Көкшетау әуежайында әскери киім киген ерлердің арасында қыз-келіншектерді де кездестіруге болады. Олар ер азаматтармен қатар жауапкершілікпен еңбек етіп жүр. Жігіттердің кәсібін иемденген нәзік жандылардың алға қойған мақсаты айқын, қадамдары нық. Өжет және қайратты азаматшалар әйел затына тән мінез-құлықтарын жоғалтпауға тырысуда.
Жақында біз «Көкшетау» шекаралық бақылау бөлімшесінің сұлу да сымбатты қызметкерін әңгімеге тарттық. Әңгіме барысында «Бүркіт» ЕИС технигі Тахмина Олеговнаның осындай мамандықты неліктен таңдағанын және қызмет барысында кездесетін тығырықтар, одан шығу жолдары туралы білген болатынбыз. Ол мемлекеттік шекара қызметінде 2008 жылдан еңбек етіп келеді. Биыл осы салада тер төгіп жүргеніне 12 жыл болады. Тахмина келісім-шарт бойынша 2095 әскери бөлімшесінің «Ақтау-морпорт» шекаралық бақылау бөлімшесіне әскери қызметке шақырылған екен. 2015 жылы отбасы жағдайына байланысты Астана қаласының 2014 әскери бөлімшесіне ауысады, ал, 2016 жылдан «Көкшетау» шекаралық бақылау бөлімшесінде келісім-шарт бойынша әскери қызметін жалғастырады.
Тахмина отбасында сүйікті жар, аяулы ана. Бүгінде оның екі баласы бар. Бізбен әңгімесінде Тахмина бұл мамандықты әскери киім киюді армандағандықтан таңдағанын айтты.
– Әскер адамды ұйымшылдыққа, тәртіпке үйретеді. Бұл жерде байбаламға жол жоқ. Адамның бойындағы жақсы қасиеттер көріне бастайды. Алайда, жеке басқа, отбасына, бала-шағаға бөлінетін уақыт өте тапшы. Бірақ, уақыт өте келе адам бұл тәртіпке де үйрене бастайды, – дейді кейіпкеріміз.
Көкшетау шекаралық бақылау бөлімшесі.