнге сандуғаш та үн қосып, сызылтып күй тербейді. Былай қарағанда, жалпақ жон тыныштық құшағына бөленгендей. Тек сезімтал жан ғана аңғарып, естілер ғана ести алатын салтанатты саз, рәуішті күй, дала күйі.
Желмаясын желдіріп келіп тоқтаған Асанқайғы атамыз күй толқынына тербеліп, тұла бойы қорғасындай балқыған деседі. Дархан даланың дауылпаз үніне, дамылсыз тербеткен тәтті күйіне тәнті болған. Таң қалып: «Паһ, шіркін, мына өлкенің шөбінің сыбдыры мен бұлағының сылдыры ұшқан құстың әуеніне ұласып жатыр. Түбі бұл жерден саңлақ өнерпаздар шығар бәлкім?!» десе керек.
Бүгінгіге жеткен аңыз осылай дейді. Аңыз болғанымен, астары шындық, түгел толайым ақиқат. Дала күйі, даланың жарқын жыры сол даланы мекен еткен адамдардың көкірегіне құйылған, құйылған соң өшпестей болып қатталып жиналған. Осы дала тербеткен, ауыздыға сөз бермеген, айтқаны жерде қалмаған кешегі Байдалы би, қазақтың қара сөзінің қаймағын қалқыған Құлтума, саңлақ Шолпан Иманбаева, заманында атақ-даңқы жер жарған Үлдебай ақын сынды өнердің жарық жұлдыздары тұтас бір сәулесі мол, жылуы ересен, салтанаты жарасқан шоғыр құраса, сол ұлағаты мол ұлы соқпақты жалғастырғандар да аз емес. Мәселен, қазақ өнерінің жарық жұлдыздарының бірі – Қосымжан Бақовтың бейнесі өнер сүйген өлкеде күн кешкен, талантына мойынсұнған талайлардың жүрегінде. Күні кешегі Рабиға Есенжанова апамыз шырқаған «Әпитөк» әнінің ұлттық нақышы қандай еді?! Күміс көмей Кенжебек Күмісбеков, қара қобызымен жапан даланы жаңғыртып, өткеннің өрелі ісін, халқымыздың талайлы тағдырын күйге қосып өткен Дәулет Мықтыбаев Қорғалжынның мақпал сынды шымқай аспанын өнер сәулесімен нұрландырған өнерпаздың өзі еді. Күллі қазақ даласын сағыныш пен махаббаттың отымен жылытқан Мәриям Жағорқызының өнері ше?!
Демек, Асанқайғы атамыз айтқан аңыздың астарындағы атан түйеге жүк болар ой шындық болғаны ғой. Асылында топырағы киелі, аруақ қонып, нар шөккен қасиетті жерден ғана тектілер түлеп ұшады. Ал, тектілер өзінің бітім-болмысымен халық өнерін, сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан мәнді мәдениетін, тағылымды тарихын көзінің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпақтың бойына сіңіріп, рухани азық берсе керек.
Бүгінгі сөз арнасы Қорғалжын аудандық мәдениет үйі жанындағы талапты да талантты көркемөнерпаздардың «Дударай» халық фольклорлық ансамблі хақында. Ілкіден желі тартқан хас өнерді халқымен қайта табыстырып қызмет еткелі тұп-тұра қырық жыл. Қырық жыл бойы шығармашылық қуаты толысып, репертуары адам айтқысыз кеңіп, үнемі ізденістің үстінде келе жатыр. Халқымен әр ретте қауышқан сайын жаңа бір қырынан танылып, жаңа бір туындыларымен өз өнерлерін құлай сүйген көрермендерінің көңілінен шығуда.
Осы арада сәл шегініс жасап, қырық жыл бұрынғы көрініске ой жүгіртелік. Қасиетті сахна төріне алғаш қадам басқаннан бері талғампаз қауымның жан-дүниесін бірден баурап алған. Тыңдарман қауым сол сәттен бастап ансамбльдің жоғары орындаушылық шеберлігін қапысыз танып, қырық жыл бойы тәнті болып келеді. Өнер жолындағы өрістің кеңге жайылуы да халық шығармаларын, көп көңілі тілеген ұлы мұраларды орындауынан. Өйткені, әрбір туынды – ән мен күй халқымыздың төл тарихымен, әдемі салт-дәстүрімен, мазмұны мол әдет-ғұрпымен тонның ішкі бауындай әдіптеліп, байланысып жатыр емес пе? Алғашқы сәттен-ақ асқақ өнер, толымды талантымен танылған ансамбль аудан мен облыс төңірегінен асып, республикаға танылды. Кейін дауылпаздың екпінін шет елдердегі тыңдарман қауым да біртіндеп тани бастады. Ұлы өнерге деген ұмтылыс қыздар тіккен кестедей осылай сабақталды.
«Дударай» деген атауымен шығармашылық бағытын айқындап, алдына мерейлі міндет қойған өнерпаздар жаңа шығармаларды да нақышына келтіре орындауға машықтанды. Ендігі сөздің арнасын ансамбльдің діңгегіне бұрар болсақ, алдымен жетекшісі Марат Әлімжанов туралы ауыз толтырып айта кеткеніміз жөн. Марат – тылсым табиғаттың тал бойына жұқтырған талантымен шартарапқа танылған өнерлі азамат. Өзінің айтуына қарағанда, алпыс екі тамырындағы бұлқынып аққан қызыл қанға қасиет анасы Хадишадан жұқса керек. Анасы да тегін жан болмаған. Қасиетті Қорғалжын өңірін әнімен тербеген аяулы ана ән салғанда жалаулы жасыл дүние түгел сол әнге балқып, әнмен шалқып тұрғандай көрінеді екен. Ән құшағында тербеліп өскен Мараттың көкірегінде сонау 7 сыныпта оқып жүрген кезінде тұңғыш әуен пайда болыпты. Жанына жақын туған жер, туған жердің тамаша келбеті, әсерлі де ғажайып әлемі, қорықтағы құстардың сызылтып салған мың сан көркем үні көкірегіне сіңген. Толғата толқып, сезім селі жүрек тербеп, көңіл кернеп лықсыған сәтте жандүниесіндегі бебеулеткен сезім селі ән болып өрілген. Мына дүниенің бәрі сол әннің лебімен еліте балқып, теңіз болып шалқып тербетіп тұрғандай. Қандай әдемі еді туған жер! Байтақ даласы да, бір шөкім топырағы да, үзіліп түскен моншақтай әсем, көгілдір көлдері де, көл бетінде толқынға төсін сүйгізіп, алға ұмтылған аққу-қазы да.
Көкірегін кернеген осы әуенді талай күн толғатқан. Ыңылдап айтып та көрді. Тағдырдың мына бір қисынын қараңызшы, жан дүниесіне байыз тапқызбаған сол әнді ыңылдап айтып жүргенде, Қорғалжынның қасиетті топырағын қазақтың тұңғыш режиссері атанған, профессор Асқар Тоқпанов басқан болатын. Атағынан ат үркетін Асқар ағасы Мараттың жан дүниесін толқытқан әуенін естіп, разы болған деседі. Ән әлеміндегі жілігі татитын дүниенің бәрін көрген, асыл мен жасықты қапысыз айыра алатын Асқар ағасы:
– Сен жаратқан ие дес берсе, таңдаулы сазгерлеріміздің бірі боласың. Мынау әнің назды, нақышты, сағынышты екен. Аздап қиял басым ба? – деп бағалаған.
Талғампаз тұлғаның топшылауы тегін емес екен. Жаңа бір жарық жұлдыздың Қорғалжын аспанында жарқырай жанарына сенген. Сенген де, өз бойындағы ризалық сезімді осылай жеткізген. Бәлкім берген батасы шығар, әлде жаңа бір талапкерге жол сілтеген сәті ме екен, әйтеуір, ақ батасын берген. Тіршіліктің ақбас толқындарында қос қолтығынан періштедей жебеп, демеп жүретін ағаның ақ батасы қабыл болды.
Жылыстап жылдар өтіп жатты, ал, қиялшыл, әсершіл Марат болса өз әлемімен сырласып, өз әлемімен мұңдасып, тылсым бір тұңғиықтың иіріміне бірде шын батып, бірде шым батып жүріп жатты. Тамаша табиғаттың көкірегіне құйған қабілет-дарынның әйтеуір бір шығары бар. Шықса, әдемі әлемді ғажайып күйімен тербетпек.
Жоғары оқу орнын бітірген соң болашағын бажайлап толғамды таңдау да жасаған жоқ. Өйткені, алдына қойған асқаралы мақсат бар еді. Ол – туған еліне, оның рухани әлеміне қызмет ету. Еңбек жолын Рабиға Есімжанова атындағы ән-күй мектебінде ұстаздық етуден бастады. Осы қызметімен қатар, аудандық мәдениет үйінің жанынан «Дударай» фольклорлық ансамблін ұйымдастырды.
Оқырман да ансамбльдің «Дударай» аталуын айтқызбай-ақ ұғуы мүмкін. Аңызға айналған Мәриям Жағорқызының «Дударай» әні қорғалжындықтардың, жалғыз бұл елдің ғана емес, Алаштың аса бір сүйіп тыңдайтын әні емес пе? Ұжымның дәл осылай аталуына заманында өзіне ақ батасын берген Асқар аға Тоқпановтың да пайымды пікірі себеп болған.
Бұл үлкен жауапкершілік еді. Өнері өріс жайған өлкеде фольклорлық ансамбль құру, тыңға соқпақ салу, кірпияз көрерменнің көңілінен шығу оңай-оспақ шаруа емес. Бірақ, Марат та ойға алғанын орындайтын аптал азаматтың бірі. Жалғыз талап қана емес, талант та толайым. Ұзақ жыл көкірегін тербеткен сырлы сезімнің сығындысы.
–Ықылым заманнан бері қазақ халқының бар болмысы рухани құндылықтармен өлшенді емес пе? – дейді Марат Әлімжанов, – далалық көшпенділер мәдениетінің заңды мұрагері, қазақ халқының өз ұлттық мәдениеті мен өнерін дамыту жолындағы ішкі қуат ересен еді. Бар мәселе мүмкіндіктің көзін тауып, кемеліне келтіру.
Осы мақсатты көздеген ол ежелгі халық әндерін, байырғы күйлерді, берідегі қазақ композиторларының шырайлы да шұрайлы шығармаларын фольклорлық ансамбльдің репетуарына енгізіп, кеңінен насихаттау бағытында жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етті.
Сонау 1980 жылы құрған «Дударай» халық фольклорлық ансамблі өнері өрісті, қасиетті өлкенің айнымас асыл киесі қонған шаңырақ деп қадап айтсақ, иненің жасуындай қателігі жоқ. Бәлкім, бүгінге дейін қырық жылдық тоқпақта алған асулары биік болса, сол киенің күші шығар.
Ақыл таразысына салып безбендесеңіз, ауыл ансамбліне майталман мамандардың келе қоймауы ықтимал. Сол себепті де, сахнаның көркін келтіріп жүрген бұрынғысы бар, бүгінгісі бар өнер иелерінің бәрі қарапайым адамдар. Ұстаздар, кітапханашылар, мәдениет қызметкерлері, тіпті қара жұмыс істейтіндер. Кім қайда істесе де, қандай мамандықты қаласа да, өнер атты ұлы күш бір шаңырақтың астында, өнер шаңырағының астында бастарын біріктіріп отыр. Мақсаттары – ортақ, армандары – бір.
Саралап қарасаңыз, күні бүгінге дейін ансамбльде үш буын алмасқан екен. Өмір заңы! Әуел баста 26 өнерпаз шоғырланған. Сол топ киелі сахнаға көрік берген, талантымен тамсандырған, әдемі ән, күміс күйлерімен рухани әлемнің мөлдір аспанын биіктеткен. Кейін аға буын өкшелерін басып келе жатқан жастарға орын берген. Ендігі кезек сендердікі дескен. Ақ баталарын беріп, білгендерінше жөн-жоба нұсқаған. Асылында өнер ұжымы болып қалыптасу, арман-мұрат бір арнада тоғысатындай етіп ұстап тұру қиынның қиыны. Айталық, репертуарға енгізілген шығарманы өз деңгейінде ұстау үшін де музыка тілін түсіне білуімен қатар, қасында отырған әріптестің де көңіл-күйін аулауың керек. Ансамбль мүшелерінің кейбіреулерінде арнайы білім болмағанымен, ішкі жан дүниесіндегі ұмтылыс зор болды, оған қоса, жетекшінің де педагог болғандығы, ұйымдастырушылық қабілетінің зор болғандығы игі әсерін тигізіп жатты.
Әділін айтар болсақ, халқымыздың ежелгі ұлт аспаптарында арнайы білімі жоқ, қарапайым адамдардың бірден ойнап кетуі тіпті де мүмкін еместей көрінетіні бар. Сондықтан, ән мен әуеннің қапысыз үйлесуі, селдеген сезімнің бір арнада тоғысуы оңай емес еді. Машық қалыптасу үшін тынымсыз еңбек қажет болды. Бұл жолда халқыма өнеріммен қызмет істесем деген ынта мен ықылас қана жеңбек. Бәлкім өнерге деген махаббаттың қуаты қосылса ғана мерейі үстем болмақ.
–Нұр-Сұлтан қаласындағы колледжді аяқтағаннан кейін ауылға оралып, өнер саласында еңбек етудемін, – дейді ансамбльдің әншісі Еркеназ Накен, – негізі эстрадалық әндерді орындаймын. Көңіліме туған жер, Отан туралы әндер жақындау. Әннің өзі тәрбие құралы. Біз елге арзан өнер емес, көңілге қонымды, жүрекке жігер беретін, тәлімі мен тәрбиесі басым шығармаларды тарту етеміз. Зайыры әркім өзінің бойына шақ, табиғатына жақын әндерді айтқаны жөн. Мәселен, кейде бір бес жасар балаға махаббат туралы ән орындататындар да бар. Бұл мүлде қате. Бала баланың әнін айту керек. Бірақ, ондай әндер аз. Көбіне аһ ұрған ғашықтық, жолы болмаған махаббат туралы жылауық әндер көп. Әр ән әдемілікке ғашық етіп, өмірге деген ынтызарлықты арттырса ғана құлаққа сіңімді болады.
Ансамбль жетекшісі алдымен ноталық сауатқа зейін қойды. Ансамбльдің әрбір мүшесіне шығарманы орындау үшін жеке-жеке үйретіп, қайта-қайта пысықтап, әбден пісіріп алған соң ғана ансамбльмен орындауға кіріседі. Осы арада бір айта кететін жай, шығарма қаншалықты күрделі болса да өз ыңғайларына жығып, жеңілдетіп көрмеген. Олай жасау обал. Өнер қиянатты кешірмейді.
Халық өнерін жан-тәнімен сүйген білімді музыкант Марат Әлімжанов өнер соқпағында тынымсыз өрлеу кезінде өзімен ниеттес, тілектес адамдарды тауып отырды. Олай болмаса, жұмыстан кейін әлденеше сағат бойы дайындық жасау әсте де мүмкін болмайды ғой. Әртүрлі вокалдық партияларды ондаған, жүздеген рет қайталап, пысықтауға кім шыдасын? Дес бергенде бәрі шыдады. Ұлы өнердің ұлағаты үшін. Ансамбль жетекшісі де орындаушылық шеберлікті шыңдау бағытында барлық мүмкіндіктерді қарастырды. Осы бір ойды түйіп айтқанда, бүгінгі биігіне шығу үшін әрбір өнерпаздың өнерге деген шексіз ықыласы көрініс тапты деп айтсақ та болар.
Әрқайсысы ұжымда өз орындарын тауып, өнердің өріс жаюына толымды үлес қосты. Заманында тамаша талантымен танылған А.Сәдуақасов мәдениет қызметкері еді, К.Тәшенова болса ұстаз, Р.Оразалина режиссердің көмекшісі, Г.Бекенова тәрбиеші, Ғ.Сәдуақасов мәдениет қызметкері.
Ендігі бір сөздің арнасы – репертуар хақында. Әлбетте, қазақ музыка өнерінің заңғар биігінде жұлдыз болып жанған Ақан сері, өнерімен еркелеген Біржан сал, аспандағы аққуға үнін қосқан Үкілі Ыбырай, ерлігі мен өрлігі шығармасынан көрініс тапқан байтақ елдің батыры Балуан Шолақ. Міне, осындай табиғат толайым талант сыйлаған ұлылардан қалған тәбәрікті туған еліне тарту еткен. Берідегі Дәулеткерей, Құрманғазы, Тәттімбеттердің күмбірлеген күміс күйлері Қорғалжын даласын шалқытқан. Оны аз десеңіз, Мараттың төл туындылары «Ой толғау», «Ерболаттың қуанышы», «Астана маршы», «Өркен жайған Астана», «Егемен Қазақстан», «Қорғалжын елім» тәрізді әндері бар.
–Репертуар таңдауда үлкен мән бар,–дейді Мараттың өзі, – шіркін бұрынғының бәрінің туындылары бірінен бірі өткен асыл ғой. Халық әндерінің жоғалмауына да сол себеп. Жоғарыда аталған дүниелермен бірге елдегі ақындармен де көп жұмыс істедік. Әсіресе, Сағындық Мұқанов, Мұқаш Асайынов, марқұм Смағұл Рахымбек тәрізді талантты ақындардың сөздеріне ән жазылды. Күні бүгінге дейін ұзын-ырғасы 200-ге таяу. Көбі үлкенді-кішілі сахналарда орындалып жүр.
«Дударай» халық фольклорлық ансамблі әлденеше дүркін облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты атанған. Ұжымның әнші, бишілері қай жерде өнер көрсетсе де тыңдарман қауымның тәуір бағасын алады. 1986 жылы «Халықтық» атағына ие болды. 1987 жылы бұрынғы Целиноград қаласында өткен «Родник» халық шығармашылығы фестиваліне қатысып, бірінші орынға ие болды. Фестивальдан кейін Алматыда өткен облыс күндеріне қатысып, тамаша өнерлерімен тәнті етті. Көкшетауда өткен поляк халық әндері фестивалінде бірінші орынға ие болып, лауреат атанды. Кейін Чехословакия, Польша елдеріне өнер сапарымен барып қайтты. 2005 жылы Мәлік Ғабдуллиннің тоқсан жылдық торқалы тойына орай ұйымдастырылған республикалық фестивальде лауреат атанды.
Жалауы жиі көтерілетін жеңісті де жемісті шақта ойып тұрып олжа алған, ақ түйенің қарны жарылған мерейлі сәтті жіпке тізгендей етіп айтып шығу оңай емес. Ең бастысы, халқының баға жетпес қазынасын, өрісті өнерін нәрлеп, әрлеп, насихаттаудан талмай келеді.
–Дубайда өнер көрсеткенімізде, арабтар біздің ансамбльдің орындауындағы шығармаларды жақсы бағалап, көңілдері құлады. Кейін жыл сайын шақыратын болды,–дейді Марат Әлімжанов, – әттең осындай сапарларға жиі шығып тұрсақ ұжым мүшелері де шыңдалып, ынтасы арта түсер еді. Оған мынау төрткүл дүниені жайлаған жаман тұмау жол бермей тұр ғой.
Қазіргі дамуымызға сай ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің қанат жаюына деген ыстық ықылас пен берік сенім бар. Жаман тұмау жан алқымыңнан алып тұрса да сан ғасыр бойы халқымызға рухани нәр, қуат беріп келе жатқан саф өнердің үзілмеуіне, үзілгеніңіз не, қайта жаңғырып, жасара жалғасуына қызмет етіп келе жатқан қарымды қажырларына шынайы көңілмен разы боларың анық. Ғажайып өнерден бастау алатын ұлттық өнердің жарқырап сәуле шашуы мәңгілік елге бет алған Қазақстанның гүлдене жаңарып, жасаруы үшін де қажет. Өйткені, ұлы өнердің ұлағаты жас ұрпақты жасампаздыққа тәрбиелеп, өз елін, жерін, сүйікті Отанын жан-тәнімен жақсы көруге баулиды емес пе? Қырық жыл бойы қасиетті сахнадан түспей, халқына қызмет етіп келе жатқан «Дударай» халық фольклорлық ансамблінің әуел бастағы көздеген мақсаты да осы. Өнері өспеген елдің өнегесі бола ма?! Ансамбль мүшелері негізгі шаруасын нықтай жүріп, әр күн сайын шеберліктерін шыңдауда. Сол үшін де мың алғыс айтуға болады. Бүгінде өнер, білім қарыштап өскен сайын мүмкіндік те көбейіп келеді. Онлайн концерттер ұйымдастырып, көп көңілін демеп, әдемі ән, көңілді күймен көкіректерін қуанышқа шүпілдетіп, рухани демеу болуда. Қорғалжынның төсінде бұлқынып ағып жатқан сансыз бұлақ тәрізді ұлы өнердің ұлағаты жас толқынның жан дүниесін сәулелендіріп, өлшеусіз азық болуда. Бұл азық тағы бір қайталап айтарымыздай, қырық жыл бойы тінін сөкпей, жібін үзбей жалғасуда.
Халқымыз «күн жаманы өтер» деген. Алда өнер өріс жайып, шұғыласы шырайланар кез де туар. Қырық жыл халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ұжымның алдынан күн, артынан ай туатын шаққа да жетерміз. Ең бастысы, шалқар шабыт пен замандастарының көңіл көкжиегін шырайландырудан шаршамайтын өнерге деген ұлы махаббаттары шарпылған шырақша жанып тұр.
Сахна төрінде ансамбль ән салып тұр. Кәдімгі «Әпитөк».
Қос қанат құсқа біткен, маған бітсе,
Бармас па ем, қалқатайға әлденеше…
Ғашықтық оты лапылдап жанғанда ет жүрегіңді елжіретіп шығар ғажайып сөз. Аһ ұрған өкініш, алаулаған арман. «Қос қанат құсқа біткен маған бітсе…» пенде шіркіннің ойлаған ойының бәрі оңынан орала берген бе?! Оған жету үшін де құстың қос қанатындай құдірет керек-ау!
Киелі Қорғалжыннан қайтып келе жатып жаңағы ән жолдары жадымызға қайта-қайта орала берді. Шіркін-ай, «қос қанат құсқа біткен маған бітсе…».
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қазақстан Республикасы Ақпарат
саласының үздігі.
Қорғалжын ауданы.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.